Араб тілінде сөздің мағынасы оның түбірі қамтитын дауыссыз дыбыстар арқылы анықталады. Ал түбір болса, көбінесе үш дыбыстан құралады.
Араб тілінде екі бөлек түбір бар, біреуі – «к-б-р» (كبر) болса, екіншісі – «қ-б-р» (قبر). Яғни бұндағы түбірдің бірінші дауыссыз дыбысы қазақ тіліндегі бар екі дыбысқа ұқсайды.
«К-б-р» түбіріндегі бірінші «к» дыбысы жұмсақ болып келеді және «үлкен болу» деген мағынаны білдіреді. Мысалы, ол «Аллаһу акбар» («Алла ұлы») деген тіркесте кездеседі. Қазақ тіліне де осы түбірден жасалған кейбір сөздер енген. Мысалы, «тәкәппар». Ұлы моғол әулетінің өкілдері ішінде «Акбар» есімді билеуші танымал (Ұлы Моғол империясын 1556-1605 жылдары басқарған үшінші патша).
Осы түбірден жасалған «кәбир» («ұлы») сөзі – Алланың 99 сипатының бірі. Сондай-ақ ол Шығыс тарихында бірнеше атақты тұлғаның, соның ішінде басшылардың лақабы ретінде қолданған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын, Сафавилер әулетінің атақты өкілі І Аббас, Португалияның І патшасы Афонсу, Маурья мемлекетінің патшасы Ашока, т.б. Ғұламалардан Хасан әл-Кәбир есімді ақын, шешен, астроном (ХVІІІ ғасыр) өткен. Ақаңдар қатарлы татарда Түйкин Кәбир деген ағартушы жасаса (репрессияланған), біздің Шерағаңмен құрдас башқұрттың Кәбир Ақбашев ныспылы қаламгері бар.
Түркітілдес халықтарында «Қабира» немесе «Кәбира» (Кәрім – Кәрима деген сияқты) деген әйел есімі кездеседі. Қазақ ер кісі есімдерінде де «Кәбір» атауы ара-тұра ұшырасады. Ал енді араб тілінде дыбыс ырғағы мен екпінге қарай сөз мағынасы да өзгереді. Мысалы, «қ-б-р» түбіріндегі бірінші дауыссыз жуан айтылса, ол «жерлеу» деген мағынаны білдіреді. Ол сөз қазақ тілінің сөздік қорына да еніп, «қабыр» немесе қабір деп жазылып жүр.
Сондықтан осы екі түбірдің мағынасы екі бөлек болғандықтан, оларды ажырата білу керек.
Самал ТӨЛЕУБАЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, арабтанушы