Не көп, интернет жөнінде әңгіме көп. Ақпараттың алапат көзі екенін алдымен айтамыз. Қайдағы-жайдағының қоясын қопарып, керектіні де, керексізді де қоярда-қоймай қойынға тығып, ойыңа сұғып, ақыл-есті алатынын да айтамыз. Адамның шақшадай басының шарасынан шыға қалатындай шаруа емес сияқты көрінетін сол интернеттің өз ішінен өріп жататын өскіндері тағы бар ғой. Олардың бірі – YouTube. Көр-жерді көйіте береді деп кемсітуге қанша тырысып бақсақ та, бүгінде жұрттың жаппай көріп жатқаны дәл осы YouTube екенін мойындамаудың жөні жоқ. Бірыңғай жамандықтан, кемістіктен тұратын еш нәрсе болмайды мына әлемде. Интернет – ғажайып қазына. Ала білген адамға YouTube-тың ішінен оқығанды ойға қалдырмай қоймайтын орасан ауқымды ақпарат та, жан дүниеңді жадыратар әсерлі әңгіме де молынан табылады. Біз бүгін сондай игілікті іс жайында айтқалы отырмыз.
Орал Таңсықбаев туралы кітап жазып жүргелі бері Өзбекстанға қатысты әңгіменің бәріне бөлекше ықыласпен құлақ түретін әдет тапқанбыз. Ташкентке үш рет барып қайттық. Нөкіске де жол түсті, Мәскеуге сапарлаған сайын қолға іліккенді сүзіп қайтатынбыз. Сондай ізденіс интернетке де жиі-жиі жүгінтеді. Ташкенттен таратылатын YouTube-арналардың бірінде түркітектес халықтардың тарихына, мәдениетіне арналған бағдарлама бар. Біз көрген кейінгі бір шығарылымның кіріспесінде «Таяудағы сұхбатымыз татарларға арналған еді», дейді әріптестеріміз. Ағайындарымыз бұл тақырыпты жоспарлы, жүйелі түрде қаузап келе жатыр. Сөз басында жүргізуші «Түркілер туралы, Орталық Азиядағы ағайындас халықтар туралы әңгімелегенде, тіпті, жанымыз жадырап кетеді», дейді.
Соны айта отырып, «Әйтсе де, объективті және субъективті себептерге байланысты біз тәуелсіздіктен кейін де онша жақындаса алмадық. Орталық Азия мемлекеттерінің интеграциясы, біздің елдеріміздің бірігуі, күшеюі, неге екені белгісіз, кешіге берді. Әлхамдилла, болатын нәрсе болмай қоймайды екен, 2016 жылдан кейін біз қайтадан табыса түстік. Самарқанд көшелерінен тәжіктерді, Ташкент көшелерінен қазақтарды, қырғыздарды көргенде қатты қуанып қаламыз» деп келеді де, осы мәселеге маманданған сарапшы – профессор Гайбулла Бабаяровты әңгімеге тартады. Бұл жолы таңдалған тақырып – қазақтар.
