• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 11 Наурыз, 2024

Сарайшықтың шырақшысы

313 рет
көрсетілді

Осыдан бес жыл бұрын, 2019 жылдың қазан айында, халықаралық экспедиция құрамында жолға шықтық. Тобымызда тарихшы, географ, геолог ғалымдар, журналист, өлкетанушы, тіпті суретші де бар еді. Басшымыз – бір жыл бұрын ғана «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры болып іске кіріскен белгілі тарихшы Әбілсейіт Мұқтар.

«Жошы ұлысы астаналары: Сарай­шық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» атты бір апталық сол сапарымыз әлі естен кетпейді. Жайық жағасындағы көне Сарайшық шаһарынан аттанып шығып, Еділ бойлап, Ресейдің Астрахань облысы Харабали ауданы Селитренный ауылы маңындағы Сарай Бату қаласы орнына, Волгоград облысы Ленин ауданы Царев ауылы маңындағы Сарай Берке қаласының орнына арнайы барған едік. Одан бөлек Алтынжардағы Құрманғазы кешенін, Волгоград музейінің «Алтын Орда» залын аралап, жергілікті қазақтармен кездесумен әрленген жорығымыз Алтын Орда билеушісі Мамай ханның есімімен аталған биік төбенің басында мәреге жетіп еді...

Сол сапарда Сарай Батудың орнында бол­дық. Алтын Орданың астанасы болған алып шаһардың орны бүгінде ұзындығы – 15, ені 3-8 км-ге созылып жатыр. Бірде-­бір ғимарат сақталмаған. Сақтауды айта­сыз, кезінде «жаңа жерді игерушілер» сәу­летті сарайлардың бәрін бұзып, кірпішін Еділ­мен төмен ағызып, Қажы Тархандағы Кремльді тұрғызыпты. Біз барғанда тарихи топырақта Йошкар-Оладағы Мари Эл мем­­лекеттік университетінің профессоры Евгений Пигорев үркердей топпен ғана қазба жұмысын жүргізіп жатты. Осы мекен­ді отыз жылдан бері зерттеп жүр­ген таны­мал ғалым «Ғылыми зерттеуге қар­жы жоқ. Алтын Орданың тарихы біз­де ешкімге керек емес» деп қынжылды. Алыс­­­тан арнайы келген қазақстандық зерт­­­теушілердің мақсатына қызығып, «Алтын Орда мемлекетінің тарихында әр шаһар­дың өз орны болғанын, оны толық білу үшін екі ел зерттеушілері өзара ақпа­рат алмасып қызмет етуі қажеттігін» айтқан еді.

Ал Волгоград облысындағы Царев ­ауылы ма­ңындағы Сарай Берке қала­сының орны­на келгенде тіпті көңілсіз көрініске тап бол­дық. Мұнда соңғы қазба жұмысы 1970 жыл­дары болған. Шаһар орны күтімсіз, қо­қыс басыпты. Көне кірпіш сынықтары мен қазіргі тұрмыстық қалдық араласып кет­­кен. Ал бұл кезде еліміздегі, Жайық жаға­­сындағы Сарайшық шаһарының екін­ші тынысы ашылып, түлей бастаған бола­тын...

«Жошы ұлысының үш астанасы бол­ды: Сарай Бату (Сарай әл-Махрус) – Астраханда, Сарай-Берке (Сарай әл-Жадид) – Волгоградта, Сарайшық – Қазақстанда. Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, Әбілғазы баһадүр өз еңбегінде Сарайшық қаласын Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын немересі Батый хан салды дейді. Ол 1227-1255 жылдары Жошы ұлысы – Алтын Орданы биледі. Әбілғазы баһадүр бұл еңбегін ХVІІ ғасырдың ортасында жазған. Сарайшықта Алтын орданың хандары мен Қазақ хандығының аталары жатыр. Біз бұл тура­лы Шынияз ақынның «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның моласы» деген жыр жолдарынан білеміз. Ноғайлы дәуірін терең зерттеген қазақстандық Амантай Исин мен ресейлік Вадим Трепавлов Сарайшықтың Қазақ хандығының астанасы болғанын дәлелдеді. В.Трепавлов­тың еңбегінде «1471 жылы Бұрындық хан Сарайшықты бағындырып, Қазақ хандығының астанасы етті» деген дерек бар. Ал Қасым хан Сарайшықтың аумағын кеңейтті, осы жерде қазақ халқының санын бір миллионға, әскерін 100 000-ға жеткізді» дейді Әбілсейіт Мұқтар.

Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы дәре­жесіне жеткен қала. Ортағасырлық дерек­терде осы шаһарда Берке хан, Тоқты хан мұсылмандықты қабылдағаны, Жәні­бек хан, оның ұлы Бердібек хан та­ғы­на отырып, ел басқарғаны айтылады. «Аққу­ көлі» мен «Алтын қайық» туралы аңыз­дар­дың астарында да үлкен тарих жатыр.

Әрине, одан бері талай заман өтті. Сарайшық қирады, тоналды. Бір қабыр­ға­сын Жайық мүжіді. Кеңес кезінде де толым­ды зерттеу болған жоқ. Сарайшықтың жаңа кезеңі, екінші тынысы Тәуелсіздік таңы­­мен бірге ашылды. 1992 жылы Сарай­­шық ауылында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология сек­­торы құрылды. Сөйтіп, белгілі архео­лог Карл Байпақов, Зейнолла Самашев жаңа ізденістерге қолдау көрсетіп, кешенді қаз­­ба жұмыстарының басталуына түрткі бол­ды.

Ал 1999 жылы 23 сәуірде Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасма­ғамбетов «Сарайшық» музей-қоры­ғын құру туралы қаулы шығарды. Нәти­же­сінде, «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығы сол жылы 3 қыркүйекте ашылды.

2018 жылы 4 сәуірде ел Үкіметінің қаулысымен «Хан Ордалы – Сарайшық» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Мәдениет және спорт минис­тр­­лiгiнің «Сарайшық» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қорығы» респуб­ликалық мемлекеттік қазыналық кәсіп­орны болып қайта құрылды. Көп ұзамай музей-қорықтың тізгіні белгілі тарих­шы, тәжірибелі басшы Әбілсейіт Мұқтарға тапсырылды. Ортағасырлық Сарайшықтың астаналық мәртебесі өзіне қайта оралғандай сәт еді бұл.

Бір қызығы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар дәл осы топырақта – Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында дүниеге келіпті. Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетін үздік бітірген.  Оқу орнында Лениндік стипен­диант атанған. Гурьев педагогикалық институтына оқытушылық қызметке шақырылған жас маман содан бері 40 жылға таяу ғылым мен білімді қос қанаты етіп келеді екен.

Ғалым 1993 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық универ­ситеті аспирантурасында «Жайық-Жем мұнайлы ауданының дамуы (1920-1940 жж.)» тақырыбындағы кандидат­тық диссертациясын, 2002 жылы Алматы қаласындағы Ш.Уәли­ха­нов атындағы тарих және этнология институтының диссертациялық кеңе­сінде «Қазақстанның батыс өңірін­дегі қоғамдық-саяси өмір (XVIII ғ. ІІ жартысы – ХІХ ғ. бірінші ширегі)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғап шыққан. Ғылым жолын өндіріс тақырыбынан бастаған зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде біраз жыл қызмет етті. Бірте-бірте ғалым­ның назары қазақтың мемлекеттілік тарихы, Қазақ хандығы басқару институттары, соның ішінде тарихи тұлғалары, ұлт-азаттық қозғалыстар басшылары мен хан, сұлтандар тағдыры, олардың қоғамдық-саяси қызметі мәселелеріне ауды. Тыным­сыз ізденіс, түрлі архивтерде бұрын жабық болған қорлардан алған тың деректер ғалымға байыпты зерттеу жүргізуге мүмкіндік берді. «ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясын ғалымдар қауымы жоғары бағалады. Белгілі тарихшы Зардыхан Қинаят «Еңбектің, әсіресе деректемелік негізі бай. Қазақ мемлекеттілігі тарихында оның Иран, Ауғанстан, жоңғарлармен қарым-қатынасы тарихы көп зерттелмеген тақырып, сондықтан ғалымның бұл мәселелерге ден қойғаны дұрыс болған» деп пікір қалдырған еді.

