Бүгін Үкімет отырысында Алматы қаласындағы жер сілкінісіне қатысты жағдай қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қазіргі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты Республикалық және өңірлік жедел штабтар құрылып, 384 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы «жедел желі» жұмыс істеп жатыр.«Оқиға болған күні қабылдау пункттерінде үш мыңға жуық адам орналасты. Әкімдіктермен қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеру жалғасып жатыр. Сел қаупі бар аумақтарда аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Алгоритмге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды», деді Ш.Әрінов.
Қазір ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігі профилактикалық жұмыстарды әлі де жалғастыра береді. Алматы қаласы бойынша барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.