Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын талқылау жалғасып жатыр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі алаңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) және электр энергетикасы секторының салалық қауымдастықтарының өкілдері жобадағы энергетика мәселесіне тереңінен үңілді.
Ұлттық жоспарда энергетиканы басқару трилеммасы (халықаралық практика бойынша) қарастырылып отыр. Оған мыналар кіреді:
Энергия қауіпсіздігі: электр энергиясының тапшылығы және энергетикалық инфрақұрылымның қатты тозуы; Көміртекті бейтараптық: экономиканың жоғары энергия сыйымдылығы және парниктік газ шығарындылары; Қолжетімділік: шектеулі инвестициялық тартымдылық жағдайында айтарлықтай қомақты инвестицияға қажеттілік.«Жобада саладағы қазақстандық қамту мәселелері және энергетикалық инфрақұрылымның қатты тозуы және соның салдарынан электр және жылу қуатының тапшылығына байланысты жылдар бойы шешілмеген мәселелерді ескеру қажет», дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, энергетика саласын қаржыландыру деңгейі төмен болғандықтан, оның инвестициялық тартымдылығы да азайған. Сонымен қатар энергетикалық кешенді дамытудағы уәкілетті мемлекеттік органдардың түрлі векторлық саясаты және саланы реттеуде бірыңғай және нақты тәсілдің болмауы да жұмысқа кері әсер етіп отыр. Бұл жайт тұтастай алғанда саланы дамытудың бірыңғай стратегиясы жоқ екенін көрсетеді.
«Атамекен» ҰКП өкілдері бизнес пен нарықтың ұсынысын назарға ала отырып, бірқатар ескертпе жасады. Мысалы, бүгінде іс жүзінде несиелік қаржыландырусыз қалған көмір жылу энергетикасы саласына инвестиция тарту мәселесін күшейту ұсынылады. Экономиканың энергетикалық секторын жеңілдікпен несиелеу мәселесін пысықтау шеңберінде қаржы институттары арқылы энергетика және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларын несиелеу қажеттілігі де айтылды. Онда сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушылар үшін жылдық 7%-дан, 20 жылдан аспайтын мерзімде, кәсіпорынның өз қатысуымен жоба сомасының кемінде 20%-ы бойынша қаржыландыруды көздеу қарастырылады.
Тарифтердің өсуін ескере отырып, энергетикадағы инвестициялық жобаларды қараудың объективтілігіне оң әсер етуі мүмкін нарық кеңесінің қызметін «жандандыру» қажеттілігі атап өтілді. Тариф белгілеу мәселесі де маңызды, ол да Ұлттық жоспарда қаралуға тиіс.
Әр кәсіпорынның тарифтік смета құрылымы жеке болады. Сондықтан тарифтерді қандай да бір бір стандартқа келтіруді көздемей ақ, әділ тарифтерді белгілеу қажет.
«Елімізде азаматтардың кейбір санаты үшін (аз қамтылғандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, т.б.) жаңа тарифтер ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ бүкіл әлемде бұл жүктемені төмендетудің басқа тетігі әзірге жоқ. Бюджет арқылы субсидиялау және энергия үнемдеу бойынша неғұрлым белсенді жұмыс жүргізу және ғимараттар мен үй-жайлардың энергия тиімділігін арттыру сияқты шаралар қажет. Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекет үшін маңызды. Өйткені бұл сала елдің экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және жалпы әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Энергетикалық қауіпсіздікке түрлі әдістер және ең алдымен энергия көздерін әртараптандыру шараларын қолдану арқылы қол жеткізіледі және шешіледі. Экономикамыздың 60%-ға жуығы көмірмен қамтамасыз етілетіні жасырын емес. Сондықтан энергетикалық құрылымды әртараптандыру арқылы біз энергия көзіне тәуелділікті азайтамыз. 2023 жылғы жолдауында Мемлекет басшысы «жаңартылатын энергетика және ГЭС жобаларын іске асыруды жалғастыру» қажет екенін айтты. Бұл ретте әрине, атом энергиясын қосар едік. Жаңартпалы энергия көздерін дамыта отырып, энергияны жинақтау жүйесін де дамыту қажет. Бұл өте маңызды», дейді Жақып Хайрушев.
Сарапшылардың айтуынша, төмен және әділетсіз тарифтерге байланысты салаға сыртқы инвестиция ағыны қысқарып қалды. Бұл жайт біздің қазіргі апаттарға, табиғи апаттарға, кибершабуылдарға және басқа қауіптерге төзімділікті әлсіретіп жіберді. Энергетикалық жабдықталуымыз төмен болғандықтан көршілерімізбен халықаралық ынтымақтастықты нығайта беруіміз өте маңызды. Бұл, ең алдымен Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдері. Біз олармен қазіргі уақытта параллель режімде жұмыс істеп жатырмыз. Атап айқанда, ынтымақтастықты дамыту, тең серіктес болу, трансшекаралық энергия саудасына қатысу, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар құру және төтенше жағдайларда бірлесіп әрекет ету маңызды дейді палата өкілдері.
«Энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу көпқырлы тәсілді талап етеді. Онда біздің мемлекетіміз үшін қазіргі уақытта энергетикалық ресурстарымыздың, қолданыстағы инфрақұрылымның, сондай-ақ геосаяси факторлардың болуын ескеретін шаралар болуы керек. Тәуекелдердің тұрақты мониторингі және оларды ауыртпалықсыз жоюды білу маңызды», деп атап өтті Жақып Хайрушев.
Айта кетейік, қазір елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 жаңғырмалы энергия көзі (ЖЭК) нысаны бар. Былтыр қуаты 495,6 МВт болатын тағы 16 ЖЭК нысаны іске қосылды. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға дейін төмендеген. Жыл басында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін энергетика саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтқан еді. Соның негізінде шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуатты енгізу қарастырылады.
Электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асырылса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады:
Жаңартылатын энергия көздері – 24,4%; Гидроэлектр стансалары – 10,8%; Газ – 25,8%; Көмір – 34,3%.Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр.