Өмірі мен өнері біте қайнасып кеткен бе дейсің қашан бара қалсаң да, шәкірттерінің әр қадамы мен шешіміне, жалпы тағдырына бәйек болып, болысып жүрген режиссер, ұстаз, тәлімгер Асхат Максимұлының қамқор көңілін көріп. Онысы «сырт көзге солай көрініп, сүйкімді бола қалайыншы» деген әлдеқандай бір есептен туған елжіреу емес, бұл – оның риясыз көңілі, боямасыз болмысы.
Елордамыздағы ең жас театр саналатын Музыкалық жас көрермендер театрының іргесін қалап, төл шәкірттерімен шығармашылықтың шырайын кіргізген режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Болашақтың» түлегі Асхат Маемировтің өнерге деген іңкәрлігі қандай болса, өзі басшылық ететін театр сахнасында тер төгіп жүрген өнерлі өрендерге деген мейірім-махаббаты да дәл сондай. Себебі ол үшін өмір мен өнер арасын шекарамен шектеу мүмкін емес. Ондайда режиссердің өзі «өнерім – өмірім, ал театрым – отбасым» дейді зор мақтанышпен.
«Өзім де көпбалалы, өсіп-өнген әулетте туып, 10 баланың ортасында тәрбиеленгендіктен болар, айналамның бәрін туыс көремін. Ол сезім шәкірттеріме келгенде тіпті асқақтап кетеді. Сондықтан өзіміз іргесін қалаған Музыкалық жас көрермендер театрындағы әрбір әртістің тағдырына жауаптымын деп санаймын. Бәрін де бірдей бауырыма басамын, туған балаларымдай білгенімді үйретіп, өнеге көрсеткім келеді. Театрымыз құрылғалы бері өткен үш жылда ұжымда 14 жұп шаңырақ көтеріп үлгерді. Алда тағы бірнеше үйлену тойы күтіп тұр» дейді режиссер ағынан ақтарылып.
Ә дегеннен-ақ әңгімесін өмір мен өнердің сабақтастығынан бастаған режиссердің ой орамдарынан қазақы құндылықтарға деген құрметін де аңдағандай болдық. Олай болуы заңды да. Кез келген адамның тағдырын туған жер, өскен ортасы құрайды десек, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Сарыой елді мекенінде туып-өскен өнер иесінің бойынан топырағына тартып туған тектілікті де танығандай болдық.
«Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының туған топырағында туып, сол аядай ғана ауылда өсіп-өндік. Бұл – қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы ауыл. Сол ауылда жүріп ауылдың көнекөз қарияларының әңгімесіне кішкентай кезімнен қанығып өстім. Анам қазір 91 жаста. Немене-шөберелерінің қуанышына кенеліп отырған әулетіміздің алтын діңгегі, алып бәйтерегі. Аға-жеңге, іні-келіндерімнің дені ұстаздық жолды таңдағандықтан, біздің әулетті мұғалімдер отбасы деп те атайды», деп жалғады режиссер әрі қарай әңгімесін.
1981 жылдың жазында Сарыойға гастрольдік сапармен М.Әуезов атындағы театр ұжымы келген болатын. Ол кезде Асхаттың жасы небәрі 7-де еді. Алыстағы Алматыдан жеткен театр ұжымы ауылдың аядай клубында екі қойылым көрсетеді. Оның бірі – М.Әуезовтің «Қарагөзі» болса, екіншісі – С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы. Бір сандық қана сиятындай сахнада жүріп Сәбира Майқанованың жасаған Мөржан мен Фармон бибі бейнелері болашақ режиссердің бала танымына өшпес із қалдырып, сәби санасында мәңгілік жатталып қалды.