Түркі тектес халықтардың қатарына қазір ірілі-кішілі 32 этнос кіретінін тілге тиек ете отырып, жүргізуші әңгіменің әлқиссасында қазақтардың дербес атаулы этнос ретінде қай заманнан тарих төріне көтерілгенін сұрайды. Г.Бабаяров қазақтардың XV ғасырдың орта шенінде Әбілқайыр ұлысынан ірге көтергенін, Керей мен Жәнібек сұлтандардың өзіне қарасты жұртты соңына ертіп, Жетісу жерінің Шу өңіріне қоныс тепкенін, сол жерде Қазақ хандығын құрғанын айтады. Алты жүз жылға жуық дербес тарихтың бастау-бұлағында үлкен ұлыстан бөлек шыққан жұрттың басты белгісі ретінде орныққан «қазақ» этнонимі бара-бара аясын кеңейтті, дейді Г.Бабаяров. Сарапшы әуелдегі біртұтас түркі жұртының оныншы ғасырдың о жақ, бұ жағында ара ажырата бастағанын, оғыздардың бір бөлігі жаңа жер іздеп, Анадолы аймағына аттанғанын, бір бөлігі атамекенде қалып, түрікмендер атанғанын, ал Орталық Азияда орныққан ағайынның Дешті Қыпшақ жеріне ие болғанын айтады. «Дешті Қыпшақ жерінің басым бөлігін қазақтар иеленді, сол өңірлерде қалыптасқан Қазақ хандығы ғасырлар бойы өмір сүріп келді», дейді сарапшы. Оның бұл арадағы түпкі ойы этностардың бірте-бірте ірге айыруы табиғи-тарихи үдеріс, ал қазақ пен өзбек сол үдерісте ең соңынан ара-жік ажыратқан халықтар еді дегенге тіреледі. Сұхбаттасушылар әуелде тарих жолын бірге бастаған бауырластардың ара-жік ажыратуы әбден қалыпты жай екенін орынды ескертеді. Мәселе бір халықтың екінші бір халықтан бөлініп шығуы жөнінде емес, мәселе халықтың бөлінуі жөнінде болып отырғанын басын аша айтады. Мұндай үдеріс кейін біздің даламызда Ноғайлы дәуірінде орын алғаны жақсы белгілі. Қазақ пен ноғайдың жылап айырылысқан оқиғасы «Ел айырылған» күйінде өшпес ізін қалдырды. Байтақ ортақ мұрамыз бар. Ағайындарды тыңдасаңыз, «Творившие в период ногайской государственности (15-17 вв.) ногайские поэты: Сыбра-йырау, Асан Кайгы, Шал-Кийиз Тиленши улы, Досмамбет Азаулы, Казы-Туган Суиниш улы создали бесценные литературные произведения» болады да шығады. Олардың жырларын өзіміз Мәскеуде оқып, көшірмесін жасап алған «Поэзия аула» кітабынан, біздің қолымыздағы екі томдық «Антология дагестанской поэзии» жинағынан таба аламыз. Осының бәрі туыстас халықтардың тарихы қандайлық қойындасып жатқанын тағы да таныта түседі. Бұл арада мектеп оқушыларына да белгілі жайды еске салып өтуге тура келеді. Ресейдің орталықтанған мемлекет ретінде 862 жылдан қалыптаса бастағанын, сол жылы новгородтықтар елге бас ие болуға сырттан адам шақырғанын жақында ғана шетел журналисіне берген сұхбатында «пригласили на княжение князя Рюрика из Скандинавии, из варягов» деп нақтылап тұрып көрші елдің басшысының өзі айтты. Нестор жылнамасында келтірілген ол хаттың «Земля наша велика и обильна, а порядка в ней нет. Приходите княжить и владеть нами» деген сөзі тарих туралы кітаптың талайында бірінен біріне ауысып жатады. Сөйтіп жүріп Киев Русінде басы қосылған жұрттың бара-бара великоросстар, малоросстар, белорустар күйінде үш халық болып қалыптасқаны белгілі. Мұндай мысал толып жатыр. Әуелде тарих сахнасына парсылар күйінде көтерілген ежелгі халық кейіннен ирандықтар мен тәжіктерге айналған. Оңайлатып сөйлесек, шииттері ирандықтар, сүнниттері тәжіктер болып кетті. Екі халық та Рудаки, Фердоуси, Омар Һайям, Сағди, Хафиз, Руми, Жәми сияқты ұлы тұлғаларды өз бабаларымыз деп біледі.
