14 наурыз - Амал мерекесі, көрісу күнінде «Бармысың бауырым» радио-хабарының ұжымы қуанышты жаңалықты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақ радиосының» толқынында 1 апта бұрын анасын іздеп келген Роза есімді кейіпкердің ата-анасы табылғаны жарияланды.
Журналист Қымбат Досжан кейіпкермен телефон арқылы тілдесіп, сүйінші хабарды жеткізді.
«Көрісу күнінде өзіңе осындай жақсы жаңалықпен шығып отқанымызға біз де бақыттымыз. Бір Қазақстан жеріндеміз ғой, ата-анаңмен кездескеннен кейін жағдайдың қалай болғанын өздері өзіңе түсіндіріп айта жатар. Бірақ студия төрінде, бізге қонаққа әкеңнің туысы келіп отыр», деді Қымбат Досжан тікелей эфирде.
Арқалықтағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 1 жасар Розаны Бағұсовтар отбасы қанатының астына алады. Сол жолы ол балалар үйіндегі Нұрлан есімді азаматпен бірге аталған отбасының қамқорлығына өтеді.
Эфир барысында Нұрланның да анасы табылды. Айгүл есімді келіншек бельгиялықтар асырап алған Жани Савельевті «менің балам болуы мүмкін» деп алғаш ДНҚ анализін тапсырған келіншек екені белгілі болды. Жанидің анасын іздеп келуінің арқасында Айгүл 20 жыл іздеген баласын тапты. Ол «Бармысың бауырым» радио-хабарының тікелей эфирінде баласын перзентханаға тастап кету себебін егжей-тегжей түсіндірді.