«Менің бойыма өнерге деген махаббаттың дәні дәл осы кезде егілген шығар деп ойлаймын. Себебі дәл сол кездегі күйді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Одан бері арада 40 жылдан аса уақыт өтті. Бірақ менің санамда әлі күнге дейін Сәбира апайдың Мөржан кейпіне еніп, ағаш таяғымен жерді ұрып жатқаны және ауылдағы Кенжетай деген үлкен әжеймен сахнада тұрып ұрысқаны кетпейді. Сенгіштігіміз сондай, шынымен ұрыс болып жатыр екен деп қабылдаппыз. Бірақ оның ойын екенін, көрерменмен арада байланыс орнату үшін актрисаның әдейі жасаған импровизациясы екендігін кейін түсіндік қой. Сонда ауылдың адамдары да тап-таза, аңғал болатын, қойылымдағы оқиғаға риясыз сеніп, Қарагөзді аяп, соның жағына шығып, болысып жатқаны ғой. Оны дер кезінде түсіне қойған актриса да тосылып қалмай, Кенжетай апайымызбен айтыс жасап, қойылымның әсерін күшейте түскені бар еді. Міне, сол кезден бастап мен өмірімді өнермен байланыстырамын, Алматыға барып өнер академиясына немесе журналистика факультетіне түсемін деп шештім. Бірақ облыстан педагогикалық мамандыққа арнайы орын бөлінгендіктен, ата-анамның ақылымен елде қалып, білім алдым. Сөйтіп, 1995 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдадым», дейді өнер иесі балалық шағының жарқын естеліктерімен бөлісіп.
Бірақ өнерге деген іңкәрлік жалынды жастың жанын жай таптырмады. Оқуын ойдағыдай тәмамдаса да, аңсары Алматы жаққа қарай ауды да тұрды. Ақыры арманы ақиқатқа айналып, 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссура мамандығын үздік аяқтады. 2007 жылы «Болашақ» президенттік стипендиясының иегері атанып, Париж қаласындағы Sorbonne Nouvelle Paris-ІІІ университетінің магистратурасында білім алды. 2009–2010 жылдары Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында білімін шыңдап, «Режиссура магистрі» академиялық дәрежесіне ие болды. Ал 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, «Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» атты диссертация қорғады.
«Менің режиссура кеңістігін әдіснамалық негізде танып-білуіме, кәсіби тұрғыда спектакльдің туу үдерісін ұғынуыма себепкер болған тұлғалардың бірі, әлемге танымал сахна санаткері – Питер Брук. Дәлірек айтсам, ұлы режиссер, реформатор – Питер Бруктің суреткерлік ұстанымдары, көркемдік қағидаттары, қайталанбас қойылымдары менің санама сілкініс, шығармашылық импульс берді. П.Бруктің «Бос кеңістік», «Уақыт ағымдары», «Адасу нүктесі» кітаптары кез келген режиссер мен әртістің басты оқулықтарының біріне айналуға тиіс. Өз басым бұл кітаптарды қайталап оқудан жалықпаймын. Питер Брук – ұлы адам. Оның ұлылығы – қарапайымдылығында. Сонау 2008 жылы Қазақстаннан Парижге ілім-білім іздеп келген, ешкім танымайтын қазақтың жас режиссерін өз театрында қабылдап, емін-жарқын сұхбат құруы, ұлылық пен кісіліктің жарқын үлгісі. Питер Бруктің «Бюфф дю Нор» (Théâtre des Bouffes du Nord) театрына барып, «Бернарда Альбаның үйі» спектаклінің премьерасын көрген күн – өмірімдегі тарихи сәттердің бірі», дейді режиссер кәсіби тәжірибе тәлімдерінен сыр тарқатып.
Осылайша, жергілікті және әлемдік театр мамандарынан тәлім алып, теориялық тұрғыда кәсіби білімін ұштаған маман отандық өнер мен мәдениет саласының білікті менеджері ретінде өзін басқарушылық-ұйымдастырушылық қырынан таныта білді. Соның нәтижесінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, «Қазақстан халқы рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры лауазымы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақстан мен Орта Азияда тұңғыш рет «Astana Musical» мемлекеттік театрының негізін қалап, 2016–2019 жылдар аралығында театрдың көркемдік жетекшісі болды. Еліміздің театр сахналарында қойылған жиырмадан астам қойылымға режиссерлік қолтаңбасын қалдырып, республикалық және халықаралық өнер фестивальдарының бірнеше мәрте лауреаты атанды.