Әңгімеде біздің тарихымызға қатысты талай мәселе қозғалған. Ағайындарымыздың қазақ жүздері туралы айтқанына тоқталып өтейік. Жүргізушінің «Рулар бәрімізде бар, ал жүздер тек қазақта бар. Мұның мәні қалай?» деген сұрағына сарапшы Ұлы жүздің, Орта жүздің, Кіші жүздің орналасқан аймағы, кейбір ерекшеліктері туралы толымды жауап қайтара келіп, «Әсілі, қазақтар үш жүзге бөлінбейді, қазақтар үш жүзден құралады. Бұл айырылысу емес, бұл бірлесу» деп айтқанын естігенде әбден-ақ айыз қанады. Қазақ хандығының әскери әлеуеті жөніндегі нақты деректері де сүйсінтеді. «Бабыр Қасым ханның заманында қазақтар әбден дәуірледі, ірі, салтанатты мемлекетке айналды, 300 мың адамдық жасағы бар еді деп жазады. Бабырдың өзі Үндістанға 12 мың адамдық жасақпен аттанған. Шайбани 60 мың адаммен бүкіл Орта Азияға әмірін жүргізіп тұрған», дейді Г.Бабаяров. Жүргізушінің «Бұл қалайша?» деп таңданған сұрағына «Оларда әрбір отбасы жауынгер шығаратын. Өйткені бәрі көшпенді. Әрқайсысы атқа жақсы отыра алады, әрқайсысы бес қаруын белінен тастамайды. Қай кезде де ұрысқа даярлығы күшті болған. Сол үшін де керек кезде 300 мың адамдық әскер жасақтауға шамасы келген» деп жауап қайтарады.
Профессордың «жүз» сөзінің арғы тегі туралы өзіндік тұжырымын да пікір тұздығы ретінде ортаға сала кетейік. Оның айтуынша, «жүз» арабтың «бөлік», «үлес» деген мағына беретін сөзінен шыққан. Мұны үзілді-кесілді тұжырым демейді, «Осындай да пікір бар. Өйткені расында да қазақ халқы ежелде үш бөліктен құралған» деумен ғана тоқтайды. Жүзге тарамдалу қажеттігі неден туған? Бұл сұраққа да жауабы дайын. «Өйткені қазақтардың жері кеңейіп кетті, Жетісу жақта тұрып, сонау үш мың шақырымдағы Атырауды, Сібір жақ беттегі өңірлерді басқару қиынға айналды. Мұндай басқару тәсілі баяғыдан бар. Қарахандарда да, Түрік қағандығында да осылай болған. Сөйтіп, қазақ билері бас қосып, құрылтай өткізіп, батыс жақ бетіміз бір жүз болсын, ортадағы жұртымыз бір жүз болсын, шығыс беткейдегі өңіріміз бір жүз болсын деген тоқтам жасаған. Алып даланы жүздерге бөліп басқармаса, басқаша басқару қиын еді. Жүз – әкімшілік бөлініс. Шығыс жақ беттен жау тисе, Ұлы жүз Орта жүзге, Кіші жүзге адам шаптыртады, мұнша қол алып, келіңдер, бірлесіп тойтарыс берейік дейді. Қазақтардың ауызбіршілігі күшті. Мәдениеті бірдей, диалектісі жоқ».
Қазақ пен өзбек руларының ортақтығынан туыстық тінін табу қисыны да көкейге қонады. Бұл үшін екі халықтағы ірі-ірі жиырма шақты рудың аттары келтіріледі: «Қаңлы, қыпшақ, қоңырат, найман, жалайыр рулары өзбекте де, қазақта да бар. Бәрі Орталық Азияның ортақ қазанында қайнаған. Ал айталық, түрікмендерде басқаша. Оларда оғыздар заманынан келе жатқан теке, жәуміт, ерсары, шәуілдірлер бар. Ру сұрасу қазірге дейін Өзбекстанның кейбір жерлерінде де кездесіп қалады. Самарқанда, Тасқорғанда, басқа да жерлерде, мысалы, наймандар көп. Өзбек, қазақ деген тарих сахнасына шықпай тұрғанда, сонау оныншы ғасырдың өзінде Найман хандығы бар еді ғой. Наймандар қарақытайларға да қысым