• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Наурыз, 2024

«Жастар Рухы» ерекше балалардың аналарына шеберлік сағатын ұйымдастырды

129 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубында спортпен шұғылданатын ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, сурет салу және қыш бұйымдар жасаудан шеберлік сағатын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Іс-шарада 70 ана бір сәт өзін суретші әрі қолөнерші сезініп көрді.

«Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналардың санасы сергісін деген ниетпен мерекелік іс-шара ұйымдастырдық. Олар бүлдіршіндері үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ерекше чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жандардың есіл еңбегі елене берсін», деді «Жастар Рухы» төрағасының м.а. Ақерке Искандерова.

Айта кетсек, жастар қанатының белсенділері «Жас жауынгер» клубына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.

«Ұлым осында 4 жылдан бері келіп жүр. Аналар қауымына арналған осындай қызықты, тартымды іс-шара өтетінін күтпеппін. Бүгін алғаш рет қыш бұйымын жасап көрдім. Баршаңызды 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын, зор денсаулық тілеймін, себебі денсаулықты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз», деді ерекше баланың анасы Айгүл Бектаева.

Астана қаласы тұрғыны Шолпан Айтбаева араға 20 жыл салып мольбертті қайта қолға алды.

«Өнер мектебінің түлегімін, алайда сурет салмағаныма көп жыл болған. Сондықтан осындай шеберлік сағаты ұйымдастырылғанына дән ризамын. Өте қызықты өтті, тіпті, үш сағаттың қалай өткенін байқамай қалдық», деді ол.