12 наурыз күні Ресей Федерациясының Рязань облысының Сасово қаласындағы «Спорт планетасы» аталатын дене шынықтыру және спорт кешенінде шаңғымен жарыс кезіндегі үшсайыс спорт дисциплинасы бойынша полиатлоннан әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
40-59 жас аралығындағылар арасында бәсекеге түскен Ұлттық ұлан академиясының дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы подполковник Мақсат Нүсіпов үшінші орын алды.
Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Мавритания, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей спортшылары қатысты.
Марапаттау рәсімі «Спорт планетасы» әмбебап залында салтанатты жағдайда өтті. Жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлерін халықаралық полиатлон қауымдастығының президенті Евгений Столяров, Бүкілресейлік полиатлон федерациясының президенті Олег Лисов, жарыстың бас төрешісі Сергей Икрянников, сондай-ақ Сасов қалалық округі Думасының депутаты, «Спорт планетасы» кешенінің директоры, полиатлоннан Ресей спорт шебері Виталий Икрянников марапаттады.
- Мен ақпан айының соңында Қостанай қаласында осы спорт түрінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орын иелендім. Осыдан кейін мені ұлттық құрамаға қосты. Чемпионаттың барлық қатысушылары жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Жарыстарды ұйымдастыру және өткізу жоғары деңгейде болды. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына еліміздің атынан халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, – деп атап өтті подполковник Мақсат Нүсіпов.
Айта кетейік, жарыс үш кезеңде өтті бірінші күні қатысушылар пневматикалық мылтықтан ату бойынша мергендік танытты, екінші күні барда тартудан сынға түсті және жарыстың соңғы күні спортшылар 5 км қашықтықта шаңғы жарысы бойынша бақ сынады.
Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының құрамасы командалық біріншілікте екінші орын алды.