• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2024

Алматыда жер сілкінісінен кейін жер үйлерге сұраныс артты

179 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы жер сілкінісінен кейін жер үйлерге деген сұраныс тағы да артты, деп хабарлайды Egemen.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Сәулетші Жанна Спунердің айтуынша, жер сілкінісі кезінде ғимараттардың төменгі қабаттарында тербеліс амплитудасы аз болады. Ал үстіңгі қабаттарда діріл күші күштірек сезіледі. Дегенмен, құрылыстың сейсмикалық төзімділігі ғимараттың биіктігіне байланысты емес.

«Кеңес өкіметі кезінде мен 16-қабатта тұрдым. Сол кезде талай жер сілкінісін бастан өткердім. Мен мұның бәрі қалай болатынын білемін. Адамдар қорқады, өйткені оларға жоғарыда үлкен масса бар сияқты көрінеді. Біздің елімізде негізінен барлық ғимараттар жеті-тоғыз балға есептеліп салынған. Сол себепті, егер сіз тоғыз балдық сейсмикалық тұрғын үйде тұрсаңыз, жеке үйге қарағанда аса қауіпсіздікте болуыңыз мүмкін», деді сарапшы. 

Жеке тұрғын үйлердің артықшылығы − жер сілкінісі кезінде сыртқа тез арада жүгіріп шығуға болады. Дегенмен, ол үй құрылыс нормаларына сәйкес салынуы қажет.

«Кез келген тұрғын үй ғимараты қолданыстағы кодекстердің талаптарына сәйкес салынбаса, оның қатты зақымдануы, тіпті құлауы мүмкін. Сондықтан жеке тұрғын үй салып жатқан азаматтарға кеңес бергім келеді: жер сілкінісіне төзімді құрылыс талаптарына сай үй салыңыз. Антисейсмикалық белдеулер орнатылуы керек, ал арақабырғаларда әрбір екі метр сайын темірбетонды қосындылар болуы керек», деп кеңес береді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқпаров.

Мамандар Алматыда бір қабатты үйлерді ағаш жақтаумен салу тиімді деп есептейді. Жеңіл құрылым жердегі тербеліс кезінде құлап кетпейді. Дегенмен, мұндай ғимараттар да құрылыс нормаларына сәйкес салынуы керек.

Айта кетейік, 4 наурыз күні таңертең Алматыда қуаты 5 балл болатындай жер сілкінді. Зілзаланың ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан.