Көкпен иық тірескен қарағайлы таудың ортасында көздің қарашығындай болып мөлдіреп жатқан «Көлсай көлдерін» қызықтаушылардың қатары жылдан жылға артып келеді. Жыл он екі ай адам аяғы арылмайтын бұл аймақ – Алматы облысының ғана емес, отандық туризмнің қайнар көзі десек қателеспейміз. Себебі бұл өңірге алты құрлықтан ағылатындар көбейген.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде теңіз деңгейінен 2 130 метр биіктікте – төменгі Көлсай, 2 600 метр биіктікте – ортаңғы Қайыңды көлі, 3 000 метрге жуық биіктікте жоғарғы Көлсай көлі орналасқан. Сұлулығымен көз сүйсінткен көлдерді тамашалауға былтыр 250 мыңға жуық турист келген. Бұл – отандық туризмнің дамуына оң ықпал емес пе?
Еске салсақ, 2021 жылы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резервтер желісіне енгізілген. Су ішінде бой түзеген қайың ағаштары бар Қайыңды көлі әлемдегі ең әдемі 15 көлдің тізіміне кірген. Ал «Көлсай көлдеріне» жақын Саты ауылы былтыр Дүниежүзілік туристік ұйымның «Үздік туристік ауыл» марапатын иеленіп, мерейін өсіргенін ескерсек, бұл да өңірдің туристік әлеуетінің арта түскенінің дәлелі.
Алайда туристік аймақта шешімін күткен өзекті мәселелердің бары аз айтылып жүрген жоқ. Соның бастысы – инфрақұрылымның нашарлығы. Электр қуатының жеткіліксіздігі, байланыстың төмендігін былай қойғанда дәретхана мен автотұрақ жайы да маңызды мәселеге айналғалы қашан?
Соған қарамастан табыс көзіне айналған Көлсай көлдерінің маңайында бірнеше туристік нысан бой көтеріп, жұмыс істеп жатыр. Бұлардың көшбасында «J.S Travel» қонақүй кешені орналасқан. Жуырда Саты ауылының тұрғындары осы қонақүйден кәріз қалдықтарының жақын маңдағы Көлсай көліне төгіліп жатқаны туралы бейнебаян түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл – желі қолданушыларының ғана емес, экологиялық ахуалға алаңдаған ауыл тұрғындарының үлкен наразылығын тудырды. Аталған олқылыққа байланысты жергілікті әкімдік, ұлттық парк өкілдері, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары бас қосты.
«Көлге жақын орналасқан «QazNomad» және Өскенов Қанаттың демалыс кешендері мен асханаларының барлығы алынып тасталсын немесе 1,5 шақырым қашықтыққа көшірілсін. Бұл нысандардың бірде-бірінде кәріз жүйесі жоқ. Кәріз қалдықтарын әлгіндей әдіспен ағызып жіберіп, кәсіпкерлер көл суын ластап жатыр. Табиғаттың бізге берген сыйын бүлдіруге жол бермейміз. Біздің бар тілегіміз – туған жер төсіндегі Көлсайды көздің қарашығындай сақтап қалу ғана. Егер пайданы ғана ойласақ, онда табиғаттың мына сұлулығынан аз уақытта айырылып қаларымыз анық», деген ауыл тұрғындары өздерінің талап-тілектерін төтесінен қойды.
«Кәріз суы көлге емес, төтенше жағдайлар басқармасына тиесілі қара жерге аққан. Оның себебі, біз осы құрылысты қолға алған жылдан бастап, осыдан 8 шақырым жерден кәріз қалдықтарын төгетін полигон салдық. Оған өз қалтамыздан 50 млн теңге қаржы құйдық. Оны тасымалдайтын арнайы көлікті 2 млн 250 мың теңгеге сатып алып, бүгінге дейін сол жаққа тасымалданды. Жақында машина бұзылып, салдарынан осы оқиға орын алды. Оны мойындаймыз. Комиссия құрылып, тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1,5 млн теңге айыппұл салды, төледік. Комиссия шешімі шыққанша сәуір айына дейін жұмысымыз тоқтатылды», деген «J.S Travel» ЖШС-нің құрылтайшысы Марат Жөргенбаев бұл бір күндік мәселе еместігін ашып айтты.
