Қазір әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қақтығыстың артында сыртқы күштердің астыртын қару-жарақ айналымын жүргізуі тұрғаны мәлім. Мамандар мұндай жымысқы әрекетті жүгендейтін бір ғана жол әскери ынтымақтастық аясында аймақтық қауіпсіздікті сақтау екенін айтады.
Еліміздің аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан мемлекет екенін бүгінде халықаралық қоғамдастық мойындап отыр. Мұның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жарғылық органдарына 2024 жылы Қазақстанның төрағалық етуі. ҰҚШҰ мемлекетіміздегі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақтық бүтіндік пен оған мүше мемлекеттердің тұтастығын сақтау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйымның құрамындағы Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Қазақстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде маңызды мәселелер атқарып келеді.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының төрағалық ету міндеті елімізге өтті. Минскіде өткен саммитте ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағыт айқындалды. Ең алдымен, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату қажет. Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас Ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынылып отыр. Сонымен бірге халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыта беру керек. Ұйымның есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізуге тиістігі, қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері де баса айтылды.
Дей тұрғанмен посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасындағы шиеленістердің күрделенуіне байланысты қоғамда Қазақстанның түрлі интеграциялық бірлестікке, әсіресе ҰҚШҰ-ға қатысты сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігіне қатысты сынның артуы, әсіресе қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейінгі ахуалға түпкілікті саяси немесе құқықтық баға берілмеуінен болған еді. Мәселен, «елімізге шетелдің әскери қызметшілерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім» немесе «біздің мемлекетті сол кезде Ресей құтқарып қалды» деген пікір көрші елде де айтылды. Мемлекет басшысы жыл басында ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ға берген сұхбатында бұл алыпқашпа әңгіменің нүктесін қойды.
«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды», деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда ҰҚШҰ-ның құрылтай құжаттарында, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта көрсетілген қағидаттарды түсінудің маңызы зор. Бұл қағидалар ұлттық егемендікті құрметтеуге, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпауға және сыртқы агрессияға ұжымдық жауап беруге баса назар аударады. Ұйымның егемендікке әсері немесе ішкі істерге араласуы туралы кез келген алаңдаушылық осы қағидаттарға сәйкес бағалануға тиіс. Сондай-ақ бұл халықаралық құқық ұйымға мүше мемлекеттерге өз міндеттемелерін, құқықтарын және көпжақты ұйымдарға қатысуының ықтимал салдарларын бағалау үшін негіз болатынын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды. Ел Президентінің пікірінше, ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.
– Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарларын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың маңызды бағыттары деп санайды. Әрине, бұл – өте құптарлық жайт. Қазіргідей геосаяси жағдайлардың күрделі кезеңінде халықаралық контингенттердің өзара ынтымақтастығы қажет екені түсінікті. Әрине, алаңсыз аймақ болмас. «Жау жоқ деме, жар астында» деген бабалар өсиеті, біздің сауысқандай сақтық пен қырағы қорғанысты мызғытпауға тиіс. Алайда қазіргі өркениеттің өзгеше өрнегіне сай әрекет қажет. Ол кез келген интеграциялық бірлестікте қазақтың ұпайы түгел, өзгеге өнеге болғаны маңызды.
Олжас ӘКІМОВ,
саясаттанушы