көрсеткен. Қоңыраттар да көп. Жиырмасыншы ғасырдың бас жағындағы халық санағында 134 мың өзбек қоңыраттары есепке алынған. Қазір олардың саны миллионнан асып кетті. Қоңырат этнографиясы, өнері, бақшылығы, дастаны деп сөйлейміз. «Алпамысты» қоңыраттардың тайпалық дастаны деп санаймыз. Яғни біздің бір дарақтың бұтақтары екенімізді осы рулардың ортақтығы да анық көрсетеді. Тағы бір дәлел келтірейін. Қазақтарда аса ірі арғын тайпасы бар. Сол тайпадан шыққан Нұрлан Салтаев деген бір ағамыз, өзі тарихшы болмаса да, өткен замандарды жақсы біледі. Кейде әңгіме кезінде әркім тарихты әр жаққа тартқылап жатса, ақиқатын айтып, бірлікке шақырып, жұртты жарастырып отырады. Арғындардың Шайбаниден жеңілгенде Бабырмен бірге кетіп қалғандары да бар. Ауғанстанда билік құрған арғындар көп. Олар өздерін өзбек те, қазақ та демейді, түркі арғындармыз дейді. Қазір кезінде Үндістанға өткен арғындар Кашмирде тұрады, тіпті Тибетте де бар. Негізінде хинд тілінде сөйлегенімен, түркі тілін де сақтап қалған. Соларды біздің тарихшылар барып зерттесе жөн». Ғалымның Кіші жүздегі рулардың талайы өзбекте де бар екенін, мысалы, жетіруға кіретін кердері, керейіт, жағалбайлы, табын, тама, телеу, рамадан руларының өздерінде де дәл сол атымен аталатынын айтатыны да әсерлі. Білу бар да, бөлу жоқ. Бәрі бір өзбек. Біртұтас ұлт. Ру демекші, Г.Бабаяров қазақтардың өз руының ішінде қыз алысып, қыз беріспейтініне де назар аударып, ағайын арасында қан араластырмайтынын аса тәнтілікпен әңгіме еткенін де қоса кетейік. «Мысалы, Алматыға оқуға барған руы шөмекей қызына анасы: «Сен ол жақта жүргенде шөмекей жігітпен көңіл қосып қалма» деп қатты ескертеді. Қызы соны ескереді. Осындай қасиет белгілі бір руларға ғана емес, бүкіл ұлтқа тән болып келеді». Әрине, сырт көзбен қарағаннан кейін ағайындарымыз асығыстау тұжырымдарға да орын беріп қалады. Айталық, «Екі миллион найман бір-бірімен қыз алыспайды» дейді. Бұл арада тайпа мен ру ұғымын ұластырып жіберу байқалады. Оның үстіне ірі рулардың көбейіп, кең қанат жайып кететіні, соған байланысты белгілі бір атаға дейін олардың арасында қыз алысып, қыз берісу кездесетіні белгілі. Бірақ, бәрібір, өзбек ағайындардың қазақтың ет жақын жандармен қан араластырмайтын дәстүрін құрметтейтіні осы әңгімеден келісті көрініп тұр.
Әңгіме барысында біздің көңілімізді толқытқан тағы бір жай – қазақ даласындағы алапат ашаршылықтың ағайындық жан ашуымен айтылуы. «Кеңес дәуіріндегі ашаршылық кезінде қазақтардың жартысы қырылып кетті. Нағыз геноцид десе болады. Үш миллион адам өлген», дейді Г.Бабаяров. Алихан Тураноғлы «Түркістан қайғысы» атты кітапта: «Шығыс Түркістанға, Құлжа жаққа бара жатқанымда, Шымкент, Тараз, Меркі жолының екі бетінде өліп жатқан қазақ балаларын көп көрдім» деген екен. «Бізде де сол кезде қиыншылық болды, бірақ қанша дегенмен, жер емген халықпыз ғой, оны-мұны талшық қылып, амалдап аман қалғанбыз. Ал қазақтардың қолынан малын алып қойғаннан кейін, жылқылары қырылған соң сондай бір сұмдықты бастан кешті».
