Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға бір реттік материалдық төлем беріледі. Алайда жәрдемақы бүкіл ел аумағын қамтымайды. Тек 5 облыстың әкімдігі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген батыр аналарға қаржылай құттықтау жолдамақ. Жәрдемақының жиынтығы өңірлердің бюджетіне қарай әртүрлі есептеледі, деп жазады Egemen.kz 1tvkz-ке сілтеме жасап.
Мәселен, Абай облысының әкімдігі 19 мың анаға, Шығыс Қазақстан облысының шенділері 4 баладан көп отбасыларға, І, ІІ дәрежелі ана даңқын иеленген келіншектерге 15 000 теңге көлемінде жәрдемақы төлеуді жоспарлап отыр.
Павлодар облысының ақ жағалылары да аналарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек.
Осындай сыйды Қарағанды облысындағы 7 000 әйел алса, Солтүстік Қазақстан аймағындағы 7600-ге жуық көпбалалы аналарға 18 000 - 36 000 теңге аралығында бір жолғы жәрдемақы төленеді.
Көпбалалы отбасылар тізімінде көш бастап тұрған Түркістан облысы әкімдігі 42 250 анаға материалдық сый жасайды.
Жауаптылар бір реттік жәрдемақы 7 наурызға дейін аналардың есепшотына түсетінін хабарлады.
Ал өзге аймақтың атқа мінерлері бұл тақырыпта үн қатпады.