«Қонақүйлер бой көтере бастаған алғашқы жылдары бас-аяғы он шақты ғана үй бар еді. Қазір бізден бастап Саты ауылына дейін 130-дан аса қонақүй бар. Оларда автономды септик болғанымен, кәріз суларын төгетін орын жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Мұны көтеріп келе жатқанымызға 4 жылдың көлемі болды», деген Марат Әкебайұлы туристік аймақтағы кәріз проблемасын шешуге кәсіпкерлердің шамасы келмейтінін, оған мемлекет тарапынан қолдау керектігін алға тартты.
«Таулы аймаққа құрылыс салу өте қиын. Транспорт шығыны шаш-етектен келеді. Соған қарамастан ұлттық парктің барлық талабын орындап, өздерінің көрсеткен жеріне құрылыс салдық. Кеткен кемшілікке орай халықтан кешірім сұрадық», деген құрылтайшы талай жылдан бері түйіні шешілмей келе жатқан маңызды мәселеге қоғамның назары ауғанына қуанып отырғанын жасырмады.
Табиғат жанашырларының шуынан соң отандық туризмді дамытуды қолға алған кәсіп иелері жұдырықтай жұмылып, кәріз құрылысын салу қажеттігін Үкімет назарына ұсынуға бел буған. Өйткені туристік бизнес бастау алған жылдары Көлсайға 20 мыңға жуық адам келетін болса, кейінгі жылдары ол көрсеткіш он есеге ұлғайып, 200 мыңға жуық турист келетіні тілге тиек болды. Сондықтан туризмді тек табыс көзі санамай, оның мәдениетін қалыптастыру бүгінде аса маңызды. Бұл орайда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инвесторлар тарту мәселесін қолға алып, алғашқы қадамдар жасалып жатыр екен.
«Компания бойынша кемшіліктер анықталып, экологиялық департамент айыппұл салды. Бұл кемшіліктер кәріз жүйесінің жоқтығынан болған. Осыған орай, төменге қарай 9 шақырым болатын аймақтан 3 гектар жерге кәріз полигонын салуды белгіледік. Қазіргі таңда аудан әкімдігімен жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама жұмыстарына 23 млн теңге бөлініп, игерілді», деген Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы құжаттамаға сәйкес сүзгі алаңын салуға 760 млн теңге қажеттігін жеткізді.
Өңір басшысының қадағалауындағы кәріз суын төгетін орынның құрылысы алдағы жылы басталып, 2026 жылға қарай қолданысқа беру жоспарланғанын айтқан аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы сүзгіден өткен суды тұрмыстық қолданысқа пайдалануға болатыны туралы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Әкімдік өкілінің сөзіне сүйенсек, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық парк аумағында 14 нысан бой көтеріп, оның үшеуі заңсыз құрылыс нысаны болып саналып, облыстық құрылыс басқару басқармасы арқылы айыппұл салынған. Сондай-ақ 1 құрылыс нысанын сүру бойынша сотқа талап-арыз жолданған. Алдағы уақытта көлдің маңайына салынып жатқан құрылыс нысандарының заңдылығына тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңсыздықтар орын алған жағдайда қалыпқа келтіру көзделген.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Туристік нысандар сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сусымалы топырақтан пайда болған тау қойнауына үздіксіз сіңіп жатқан судан топырақтың көшу қаупі туындауы мүмкін деген қауіп жоқ емес. Оған қоса Көлсай көлі мен өзенге қосылған кәріз суы қоршаған ортаның ластануына, табиғаттың тозуына әкеп соқтырары сөзсіз деген уайым сатылық ағайынды түнде ұйқысынан, күндіз күлкісінен айырды.
Алматы облысы