Сұхбаттасушылардың біздің халқымыз сан түрлі себептермен біраз жерінен айрылып қалды деген әңгімесін ағайынның жанашырлығы деп қараумен шектелейік. Г.Бабаяров Қорған, Қосағаш, Омбы, Түмен сияқты жерлер Ресейге өтіп кетті деп санайды. Астраханды, Орынборды еске салып, Орынбордың жиырмасыншы ғасырдың басында қазаққа астана болғанын да айтады. «Қазір Қазақстанның солтүстігі орыстың жері еді деп сөйлейтіндер де табылып қалады. Бұл атымен жалған сөз. Тынымсыз насихат талмай жүре бергеннен кейін кейбіреулер оны жаны бар сөз деп те ойлауы мүмкін. Мұның бәрі тарихты оқымағандықтан. Жалпы, түбі бір түркілер үшін атамекен болған жердің шетін біреулер даулап жатса, әрине, біз, яғни өзбектер де ашынамыз».
Әңгіме барысында «қазақ» этнонимінің шығу тегіне байланысты болжам да ортаға салынған. Бабырдың қолдағы биліктен айырылған, бірақ әлі Үндістан асып кете қоймаған кезін «қазақлық дәуір» деп атағанын, дәл сол сөзді Хұсайын Байқараның «қазақлықта жүру» деп қолданғанын тілге тиек ете келіп, «қазақ» сөзі «еркін, көшпелі, ешкімге мойынсынбаушы» деген мағына беретінін айтады да, «өзбек» этнонимінің тегін «өзі бек», яғни өзіне өзі бек адам деген мағынаға ұластырады, сөйтіп, о бастан тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған қос халықтың атауынан да ұқсастық, туыстық табады. Бұл арасының анық-қанығын тарихшы, тілші мамандар ажырата жатар, бірақ туысқандарды тұтастыруға көмектесетін мұндай тұжырымдардың артық болмайтыны талассыз. Әйтпесе, «өзбек» атауы Алтын Орда ханы Өзбекпен байланысты деген пікір ғылымда берік орныққаны мәлім.
Сұхбатқа қатысушылардың ағайындас халыққа деген ақеділ көңілі кім-кімді де разы етпей қоймайды. Таза ғылыми тұрғыдан, биік талаптармен қарағанда кей тұсында көңіл қоңылтақсып қалатынын, әңгімеде көбіне бесенеден белгілі жайлардың қайталанатынын өзіңіз де көріп отырсыз. Солай екен деп, осындай бейнематериалдарға шекеден қараудың жөні бар ма? Жөні жоқ. «Өзбек халқында да қазақтың рулары сияқты рулар бар екенін енді біліп отырмын» деген сияқты пікір жазатындарды кітап тұрмақ, газет оқу азайып тұрған қазіргідей заманда бұрынғыдай бірыңғай жазғырудың жөні бар ма? Жөні жоқ. Жалпы, насихат та, үгіт те ғалымдарға арналмайды, ең алдымен орташа деңгейдегі оқырманға, көрерменге, тыңдарманға арналады. «Очерки по истории и нумизматике Западно-Тюркского каганата» сияқты іргелі зерттеудің авторы ретінде танымал маман, тарих ғылымдарының докторы Гайбулла Бабаяровтың әлеуметтік желінің ерекшелігін ескеруі, күрделі мәселелерді қарапайым, жатық тілмен, барынша ұғынықты мысалдармен түсіндіруі өте орынды. Бұл тұрғыдан біз сөз етіп отырған материалдың діттеген жеріне жеткені даусыз. Интернет жүйесі арқылы қазір кеңінен тарап жатқан бейнематериал желіге салынған 24 ақпаннан бергі алғашқы сегіз күннің ішінде, яғни 3 наурызға дейін 92 мың рет қаралғаны, оған 1200-ден астам пікір жазылғаны – осы ойымыздың даусыз дәлелі.
Мақаланың осы тұсына тақалып, ойымызды түйіндегелі жатқанда, 1 наурызда – Алғыс айту күнінде, дәл сол ютубтан тағы бір бейнесұхбатты тыңдап-көріп қалдық.
Бұл жолғы материал негізінен Бауыржан Момышұлына арналыпты. «Негізінен» дейтініміз – бір жарым сағаттық әңгіме бастан-аяқ Бауыржан Момышұлының батырлығын баян етпейді. Сұхбаттасушылар Екінші дүниежүзілік соғыстың бастапқы сипаты, Мәскеу түбіндегі жеңістен кейін майданда қалыптасқан ахуал туралы да мол мәлімет береді. Ол жағына тоқталып жатпай-ақ қоялық. Біздің айтпағымыз – өзбек бауырларымыздың қазақ халқының ұлы баһадүріне көрсеткен құрметінің қадір-қасиеті, мән-маңызы.
