«Жолға түс, жол өзі апарады» дейді ілгерідегі данышпандар. Ал оны қысқартпақ болып, жолдан бұрылып кеткен жанның жағдайы не болмақ? Адасып кету қауіпті шығар, ал адасып жүргеніңді білмеу – қасірет...
Режиссер Ақан Сатаевтың 2009 жылы жарыққа шыққан «Адасқан» фильмі көрерменді осындай ауыр сұрақтардың астына алып, қалың ойдың құшағына қалдырып кеткен болатын. Мистикалық триллер жанрында түсірілген көркем туындының мазмұны кең, тағлымы терең.
Оқиға желісі бойынша бас кейіпкер әйелі және кішкентай ұлымен бірге ұзақ жолға шығады. Жанармайы таусылып жатқанын байқаған ол, жолды қиып өтуге шешім қабылдайды. Көп ұзамай отбасы маң далада адасып, жолда қалып қойғанын түсінгенде, олардың көлікте түнеуден басқа амалы қалмайды. Келесі күні кейіпкеріміз жалғыз оянады. Әйелі мен баласын іздеуге шыққан ол жапандағы жалғыз үйді көзі шалады. Барса «біртүрлілеу» шал мен жас қыз бірдеңені білетін сияқты. Бірақ екеуі де сөзге сараң. Ал арагідік айтып қалатын екіұшты дүдәмал ойлары жас жігітттің күдігін одан сайын арттыра түседі.
Осы тұста Тұңғышбай Әл-Тарази сомдаған шалдың бейнесі тым ерекше. Көзі өткір, өңі сұсты, тым тәкаппар. Ал үстіне киген сұр шекпені мен оралған жылан бейнесіндегі түймелері жігіттің құтын әбден қашырады. Жанында жүрген қыздың да қабағы қатулы, сәлемі сатулы. Жігіттің артықтау сұрағына ол «жауабы өкіндіретін сұрақты не қыласың» деп қысқа қайырады.
Бірде жігіт шал мен қыздың құлыпталған бір бөлмесінен әйелі мен баласының киімдерін байқайды. Ал бір күні көлігі аяқ астынан өртеніп кетеді. Жігіт барлығын шалдан көреді. «Мұның барлығын сен істедің. Отбасымды сен өлтірдің», – деп ақырады. Шал болса асқақ қалпында қала береді де, бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді: «Сен тағы әдеттегідей өзіңнен көрмей тұрсың...». Бұл сөздің артында әйгілі «Фауст» шығармасындағы әзәзіл Мефистофельдің ойы сығалап тұр. Онда залым күш иесі адамға удың неден жасалатынын үйретсе де, оны өзі дайындауға шамасы жетпейтінін жеткізеді. Расында, адам тағдыры өз қолында. Ешбір пенде ықтиярсыз жаман болмайды. Ол өзінің ынтасымен жаман болады және оны осы жолға түсуге ешкім мәжбүрлемейді. Хакім Абайдың «Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек» деген ғақлиясы жоғарыдағы ойымызға ап-анық сәуле түсіріп тұр.
Жалпы, жоқ іздеу – адам табиғатында бар құбылыс һәм жақсы құбылыс. Мәселе – жоқты қайдан іздеуде. Біреу сырттан іздейді, біреуі іштен іздейді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, жоғын іштен іздеген жандардың рухани кәмелетке ертерек қол жеткізіп, кісілік биігіне көтерілгенін байқаймыз. Ал бұл жолы біздің кейіпкер өз ішіне үңілмеді. Бәлкім, қорықты. Жүректің қоп-қою қараңғы түнегіне тығылған жыртқыштар мен құбыжықтардан шошыды.
Жігіттің санасы сан саққа бөлініп, ақыл-есінен әбден адасты-ау дегенде шал барлық ақиқатты айтатын болып шешеді: «Қайбір кезде сен бізден отбасымды көрдіңдер ме деп сұрадың. Жауап берейін, көрдім. Мен олардың тіпті қай жерде екенін де білемін. Білгің келсе, олар тым алыста. Зады, олардың рухы алыста. Ал мұнда олардың тәні ғана жерленген». Жігіт қанын ішіне тартып, сұрлана қалады. «Олар өлген. Дұрысы, өлтірілген... Сенің қолыңмен», дейді тәкаппар шал. Сөйтіп олардың көмілген жерін жігітке көрсетеді.
Иә, барлығын жасаған жігіттің өзі. Наркотрафикпен айналысатынын жасыру үшін көлікке әйелі мен баласын ала шыққан қылмыскер. Жолдан адасып, тауарды уақытында жеткізе алмай қалғаны үшін «із жасырған» сыңайы.
Жігіт өз әрекетіне өзі сенбей қалш-қалш етеді. Ал құлағында шалдың өктем дауысы жаңғырып тұр. Осы сәтте тапсырыс берушінің баскесерлері сау ете қалады. Жағасынан жұлмалап, жігіттің ұнтақты қайда жасырғанын сұрайды. Ал ол болса «Мен адасып қалдым...» деген сөзді қайталай береді.
Расында, ол адасып қалды. Адамшылықтан басқа жолға өз еркімен бұрылды. Сол жолда бәрін тәрк етті. Осылайша, өзін де жоғалтып алды. Ақыр аяғында тапаншаның нысанасына кезеліп тұрып, кенеттен «құдай, кешір мені» деді адасқан жігіт. Шал мен қыз шаңқ етті. Баскесерлер жігіт таппаған тасжолға бірден түсіп алып, жөнімен кете барды.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді халық. Ал біздің кейіпкер өз «үйірін» таба алмай қалды. Бәлкім, өзін таба алмады...