Елордада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнап орталық ашылды. Инклюзивті білім беру орталығы ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру үдерісіне тиімді әрі нәтижелі түрде әлеуметтендіруге мүмкіндік береді.
№43 қосымша білім беру мектеп-орталығы негізінде құрылған ресурстық орталықтың ашылуына «Шеврон» компаниясы, «Дара» қайырымдылық қоры қолдау білдірген. Ұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, аталған орталық – мұғалімдерге оқу барысында инклюзия қағидаттарын жүзеге асыруға көмектесетін және білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларға оқу ошағында кедергісіз әлеуметтік орта жасауға бағытталған мектеп кеңістігінің бөлігі. Осындай орталықтардың негізінде балалармен жұмыс жүргізіліп, ата-аналарға кеңес беріледі, сондай-ақ мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.
«Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова ресурстық орталықта арнайы мамандар жұмыс істейтінін жеткізді. «Жалпы білім беретін мектептерде оқитын ерекше қажеттілігі бар балалар көбінесе мамандардың қолдауына, мезгіл-мезгіл демалуға және релаксацияға мұқтаж. Осының барлығы ресурстық орталықты ұйымдастыруда, психолог, логопед, дефектолог және басқа мұғалімдердің балалармен жұмыс істейтін кеңістікті әзірлеу кезінде ескеріледі. Осы тәсілдің нәтижесінде балаларға оқу үдерісіне қосылу оңайырақ», деді ол.
Мұнда даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін жалпы пәндердің мұғалімдері де, сондай-ақ ата-аналар да кеңес ала алады. Сонымен қатар ресурстық орталықта үйде оқытылатын балаларды әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа ресурстық орталық арнайы жиһаздармен және дамытушы материалдармен жабдықталған, онда эмоционалды демалу аймағы, жеке және топтық жұмыс аймақтары орналасқан. Алдағы уақытта № 43 мектептің психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметіне ерекше қажеттілігі бар 16 балаға қолдау көрсететін психолог, педагог-ассистент, әлеуметтік педагог, логопед-дефектолог кіреді.