• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 13 Наурыз, 2024

Жаһанның әлеуметтік даму индексі

301 рет
көрсетілді

Оқырман назарына The Social Progress Imperative талдау орталығы жариялаған «Әлеуметтік даму прогресі – 2024» (2024 Social Progress Index) есебін ұсынамыз.

The Social Progress Imperative – 2012 жылы құрылған амери­калық сараптамалық талдау ор­та­лығы, жаһандағы әлеумет­тік даму мәселелерін зерттейді. Ұйымның негізгі зерттеу жоба­сы – әлем елдерінің әлеуметтік дамуы мен қоғамдық әл-ауқаты бойынша жетістіктерін өлшей­тін «Әлеуметтік даму прогресі индексі». 2012 жылдан бері жыл сайын шығып келе жатқан бұл есептің биылғы шығарылы­­мын­да 170 елдегі 13 жылдық (2011-2023) әлеуметтік даму дерек­тері бойынша талдау жүргізіл­ген. Есепте денсаулық сақтау, білім, қауіпсіздік, адам құқығы, инклюзивті қоғам, жетілдіріл­ген білім беру, таза ауызсумен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды көрсеткіштерге баға берілген.

Мамандар талдау негізінде алғаш рет әлеуметтік даму прог­ресінің жаһандық құлдырауы бай­қалғанын атап өткен. Зерттеу деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда 61 ел елеулі сәтсіздік­тер­ді бастан кешірсе, 77 ел тоқы­рау үстінде. Тек 32 мемлекет бел­гілі бір прогресс деңгейіне қол жеткізген. Демек әлемдегі әрбір бес адамның төртеуі әлеу­меттік тоқырау үстіндегі мем­лекетте тұрады. Зерттеу бо­йынша негізінен денсаулық сақ­тау, адам құқығы және өз ойын еркін білді­руі, ақпарат пен ком­муникацияға қолжетімділік көрсеткіштерінен құлдырау байқалған.

Әлемдік әлеуметтік даму прогресі индексі 2022 жылдан 2023 жылға дейін 0,31 ұпайға төмендеген. Бұл көрсеткіш, ден­саулық саласының жағдайы (-1,7 ұпай), ақпарат пен байланыс­қа қолжетімділік (-2,2) және адам құқығының (-0,51) төмендеуіне байланысты орын алып отыр. Көбіне COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау саласының на­шарлауына ықпал етіп, ал бас­пасөз бостандығының шекте­луі ақпаратқа қол жеткізуге теріс әсер еткен.

Дания 2024 жылғы әлеуметтік даму индексі бойынша 90,38 ұпаймен бірінші орында тұр. Алғашқы үштікке әлеуметтік жағ­­дайы дамыған Норвегия мен Финляндия мемлекеті енген. Есепте көрсетілген елдер ішінде Латвия, Болгария, Черногория, Малайзия және Грузияда жыл сайынғы прогресс байқалған.

Әлеуметтік даму прогресі ин­дексінде Қазақстан 69,73 ұпай­мен 63-орында тұр. Өткен жыл­дармен салыстырғанда еліміздің көрсет­кіші көп өзгеріске ұшырай қой­маған. Дегенмен 2022 жылғы индекс қорытындысымен салыс­тырғанда 2 сатыға көтерілген.

Барлық G7 елдерінде, оның ішінде, АҚШ, Франция және Кана­да­да әлеуметтік прогрес­тің на­шарлауы байқалған. Атап айт­қанда, қауіпсіздік, денсау­лық сақ­тау және құқық мәселелері­мен бетпе-бет келген АҚШ 29-орынға төмендеді. Тұрақты эко­­номикалық өсуге қарамас­­тан, амери­калықтардың өмір сүру жағ­дайы 13 жыл бұрынғыдан да на­шарлаған. АҚШ-тың үл­кен осал тұстарының бірі – қа­уіпсіздік. Бұл көрсеткіш бо­йын­ша әлемде Қазақстан, Түр­кия және Сауд Арабиясынан ке­­­йін­гі 70-орында. Ал адам құ­қы­­ғы бойынша әлемде 51-орын­­ға тұрақтаған. 2011 жыл­­дан бері Ұлыбританиядағы әлеу­­мет­тік прогрестің нашарлауы­­на негі­зінен құқық пен инклю­зия­ның төмендеуі себеп болған.

Соңғы 13 жылда көрсет­кіш­тері айтарлықтай жақсар­ға­нымен табысы төмен оңтүстік Сахарадағы Африка елдерінің рейтингі әлі де айтарлықтай кө­теріле қоймағанын байқай­мыз. Оған басты себептердің бірі Африка мемлекеттеріндегі кедей­шілік көрсеткішінің жоға­ры болуы. Жаһандық деңгейде олар­дың қатарына саяси тұрақ­сыз Нигер, Сомали, Йемен, Оңтүстік Судан, Ауғанстан және Конго сияқты мемлекеттер жатады. 2024 жылғы индекс бойынша соңғы орында Оңтүстік Судан (25,93 ұпай) мемлекеті орналасты. Егер әлемді бір мемлекет ретінде қа­рас­тыратын болсақ, әлеуметтік даму прогресі индексі бойынша ол Боливия мен Әзербайжан арасында орналасқан ел болар еді. Орташа алғанда, әлемде тұр­ғын үй, су және санитария бо­йынша ең жоғары ұпайлар бар болса, жетілдірілген жоғары білім мен қоршаған орта сапасы бағытында әлем ең нашар көр­сеткіштерге ие.

Әлеуметтік даму прогресі индикаторларында соңғы әске­ри қақтығыстарға байланысты толық көрсетілмеген Батыс жаға­лау мен Газа, Израиль немесе Украина сынды елдер барын ес­керу қажет.

 

Мария Жылқышиева,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы