• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Наурыз, 2024

Ұлы кобзарь рухы асқақтады

214 рет
көрсетілді

Украин халқының ұлы перзенті, ақын, ғалым әрі суретші Тарас Шевченко өз елінің ғана емес, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде де есімі ерекше аталатын тұлға ретінде тарихта қалды. Небәрі 47 жасында өмірден озған ақын әлем әдебиетінің алтын қорына мол туындыларын қалдырып, адамзат руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен суретші шығар­ма­ла­ры­ның көрмесіне жиналған жұрт осындай ой-пікірімен бөлісті. Сондай-ақ Шевченко күндері аясында көрнекті украин ақыны, ұлы кобзарь Тарас Шевченконың туғанына 210 жыл толуына арналған іс-шараға Украина елшілігінің өкілдері, белгілі тарихшылар да қатысты.

Елордалық «Ватра» украин мәде­ни орта­лығы мен Ұлттық акаде­мия­лық кітапхананың ұйымдас­ты­руымен өткен көрме Украинаның Қазақ­стандағы елші­лі­гінің қолдауы­мен өткенін айта кету керек. Шевчен­коның әдеби мұрасы, атап айт­қанда, «Кобзарь» жинағы – қазіргі украин әдебиетінің негізі. Суретші ретінде де тарихта аты қалған ол өмі­рінің соңғы күндеріне дейін украин халқының санасын оятуға жұмыс істеді. Ал қазақ даласына тағ­дыр айдап келген ақын жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ден қойып, көптеген шығарма жазып қалдырды. 20-ға жуық повесть, жүзден астам өлең жазды, 500-ге тарта сурет салды. Ғалымның соңында мұра болып 100-ге жуық өлең мен 20 поэ­ма, сондай-ақ 442 сурет қалса, оның 250-ден астамы қазақтың даласы мен тарихына, тұрмысы мен табиғатына арналған. Оның осы бір баға жетпес байлығы үшін қазақ халқының ақын-жазушылары да ақынға арнап шығарма жазды. Бүгінде елімізде суретшінің құрметіне қойылған ескерткіш те, көше де бар. Мәселен, Ақтау қала­сында Тарас Шевченконың ескерт­кіші бой көтерген. Мүсін 1982 жылы тұрғызылып, 2014 жылы қайта қалпына келтірілді.

Көрмеге қатысқан қонақтар «Шев­­­ченко қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосып қана қойған жоқ, қазақ мәдениеті де Шевченко шығар­­­ма­шылығының дамуына әсер етті» деген тұжырымға тоқталды. Астана қа­ла­­­­сындағы «Ватра» УМО ке­ңе­сі­нің төрағасы Тарас Чернеганың айтуын­­­ша, 47 жыл өмір сүрген ақын 20 жылдан сәл астам уақытын ғана шығармашылыққа арнады. Соның жартысы қазақ жерінде өтті. Сондықтан ақынның өмірі мен шығармашылығы Қазақстанмен тығыз байланысты. Азат ойлы өлең­дері үшін орыс патшасының жар­лығымен Орынборға, ал 1850 жылдан бастап Маңғышлақ түбегіне қатардағы жа­уын­­гер ретінде жер аударылды. Осы жер аудару кезеңінде Тарас Шев­чен­ко  шығармаларының едәуір бөлі­гін, әсіресе көркем туындыларын Қа­зақ­станға арнады. Жер аударылған жылдары салынған 450 картина мен суреттің 350-ден астамы қазақ халқы мен оның өміріне арналған.

«Патша үкіметі кезінде қатаң қа­да­­ғалауға қарамастан, ақын Ресей патшасына қарсы өлеңдер жазып, сурет салды. Шығармаларын кішкентай қойын дәптерге жазып, етігінің ішіне жасырып жүрген. Патша үкіметінің бақылауында болғанына қарамастан, сол кезеңде Арал экспедициясының мүшелігіне алынды. Себебі сол уа­қыт­та сурет сала алатын адамдар аз болды. 1848 жылы экспедиция Арал теңізін зерттеуге көшті. Яғни Ресей патшасы қазақ жерлерін одан әрі отарлау мақсатында жер қой­науын, қазақ жерінің байлығын зерттеуге арнайы топ жіберген. Ал Тарас Шевченко осы экспедицияда 500-ге жуық сурет салған. Оның ішінде 350-і тек қазақ халқына, қазақ балаларына, пейзаждардың эскиздеріне арналды. Мысалы, «Атқа мінген қазақ», «Арал теңізінің жағасындағы қазақтың киіз үйлері», «Қосаралдағы қазақтардың қыстаулары» секілді Шевченко туындыларында қазақ халқының, әсі­ресе Маңғыстау жерінің көрікті жерлері бейнеленген», дейді ол.

Сондай-ақ Тарас Чернега «қазақ халқы ақынның еңбегін ешқашан ұмыт қалдырған емес», деді. Қазір елімізде суретшінің атымен аталатын форт бар. Бұдан басқа респуб­ли­камыздың түрлі қаласы мен аудан орталықтарында көптеген көше мен алаң, ескерт­кіші бар. Ол болашақта осындай ескерт­кіш Астанада бой көтерсе деген ойын жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы Жарас Ермекбайдың айтуынша, Тарас Шевченко секілді ұлы тұлғаның есімі украин халқының ғана емес, қазақ халқының да жүрегінде ойып орын алады. Өз заманында оның шығармалары азаттыққа үндеуімен Патша үкіметіне жақ­пады. «Соған қарамастан патшаның бұй­рығымен құрылған экспедицияға мүше болды. Себебі оның қарым-қабі­леті қажет еді. Бірақ император оған Арал туралы жазуға, сурет салуға түбе­гей­лі қарсы болған. Тіпті соңынан адам салып, аңдытып қояды. Алайда им­пе­ра­тордың бұйрығына қарсы шығып, сурет салған. Оның сурет салуына рұқ­сат берген генерал мен офицерлерге сөгіс беріліп, оны бұрынғыдан да қатты аңдытады. Бірақ ол сурет са­лып, шығарма жазуын­­ қоймады. Соның арқасында қазақ хал­қының тұр­мысы, сол кезеңнің то­лық­қанды та­би­ғаты ұрпаққа мол мұра болып қал­ды. Ақынның замандастары да оны ерекше құрметтеді. Тарас Шевченконың көптеген поэтикалық жауһары қазақ тіліне аударылған. Ол туралы қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин және басқа да бірқатар әдебиетші жылы лебізін білдірді. Меніңше, ол туралы кітап­тар әлі де шығады. Себебі ол – ақын, прозашы, ғалым, суретші ретінде үл­кен қызығушылық тудыратын тұлға», дейді тарихшы.

Іс-шара соңы керемет қойы­лым­мен жалғасты. Украи­наның еңбек сіңір­ген ха­лық әртісі, халықаралық во­­кал­дық кон­курстардың лауреаты Ирина Шинкорук пен оның ұлы көр­некті тұлғаның құр­метіне жыр арнап, қос халықтың достығын паш ете түсті.