• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жастар 08 Наурыз, 2024

Сочидегі жастар фестивалі

117 рет
көрсетілді

Қазақ жастары дүниежүзілік фестивальге қатысты. Ресейдің Сириус федералды аумағындағы ауқымды іс-шараға елімізден 300-ге тарта азамат барды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған белсенділер бір аптаға жуық уақытта ғылым саласындағы мамандар, саясаткерлер, кино және театр жұлдыздарымен кездесті.

Сочи фестиваліне наурыздың 1-7 аралығында 190 мемлекеттен барлығы 20 мың адам келген. Қазақ жастарынан бөлек басқосуға Өзбекстаннан 200-ден астам, Тәжікстаннан – 275, Үндістаннан – 360, Конго Демократиялық Респуб­ликасынан – 100, Бангладештен  – 95, Аргентинадан 100-ге жуық өкіл қатысқан. Әр делегат ашылу салтанатында өз елдерінің туларын көтеріп, алаңды жүріп өткен. Кейін «Роза холл» концерт кешенінде III Ұлттық интернет-контент сыйлығының алғашқы жеңімпаздарын марапаттады.

– Менің ойымша, Интернетті дамыту институты өз жүлдесін осында, Дүниежүзілік жастар фестивалі кеңістігіне ауыстырғаны өте дұрыс сияқты. Өйткені әрбір делегат, әрбір қонақ, әрбір сарапшы дәл осы номинацияға лайықты. Себебі сіздер әлемнің жақсы жаққа бағыт алуына, дамуына себепшісіздер. Біздің өлкеге келу осы жердегі әрқайсыңызға оңай болмады. Біз білмейтін кедер­гілерді еңсеріп, жанымызда тұрсыздар. Сол үшін сіздерге ерекше ілтипатымды білдіремін, – деді Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко.

Төрткүл дүниеге көз тіккен ауқым­ды іс-шараға ресейлік Жас­тар ісі жөніндегі федералды агент­­тік және бірнеше ведомство ұйыт­қы болған. Фестиваль қатысу­шы­­лары халықаралық жас кәсіп­кер­лер қауымдастығын құру тура­лы дек­ларацияға қол қойды. Мұн­да жас кәсіпкерлер үшін арна­йы іс-ша­ралар ұйым­дастырылып, бизнестің өзекті мәселелері талқыланды.

– Қоғамдастық дүниежүзілік жастар фестивалінің мұрасына айналады. Білім, тәжірибе және ресурстармен алмасу орталығы ретінде арнайы құрылған платформа болашақта қатысушыларға өз бизнесін дамытуға, әр мемлекет­тің бизнес ортасын зерттеуге, кәсіп­керлерге жаңа нарықтарға шығу­ға, байланыстар желісін кеңей­туге және кәсіпкерлік қызмет­те жаңа биіктерге жетуге көмек­теседі, – деді РФ Жастар ісі жөнін­дегі федералды агенттік басшы­сының кеңесшісі Олег Макаров.

Сочидегі бүкіләлемдік жастар фестивалінің қатысушысы, отандасымыз Перизат Жаңбырбаева жастар форумның атмосферасымен бөлісті.

«Мұндай орталарда әлемнің әр бұрышынан келген жастар қарым-қатынас жасайды, танысады, жаңа әсерге бөленеді. Олардың өмір сүру деңгейімен танысып, ой-өрісін кеңейтеді. Бұл менің Ресейге алғашқы сапарым. Игі іс-шара мен күткендегіден де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған», деді белсенді.

Бағдарлама аясында Мәде­ниет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Татарстан делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаевпен кездесу барысында тараптар екінші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Евгений Кочетов Бүкілқытай жастар федерациясы төрағасының орынбасары Лю Каймен өмірдегі түрлі сала бо­йынша жастарға тең мүмкіндіктер жасау, жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту және жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысуы жайында сөйлесті. Кездесулер қорытындысы бо­йынша жастар саясаты саласын­дағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге келіп, биылға арналған екіжақты іс-шаралар жоспары белгіленді.

Жабылу салтанатына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин арнайы қатыс­ты. Ол дүниежүзілік жастар фестивалінің қатысушыларымен пікір алмасып, сөз сөйледі.