• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 06 Наурыз, 2024

БҰҰ зерттеуі: Электронды үкімет

475 рет
көрсетілді

Кейінгі он жылдықта электрондық үкімет әлемде қарқынды да­мып келеді. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елі электрондық үкі­мет­­ті қолдана отырып, үкімет пен қызмет алушылар арасындағы қа­ты­­нас­тар динамикасын жылдан-жылға арттырғаны байқалады.

Дегенмен барлық ел электрондық үкіметті дамыту есебінен тұрақты табыстарға қол жеткізе алмайтыны түсінікті. Алайда әрбір елдің артықшылығы мен кемшілігі пропорционалды емес екенін айта кеткен жөн. COVID-19 пандемиясы аймақтық, ұлттық және жергілікті деңгейде мемлекеттер мен ел ішіндегі электронды үкіметтің алшақтығын одан әрі үлкейтті. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті әрбір екі жылда әлем мемлекеттері арасында электрондық үкіметтің дамуына зерттеу жүргізеді.

«БҰҰ зерттеуі: Электронды үкімет 2022» деректеріне сүйенетін болсақ, Электрондық үкіметтің даму индексі (EGDI) өте жоғары елдер тобы алдыңғы зерттеу басылымындағы мемлекеттер тобымен бірдей екені баяндалады. Әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына Дания, Финляндия, Корея Республикасы, Жаңа Зеландия, Швеция, Исландия, Аустралия, Эстония, Нидерланд, АҚШ, Сингапур сынды елдер кірген. Азия елдерін жеке қарастыратын болсақ, жаһандық рейтингте Азияның 22 жетекші мемлекеті өте жоғары көрсеткішке ие.

 

Корея Республикасы, Сингапур, БАӘ, Жапония электрондық үкіметті дамыту саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарына енген. Жаһандық рейтингте Корея Республикасы (3-орын), Сингапур (12-орын), Біріккен Араб Әмірліктері (13-орын), Жапония (14-орын) электронды үкіметті дамытуда көшбасшылар болса, ал Йемен – 178, Ауғанстан – 184 және Корея Халықтық Демократиялық Республикасы – 180-орыннан көрінген. Қазақстанға келетін болсақ, бұл рейтингте еліміз әлемде 28-ел болып, EGDI көрсеткіштерінің орташа мәнін 0.8375-тен 0.8628-ге арттырған.

Қазақстан үкіметі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлық трансформация үдерісін кеңейтуді және жеделдетуді жоспарлап отыр. Кейінгі бірнеше жылда елімізде Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымында айтарлықтай жаңалықтар болды. 2018 жылы шамамен 55 ауылдық елді мекенде тұратын 100 мың адам интернетке қол жеткізсе, 2020 жылы Үкімет 741 елді мекенге желі тартылып, электронды үкімет қызметін қолданушылар саны 800 мыңға дейін өскен.

БҰҰ-ның бұл зерттеуінде мамандар көңіл бөлген тақырыптарының бірі – жергілікті электрондық үкіметті дамыту. Осы мақсатта БҰҰ «Жергілікті онлайн қызметтер индексін» (LOSI) арнайы жариялап келеді.

Аталған зерттеуде қалалардағы электрондық үкіметтің даму мәліметтері жеке көрсетілген. Тез әрі қолайлы форматта жұмыс істейтін порталдар қалада тұруды жайлы етіп, тұрғындардың өмір сапасы деңгейіне оң әсер ететіні сөзсіз. Зерттеудегі қалалар рейтингін құру барысында мамандар әрбір мемлекеттің халқы ең көп шаһарларын арнайы таңдап алған.

БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті алғаш рет жергілікті электрондық үкіметтің бағалауын 2018 жылы зерттеуге енгізді. 2018 жылғы қанатқақты зерттеу 60 көрсеткіш негізінде бағаланған 40 қаламен шектелсе, 2020 жылғы басылымда қалалар саны 100-ге көбейіп, 80 көрсеткішке дейін кеңейді. Ал 2022 жыл­ғы басылым әлем елдері қалаларын барынша тарту мақсатында 193 мемлекеттегі қалалар көрсеткішін бағалайды.

2022 жылғы индексте бес критерий бойынша 86 көрсеткіш қам­тыл­ған. Олар: институционалдық құрылым (8 көрсеткіш), мазмұнды қамтамасыз ету (25 көрсеткіш), қызмет көрсету (18 көрсеткіш), қатысу (17 көрсеткіш), технология (18 көрсеткіш). Институционалдық құрылым муниципалды электрондық үкімет стратегиясына, ұйымдық құрылымға, ақпарат пен құпиялылыққа қол жеткізуді реттейтін заңнамаға және ашық деректер саясатына бағытталған. Мазмұнды қамтамасыз ету критерийінің негізгі мақсаты – мемлекеттік ақпараттың онлайн режімде қолжетімділігін анықтау. Қызмет көрсету мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтыса, қатысу критерийі жергілікті басқару құрылымдарына жұртшылықтың қатысуы үшін өзара іс-қимыл мен мүмкіндіктер тетіктерінің, тың бастамаларының болуын бағалайды. Технологиялық аспект порталдың пайдаланушыларға қолжетімділігін анықтау үшін техникалық мүмкіндіктерге назар аударады.

 

Кестеден көріп отырғанымыздай Мадрид пен Берлин алдыңғы қатар­дағы қалалар санатында болса, одан кейін Таллин мен Копенгаген шаһар­лары көрсетілген. Дубай, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж көрсеткіштері бір­дей. Сингапур мен Шанхай қалаларының да көрсеткіштері жоғары. Жер­гілікті онлайн қызметтер индексі жоғары қалалар қатарына Алма­ты қаласы да енген. Жалпы алғанда әлемдегі үздік 38 қаланың 20-сы Еуро­па­да, 10-ы Азияда, 6 қала Америкада және 2 қала Океанияда орналасқан.

Зерттеу деректерінен әлемдегі электрондық үкімет қызметінің даму үрдісі туралы құнды мәліметтер алуға болады. Оның ішінде Азия елдерінің бірнеше дамушы мемлекеті электрондық үкімет ­көр­сеткіштерінде Батыс елдеріне біртабан жақындағанын көре аламыз. Аталған зерттеу сала мамандарына, шешім қабылдаушы азаматтарға, сарапшылар мен тақырыпқа қызығушы қауымға қосымша көмекші құрал бола алады.

 

Еңлік ҚАЛЫБЕКОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы