Алматы облысында спорт ғимараттарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұлай деуімізге Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында 50 орынды спорт кешенінің салтанатты түрде ашылуы дәлел.
«Бүгін Жамбыл ауданының спорттық инфрақұрылымы тағы бір тамаша ғимаратпен толығып отыр. Бұл ғимарат тек осы Қарақастек ауылында ғана емес, ауданда спорттың дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Ауыл – нағыз чемпиондар мекені. Табиғат аясында шымыр болып өскен балалар кез келген спортқа икемді болып келеді. Сондықтан ауылды жерлерде спорттық нысандар көптеп салынып жатыр», деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Аталған спорт кешеніне бюджеттен 719,7 млн теңге бөлінген. Еңселі екі қабатты спорт кешенінің жалпы аумағы 1509,8 шаршы метрді құрайды. Спорт кешенінде бокс, күрес залдары, волейбол, баскетбол, футбол басқа да спорт түрлерінен дайындалуға болатын ойын залдары орналасқан. Онда 14 жаттықтырушы 600-ге жуық жасөспірімді спортқа баулымақ. Жаңа ашылған спорт кешеніне іргелес Аққайнар, Сұраншы батыр, Бесмойнақ, Үңгіртас, Беріктас, Ақтерек ауылдарының жастары да келіп, жаттығуына мүмкіндік туды.
Бүгінде аудан бойынша 232 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 84 спорт зал, 9 жапсарлас спорт зал, 1 ипподром, 2 жүзу бассейні және 129 әртүрлі спорттық құрылым бар.
Сондай-ақ ауданда балалар спортын, бұқаралық спортты және спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында осы жылдың ақпан айында «Жамбыл ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазіргі таңда аудан аумағында жалпы 2 спорт мектебі жасөспірімдерді спортқа баулып жатыр.
Бұған қоса осы жылы Тарғап ауылына спорт кешенін салуға қаржы бөлу қарастырылмақ. Сонымен қатар Үңгіртас ауылына да спорт нысанын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу басталған.
Алматы облысы