Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 0–17 жас аралығындағы мүгедектігі бойынша тіркеуде тұратындардың қатары артып барады. 2010 жылы мүгедек есебінде тіркеуде тұрған балалардың саны 49 349 болса, 2022 жылғы деректе 104 260 адамға жеткен. Төбе құйқаңды шымырлататын цифр. Өкініштісі, жыл өткен сайын ерекше балалардың қатары артқанымен, оларға ем-дом қондырып, медициналық көмек көрсететін оңалту орталықтары тек мегаполистерде ғана бар. Батыстағы өңірлерден баласын бас қалаға, болмаса Алматыға апарып емдету ата-анаға ауыр тиетіні анық.
2021 жылы 13 131 балаға алғашқы мүгедектік диагнозы қойылған. Яғни бір жыл ішінде 13 мың бала елдегі мүгедектігі бар адамдар қатарын толықтырды деген сөз. Тар құрсағын кеңітіп, алпыс екі тамырын идірген нәрестесінің жарық дүниеге он екі мүшесі кем келуінен асқан сынақ жоқ шығар ата-анаға. «Басқа түссе, баспақшыл», әрине, өз қағынан жерімейді, қанатын жалынға шалдырған қарлығаштай балапанын қорғаудың қамында қандай қатерден де тайсалмайды. Құрсағындағы шаранасы өмірге кем болып келген қызылордалық батыр ана Бақытгүл Балмаханованың арқалап жүрген сынағы – сөзімізге дәлел. Дүниеге келген сәбиінің жарық әлемде он күн жатып пышаққа түсуі оңай ма? Оң жақ қолы мен аяғы тумысынан семіп, қимылсыз өмірге келген ұлының жүруі үшін анасы 12 жылдан бері ұлы мұратын арқалап келеді. «Ұлың жүре алмайды» деген қасаң түсінік пен кесірлі ұғымның күл-талқанын шығарған орталық туралы айтқанда, көзіне мөлтілдеп жас тұнды. Мұны бір мүшел уақыттан бері өздігінен жүріп-тұра алмайтын баласының аяғын нық басып, тіпті бокспен шұғылданып жүргеніне қуанған ана жүрегінің мейірімі деп түсіндік.
«Біз Астана қаласына Қызылорда облысынан көшіп келдік. Ұлымыз Ернұр осы «Жас жауынгер» орталығына төрт жылдан бері тұрақты келеді. Өзім үш баланы өмірге әкелдім, Ернұрдың алдындағы екі әпкесінің дені-қары сау. Үшіншіміз балалардың церебралды сал ауруы (ЦСА) диагнозымен туды. Шаранадан шыққаннан-ақ арнайы құрылғыда он күн жатып, бірден операция жасалды. Шымкент қаласында дәрігерлердің біліктілігі арқасында ұлымның жүрегі мен өкпесі тұсындағы жыртылған үлбір перде тігілді. Мұндай операциядан кейін баламның аман қалуы неғайбіл дегендер де табылды. Қай ана баласының амандығын тілемейді, он екі мүшесі сау болып өмір сүргенін қаламайды? «Балаң адам болмайды» дегенді айтқандарды да кезіктірдік. Бірақ мен тұманның арасынан алып шығар үміт сәулесінен күдер үзбедім. Өйткені анам: «Осы балаңды емдетуден қажыма, түбінде жазылады», деп қамшылап отырды. Бір жыл бойы жолдасым екеуміз қаржы жинап, Астана қаласына ем-дом алуға әкелеміз. Сауықтыру орталығында емделіп, Қызылордаға қайтушы едік. Кейін ұлымыздың қамы үшін Астанаға қоныс аудардық. Ернұр ұлымыз төрт жыл бұрын клубқа келгенде оң аяғы мен қолы мүлде қимылсыз еді. Емдету үшін қаншама медициналық орталық, аурухана есігін тоздырдық. Бірақ осы орталыққа келгелі баламыздың қимылсыз аяқ-қолына жан кірді. Қазір өзі аяғына тұрып, қадам басып, бокспен шұғылданады. «Анашым, мен өскенде Геннадий Головкин секілді даңқты боксшы боламын, өзіңізбен бірге әлемді аралаймыз», деп көңілімді өсіріп қояды», дейді Б.Балмаханова.
Тірек-қимыл қозғалысы шектелген, сал болып туған балалардың қадамын нық бастырып, спортқа баулып келе жатқан «Жас жауынгер» бейімдеу орталығы 2018 жылы құрылған. Жетекшісі Садық Байымбетов ерекше балаларды қоғамнан бөлектеу олардың жігерін құм етіп, одан бетер жанши түседі дейді. «Жас жауынгер» орталығына келуші ерекше балалардың кешкі жаттығу жиынын өзіміз де барып тамашаладық. Отырса, тұра алмайтын аяқ-қолы сал балалар бір-екі жылдық жаттығудан кейін ішкі қайратының арқасында қадам басып, өз бетімен жүрудің қандай бақыт екенін сезінген. Ата-анаға баласының шадыман көңілін көргеннен асқан махаббат бар ма?