Бағдарламаға қойылған тақырып – «Өзбек ағайын Бауыржан Момышұлы мен ҰОС туралы шындықты айтты». «Бу теңсиз қахрамон одам» – салған беттен Бауыржан жайында осылай деген сарапшы өз ойын нақты дәлелдейді. Әсіресе Баукеңнің Мәскеу түбіндегі ерлігінің мән-маңызы айшықты ашылған. Немістердің қала іргесіндегі жиырма шақты шақырымдық жерге келіп, Кремль мұнараларын дүрбімен көріп тұрғанын, сол кезде Панфилов дивизиясы құрамында Бауыржан басқарған полктың 27 рет шайқасқа түскенін тәптіштеп әңгімелейді. Әсіресе Волоколамск түбінде Матрёнино селосы үшін болған үш күнгі шайқастан кейін қоршауда қалып, сол қоршауды бұзып шығып қана қоймай, дұшпанға қайта-қайта ойсырата соққы жасағанын айыз қандыра айтады. Сұхбаттасушылар 1942 жылдың басында Мәскеуді қорғаудағы ерлігі үшін Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, бірақ ол атақ Баукеңе берілмегенін әңгімелей келіп, ол даңқ 28 гвардияшы-панфиловшылардың үлесіне жазылды деп санайтынын жеткізеді. «Жиырма сегіз адамның немістің 18 танкісін жандырып жібергені жөніндегі аңыз – абсурд», дейді тарихшы. «Егер кеңес және орыс тарихшыларының аздаған ар-ожданы болса, Мәскеуді қорғаудың шын қаһарманы ретінде біздің бауырымыз Бауыржан Момышұлыны тануы керек еді», деп кесіп айтады. Бұл ара 28 панфиловшы жауынгердің аңызға айналған ерлігінің шындыққа қаншалықты сәйкес келетіні жөнінде соғыс мамандары мен тарихшылар әлі күнге басын аша алмай жүрген дау-дамайды қозғап жататын жер емес, әрине. Бірақ Панфилов дивизиясының Мәскеуді қорғап қалудағы шешуші рөлінің шындығы толық айтылмай келе жатқаны айдан анық. Басқасын былай қойғанда, 1941 жылдың күзінде Қазақстанда жасақталған, ұрысқа Мәскеу түбінде кірген дивизияның айналасы бірер айдың ішінде вермахтың қуаты жөніндегі түсінікті теңселтіп жібергенін, 1939 жылдың қыркүйегінен бері бір елде, бір жерде тоқтау көрмеген фашистердің тұмсығын дәл сол тұста тасқа тигізіп, немістердің бетін қайтаруға болады екен, тіпті оларды жеңуге болады екен деген ұғымды алғаш рет санаға сіңіргенін, осы арқылы бүкіл кеңес әскерлерінің бойына ғажайып сенім күші қосылғанын еске салсақ та, сол аса маңызды психологиялық еңсеруді бастап берген дәл Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия екенін айдай әлемге анық айта аламыз. Осының бәрін сондайлық мақтанышпен, сондайлық біліктілікпен әрі әсерлі («Бауыржан біздің де батырымыз!» деп сөйлейді) әңгімелеп отырған ағайындарға қалай сүйсінсек те жарасады. Желіге 1 наурызда салынған хабарды алғашқы екі күнде 45 мыңнан астам адам көріп үлгергені, сол кезге дейін 500-ге жуық пікір жазылып қалғаны өзбек бауырларымыздың бұл бағдарламасы да өз мақсатын орындағанын айғақтайды.
Сонымен, мақалада біз сөз еткен қос сұхбаттан шығатын қорытынды қандай? Оны пікір білдірушілердің бірі айтып та қойған сияқты. Былай дейді: «Біздің тарихшылар қайда? Қандай да бір мағлұматтардың бәрі ақпарат құралдарының айнасына айналған осы интернет жүйесінде тарайды. Халық керегінің бәрін осы жерден көріп, оқып-біліп, алып отыр. Біздің тарихшы, әдебиетші ғалымдар осы жерден табылуы керек! Қазір кітап оқитын адамдар аз! Өзбек ағайындар білімділерін көпшілікке шығарып, таныстырып отырады. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе тарихшылар көп мағлұмат берулері керек!». Ойланатын-ақ жай. Ара-арасында айтқан өсекті, атқан кесекті, жатқан төсекті теріп те кететіні үшін кейбіреулер тіпті «өсектор» атандырып жіберген әлеуметтік желінің әлеумет әлеуетін ортақ мақсатқа бұру, танымдық тақырыптағы толғаныстарға, тарих тағылымымен тәрбиелеуге қызмет ететін сұхбаттарға көбірек көңіл бөлу, олардың арасындағы таңдаулыларына ақпараттық қолдау жасау, бәлкім, тіпті мемлекеттік тапсырыс беру жөнінде қарастыратын мәселе қордаланып қалған сияқты. Өкінішке қарай, мұндай ұсынысқа «Ендігі жетпегені идеологияны әлеуметтік желі арқылы жүргізу еді. Онда кімдердің отыратыны белгілі ғой» деп қарайтындар табылатынын осы бастан-ақ болжай беруге болады. Бұл орайда біздің кезінде Шыңғыс Айтматовтан алған сұхбатымыз («Егемен Қазақстан», 2003 жыл, 26 сәуір) ойға оралады. Интернет – жаһандану жемісі. Әлемге әйгілі жазушы жаһанданудың басты белгісі прагматизм екенін айта келіп, «Жаһандану жағымды нәрсе ме, жағымсыз нәрсе ме деген өнбес даудан осы бастан аулақ болған жөн. Бұл жетіскендіктен келген нәрсе емес. Кез келген құбылыстың жағымды жағы да, жағымсыз жағы да болады. Жақтырмаймын деп жиырылып жатып алғаннан өзіңе жамандық жасағаннан басқа ештеңе шықпайды» деген болатын. Сол айтқандай, әлеуметтік желіні жақтырсаңыз да, жақтырмасаңыз да, онымен есептесуге, сонымен бірге өмір сүруге тура келеді. Ең абзалы – оны мемлекет мүддесіне пайдаланудың тетігін табу.
Апта айналмай жатып, ұзын саны бір мыңнан асып кеткен пікірлердің барлығында дерлік авторларға шын көңілден разылық білдірілген, өздері үшін беймәлім болып келген жайлардан жан-жақты хабардар еткені үшін ақ алғыс айтылған. «Катта рахмат. Аниқ айтиб, ёшларга бирдам булишига, биродорликка, дустликка ва бир бирига мехр билан карашга муоффақ булдик. Яшанг узбек жигарларим», «Қазоқ бауырларимизни яхши корамиз. Жонилар сог босин. Яшасин Турон. Биродар халқ», «Илик гап инсонни бир бирига якинлаштиради», дейді өзбектер. «Өте керемет, тамаша сұхбат. Біз біргеміз!», «Өте дұрыс айтасыздар! Біз барлығымыз жақын халықтармыз! Елдеріміз тыныш, халықтарымыз аман болсын!», дейді қазақтар. Айтқандары келсін!
Иә, ағайындардың екі жақтап жарыса жазып жатқан жүрекжарды разылық сөздері тәнті етпей қоймайды. Түптеп келгенде мұндай әңгімелер бауырластығымыздың барған сайын бекемделе түсуіне септесетіні, сол арқылы қазақ-өзбек достығына дем беретіні талассыз. Сөз соңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында бас газетке берген сұхбатына үн қосқан «Тағылым» атты шағын мақаламызда («Egemen Qazaqstan», 2024 жыл, 3 қаңтар) айтылған ойды тағы бір еске салып өткіміз келеді: «Адамның күні адаммен болса, халықтың күні халықпен».
Әсіресе, көрші халықпен.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