Қарап отырсаңыз, Әбекең осы тақы­рыпқа өмір бойы дайындалғандай екен. Кіндік қаны осы жерде тамды. Ұлт тарихына терең бойлап, мемлекеттер мен тұлғалар тағылымын зерттеді. Тіпті әр жылдары Сарайшық тарихын зерттеген ғалымдар туралы да қалам тербепті. Қапизұлының «Археолог Н.К.Арзютов және ортағасырлық Сарайшық», «Әл­кей Марғұланның Сарайшықты зерт­теуі», «Археолог Зейнолла Самашев – орта­ға­сырлық Сарайшықты зерттеуші», тіпті «Орта­ғасырлық Сарайшықты дамытуға үлес қосқан әкім Ринат Жанқы­лыш» атты мақалалары көне шаһар тарихының ақтаң­да­ғын толтыратын бір-бір парақ еді.

Әбілсейіт Мұқтардың «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қоры­ғына директор болып тағайындалуы көне шаһардың да, тарихшы ғалымның да өмірінде жаңа белес болды. Алда ортағасырлық Сарайшық ескерткішін сақтау, қорғау, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, насихаттау міндеті тұрған еді. Оның айқын айғағы – Сарайшықта соңғы жылдары ғана атқарылған жұмыс­тардың тізіміне қараңыз.

2020 жылы ескерткіш аумағында ортағасырлық тұрғынжайға консервация­лау жұмыстары жүргізілсе, 2023 жылы туристер үшін ортағасырлық үлгідегі қақпа салынды, ортағасырлық тұрғын үй толық қалпына келтірілді.

Әбілсейіт Мұқтар жетекшілігімен 2020 жылдан бастап «Хан моласы» нысанына ғылыми зерттеу жүргізіле бастады. Оның алғашқы нәтижелері ғылыми басылымдар арқылы жарық та көріп жатыр. Бүгінде қабірден алынған генетикалық материалға Германия зертханаларында сараптама жасалып жатыр. Бұйырса, қазақтың Қасым ханына қатысты жақсы жаңалықты жұрт тағатсыздана күтіп жүр.

Бүгінде «Сарайшық» музей-қорығы үл­кен ғылыми орталыққа айналып, бұл іске елі­міздегі кәсіби ғалымдар, шет­елдердегі орта­ғасыр тарихын зерттеуші мамандар тар­тылған.

Музей-қорық басшысының қажырлы еңбегі нәтижесінде өткен жылы «Сарай­шық» сапар орталығы салынып, турис­терге қызмет ете бастады. Осы сапар­ орталығына музей экспозиция­сы­ жасақ­талды. Бұрынғы «Хан ордалы Сарайшық» музей ғимараты этно­гра­фия­лық музейге айналды. Атырау облы­сы әкімінің шешімімен ортағасырлық Сарайшық қаласы ескерткішінің қорғау аймағы алғаш рет бекітіліп, қорғау аймағы 90 гектарға жеткізілді.

Музей-қорық ғалымдары 2021-2023 жыл­­­дары барлау экспедициялары нәти­же­­с­інде жаңа археологиялық ескерт­кіш­тер:­ Қарағайлы мекенін, Ащысай меке­нін, Кү­ліш керуен-сарайын, ондаған тұ­рақ­тар және 3 керуен жолы бағыттарын анық­та­ды.

Бұл айтуға ғана оңай. Осы жұмыстың бәрінде ғалым Әбілсейіт Қапизұлының қажыр-қайраты, маңдай тері, білім-тәжірибесі бірге өріліп келеді.

Айтпақшы, жақында көне шаһардың мыңжылдық тарихында айта қаларлық тағы бір тарихи оқиға болмақ. Бір кездері Ұлық ұлыс пен Қазақ хандығының бас ордасы, астанасы атанған мекенде Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың кезекті үшінші жиы­ны өтіп, еліміздің ертеңін айқындайтын өзекті мәселелер талқыланбақ. Тарих сабақтастығы деген осы.

  

Батыс Қазақстан облысы