• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағзым 14 Наурыз, 2024

Қаламгер рухына құрмет

170 рет
көрсетілді

Сүйегіне сөз сіңген белгілі журналист, қоғам қайраткері Баттал Жаңабайұлының дүниеден озғанына да көп уақыт өткен жоқ. 95 жасқа қараған шағында бақилық болған сөз зергеріне деген жамбылдықтардың құрметі бөлек.

Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде облыстық газетті 20 жыл бойы басқарған қаламгердің қайраткерлігі туралы көнекөз замандастары есті естеліктерін айтудан жалыққан емес. Бірнеше буын тілшіні тәрбиелеген Баттал Жаңабайұлының табандылығының арқасында қазіргі кезде Шерхан Мұртазаның атымен аталатын баспасөз үйі журналистерге бұйырыпты. Бұдан өзге де ірі істері аз емес.

Байсалды қалпынан танбаған, кісілік келбетін жоғалт­паған ақсақал тұрған үйге жергілікті билік ескерткіш тақта орнатты. Облыс басшысы Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қаламгердің 95 жылдығына арналған ірі іс-шаралар алдағы уақытта ретімен ұйым­дастырылады.

Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баттал Жаңабайұлы тұрған үйге орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, қаламгер рухына құрмет көрсетті.

«Баспасөздің рөлі қоғам үшін қай кезде де зор. Әсіресе 100 жылдан астам тарихы бар облыстық «Ақ жол»газетінің орны бөлек. Қаламгер ағамыз өңір шежіресін тасқа таңбалаған осы басылымды 20 жыл бойы жемісті басқарғаны белгілі.

Қазақ халқы «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенді текке айтпаған. Өңір руханиятының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ардагер журналистің жүріп өткен жолы кейінгі буын жастар үшін таусылмас өнеге десек те болады. Жастар ол кісінің есімін ешқашан ұмытпайды. Біздің мойнымызға артылған міндет – ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Баттал ағаның өмір жолы мен еңбегін ел арасында насихаттау, өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу», деді Ербол Қарашөкеев.

Іс-шара барысында сөз алған жазушы-драматург Елен Әлімжан, Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, ардагер журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы аяулы аға туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

 

Тараз