«Осы күнге дейін өнердің әр саласында қызмет етіп келемін ғой. Десе де мен үшін елімізде жаңаша бағыттағы өзіндік стилі мен қолтаңбасы бар театр ашу үлкен арман болды. Ол тілек әсіресе шетелде білім алып жүргенде көрген түрлі бағыттағы қойылымдардың әсерінен кейін тіпті үдей түсті. Ресейлік әйгілі режиссер «Театр өнері студиясының» негізін қалаған Сергей Женовачтың, еліміздегі белгілі режиссер, ұстаз, астаналық Жастар театрының негізін қалаушы Нұрқанат Жақыпбайдың театр ашып, жаңалық жасаған өнердегі өзгеше өрнегі мені ерекше шабыттандырды. Питер Бруктің тәлімі өз алдына үлкен мектеп болды. Міне, соның барлығы жиналып келіп, елорда төрінен ашылған Музыкалық жас көрермендер театрының құрылуына себеп болды. Осы арқылы мен де жоғарыдағы рухани ұстаздарымның ізімен театр-студия бағытындағы жас театрдың қанат жаюына қызмет етіп келе жатырмын. Биыл театрымыз үшінші маусымының шымылдығын ашты. Сондай маңызды сәтте шақыруымды қуана қабыл алып, ұжымға қосылған халықаралық Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген сынды талантты актерлердің жанымнан табылуы маған үлкен демеу болды, күш берді. Ал шәкірттерім – байлығым. Барлығымыз ортақ мақсат жолында тізе қосып еңбек етіп келе жатырмыз. Аллаға мың да бір шүкір», дейді Асхат Максимұлы.
Ортақ мақсатқа жұмылып, өзгеше өнер тудыруға бекінген жас өнер ұжымы алғашқы адымдарынан-ақ шығармашылық қарымын айқын танытты. Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында қойылған М.Әуезовтің «Абай – Тоғжан», Н.Мошинаның «Дүние-ғапыл», М.Омарованың «Шәмші», «Chanel №5», Э.Олбидің «Зоопарк», Д.Исабековтің «Гауһартас», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» қойылымдары суреткерлік ерек қолтаңба, соны сараптау һәм жаңашыл формасымен көрерменін қуантып келеді. Еліміз ғана емес, шетелдік көрермендердің көзайымына айналып үлгерген «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі 2017 жылы Париж, Канн, Вена, Брюссель, Мәскеу қалаларында зор табыспен көрсетілсе, 2018 жылы айтулы қойылым Франциядағы Авеньон халықаралық театр фестиваліне қатысты. Көрермен көзайымына айналған театрдың тағы бір тамаша туындысы – Асхат Маемировтің режиссерлігімен қойылған Д.Исабековтің «Гауһартас» қойылымы. Отбасы құндылықтарын дәріптеген драма өткен жылдың үздігі деп танылып, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған Өнер саласындағы «UMAI–2023» екінші ұлттық сыйлығын иеленді.
«Гауһартас» – әдеби шығарма ретінде қазақ әдебиетінде де, шетелде де әбден мойындалған дүние. Кино ретінде де көрерменнің көңілінен шықты. Мен осы шығармаға қылаудай да кірбің түсірмеуім қажет екендігін жақсы түсіндім және театрымның бағытына сай музыкалық драма ретінде ұсындық. Қойылым премьерасынан бері бір жыл өтті. Әр көрсетілім екі рет қойылады. Әлі күнге дейін көрермен толастаған емес. Әр қойылым сайын аншлаг. Бұл нені білдіреді? Адамның адами сезімдерге, шынайы махаббатқа шөліркегенінің көрінісі», дейді режиссер.
Әңгімеміздің басында өмір мен өнерді бекер сабақтастырған жоқпыз. Өнерде құндылықтар, сезім туралы осындай құнды ой айта білген режиссер өмірде де махаббатқа адал, сезімге берік. Бесікте құндақтаулы жатқан кезінен табысқан өмірлік жары Нұргүлмен бірге қол ұстасып, 30 жылдан аса бақытты күндерін артқа тастады. Бүгінде көзінің ағы мен қарасындай болған екі ұлын ержеткізіп, немерелерінің бақытты ата-әжесіне айналып отыр.