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының бұрышынан бұйырған залда балалар жаттығуға кірісті. Атшаптырым аумаққа төселген кілемнің екінші жақ шетінде он екі мүшесі сау кәсіби спортшылар да шұғылданып жатыр. Бұл кездейсоқтық емес, ерекше балалар кәсіби спортшылардың жаттығуды қалай жүргізетінін көріп, өзін қайрай түседі. Ал кәнігі спортшылар ерекше балақайлардың табандылығы мен қайсарлығына қарап бойын тіктейді. Садық Байымбетовтің де ұстанымы осы. Ерекше балаларды қоғамнан бөлектеп ұстауға әсте болмайды. Олардың да бұл өмірден алар несібесі бар екенін дәлелдеп келеді.
«Медициналық емдеу-сауықтыру орталығында ем алу курсы үш ай мерзімде жүргізілуі мүмкін. Одан кейін бала кезегін келесі жылдан күтеді. Арадағы үзілісте сырқаты қайта сыр беруі мүмкін. Ал біздің орталықта аптасына үш мәрте жыл он екі ай жаттығу жүргізеді. Аяғына нық тұрып, қолын бүге алмайтын балалардың қимылға келуіне осы үздіксіз жаттығудың тигізер пайдасы өте мол. Біздің бапкерлер күндіз жеке шаруасын, өзінің ресми қызметін атқарып келеді де, кешкісін осы балалардың болашағы үшін жаттығу өткізеді. «Балаңды аясаң, аяма» деген, сырт көзге біздің даусымыз өктем шыққаны балаларға жекігендей болып сезілуі мүмкін. Бірақ спорт қайсарлыққа, ептілікке, шыдамдылыққа үйретеді. Аяушылық сезімін тудырып, мүсіркей беру оларды боркемік етіп жібереді. Бұлар орталыққа спортпен шұғылдануы үшін өз аяғымен жүріп, қолын қимылдатуды аңсап, армандап келді. Мақсатына жеткендері қаншама. Өкініштісі, бізге баласын арқалап, арбаға таңып әкелетін ата-аналардың қатары жылдан-жылға артып жатыр. Бүгінде «Жас жауынгер» орталығында 80-ге жуық ерекше бала жаттығу жасайды», деді С.Байымбетов.
Сонымен қатар бапкер «Жас жауынгер» орталығы еліміздің сегіз қаласында ашылып, ерекше балаларды спортқа баулып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Әрине, бүтіндейтін тұсы, кем-кетігін толтыратын дүние әлі де жетерлік. Балаларды спортқа баулитын бапкерлердің біліктілігін арттыру – бірінші кезектегі мәселе. Одан кейін залдың тарлығы да қысқа жіпті күрмеуге келтірмей отыр. Себебі спортпен шұғылданғысы келетін ерекше балалардың қатары тым көп. Ал олардың бәрі ширауы үшін жаттығу залдары ауадай қажет.
Орталықтың игі дәстүрінің бірі – тұсаукесер. Кәдімгі қазақтың жөн-жоралғысымен жүру бақытына ие болған балақайлардың тұсауы кесіліп, алғашқы қадам басу сәтін мерекелейді. Алты жылдың ішінде 50-ден аса ерекше баланың аяғына ала жіп байланып, белгілі тұлғалар жолымызды берсін деп жөн-жоралғысын жасапты. Ерекше балалар спорттың арқасында шет мемлекеттерге де жиі саяхаттап тұрады екен. Біріккен Араб Әмірліктеріне бірнеше бала барып келіпті. Алда Түркия еліне аттанбақ. Мұндай мүмкіндік пен орайлы сәтті кәсіпкерлер тудырып отыр. Орталыққа ата-ана баласын тегін қатыстырады. Ерекше балаларды спортқа баулуды қолға алған ұжым бүгінде «Қазақстан халқына» қорымен меморандум жасасқан. «Жас жауынгердің» сегіз қалада бөлімшесі ашылып, ерекше балаларды спортпен шыңдап келеді.
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мұндай орталықтардың көптеп ашылуы ерекше балалардың бойындағы сенім отын маздататынын айтады.
«Жас жауынгер» клубындағы бапкерлердің балаға деген сүйіспеншілігі мен мейірімділігі, қамқорлығы айрықша. Орталыққа келетін балалардың көзіндегі ұшқынды көргенде рухың оянады. С.Байымбетов секілді сауапты істі атқарып жүрген азаматтарға қашанда қолдау қажет. Спорт терапиясын тереңдей сіңіретін мұндай бейімдеу орталығынан қамқорлықты аямау керек», дейді депутат.