• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 15 Наурыз, 2024

Ұшы-қиыры жоқ киберқылмыс

119 рет
көрсетілді

ІІМ-нің дерегінше, биыл республика бойынша 3 600-ден аса интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Киберқылмыстан азаматтарға 21 миллиард теңге шығын келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға көп. Тіпті кейінгі жеті жылды есепке алсақ, 10 есеге өсіпті. Жоғарғы сотта белгісіз біреулердің нұсқауымен әрекет етіп, сан соғып қалған жәбірленушілердің ісі қаралды.

Қазір киберқылмыс өршіп тұр. Технологияның дамуымен әккілердің әдіс-тәсілдері де күн сайын жаңарып жатыр. Бірі өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, әлдебіреулер мүлкін иемденбекші болғанын айтып дүрліктіреді. Енді бірі банк менеджерінің атын жамылып, қара ниетін жүзеге асырады. Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасында алаяқтық қылмыстың құрбаны болған жәбірленушінің құқығы қорғалды.

– Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қарауында интернет алаяқтық сот ісі қаралды. Әйел белгісіз біреулердің нұсқауымен әре­кет етіп, несие рәсімдеп, ке­йін өз пәтерін басқа адамға арзан­датылған бағамен сатып, ал­ған ақшасын жауапкерлердің есепшоттарына түгел аударып бергенін айтқан. Осылайша, ол төрт жауапкерден негізсіз баю сомасын өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Аудандық полиция бөлімі алаяқтық фак­тісімен қылмыстық іс қозғады. Жергілікті соттар белгісіз тұлғалардың әрекетінде алаяқ­тық белгілері бар екенін, тиісінше, жә­бірленушіге қылмыспен кел­тірілген материалдық залал­ды өтеу қылмыстық іс аясын­да шешілуге тиіс деген уәж­бен жасалған шағымды қанағат­тандырудан бас тартқан. Ша­ғымданушы сот актілерімен келіспей, кассациялық сот алқасына шағымданған. Сот алқасы анықтағандай, пәтерді сату алдында шағымданушыға белгісіз біреу хабарласып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтар оның пәтерін иемденбек болғанын айтқан. Артынша шағымданушыға өзін Ұлттық банктің маманы деп таныстырған басқа адам қосылған. Оның көрсе­туі бойынша, әйел екінші дең­гейлі банктерден қарызға қара­жат алуға өтініш жазып, кейін оны жауапкерлерге аударған. Осы адамдардың ықпалымен ша­ғымданушы өз пәтерін сатып жіберген. Түскен қаржы жауап­керлердің бірінің есепшотына жіберілген, – деді Жоғарғы сот судьясы Баян Тоқтарова.

Алайда жауапқа тар­ты­лу­шылардың бірі карталарын жоғалтып алдым десе, енді бірі ақшаның түспегенін айтып ақталған. Бұл ретте Сот ал­қасы екінші деңгейлі банк­терден алынған түбіртек түрін­де ұсынылған дәлелдемелер жәбірленушінің төрт жауапкерге 19 миллион теңгеден астам қаражат аударғанын анықтап берді.

– Егер жауапкер картасын жоғалтса, бірден кез келген қызметті бұғаттауға тиіс еді. Оған белгісіз біреулерден ақша аударылғанын көрсе, ол алдымен ақшаның қайдан, кімнен, не үшін түскенін банкке барып, анықтауы қажет. Кейін түскен қар­жыны бірден иесіне қайтаруы керек. Бұл жағдайда жауап беруші оны істемеген. Сот алқасы талап қоюшыдан олардың есепшоттарына ақша қаражаттары түскені анықталғандықтан, жауапкерлер бұл сомаларды алудың заңды негіздерін дәлелдемегендіктен, іс бойынша жауапкерлердің негізсіз баюы болған деген қорытын­ды­ға келді. Ақша түскеннен ке­йін жауапкерлер оны алу се­бептерін анықтау шараларын қол­данбағандықтан, Сот алқа­сы олардың кейінгі әрекеттерін, ақ­шаны басқа тұлғаларға негізсіз аударып қаржыға өз қалауы бо­йынша иелік ету деп санады, – деді Жоғарғы сот судьясы.

Кейінгі уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті де күшейіп кетті. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Яғни кез келген адамның атын жамылып, Whatsapp-тан жақын туыстары, достары не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Көзсіз сенгендерді әккілер осылайша сан соқтырады. Сондықтан мамандар барынша қырағы, абай болуға кеңес береді.