Жаңа мазмұнда тойланатын Наурыз мерекесі қарсаңындағы «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні аясында Қызылорда қаласындағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив-суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың «Kilem Аrt» атты көрмесі көп назарын аударды.
Көрменің ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова ұлттық қолөнер дәстүрін дамытқан жаңашыл жанр шеберінің жұмыстары осыған дейін де еліміздің әр түкпірінде көрермен назарына ұсынылғанын атап өтті. «Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында былтыр ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығы жүйелі жұмыс жасап тұр. Орталықтың бірінші қабатында жергілікті шеберлердің көрмелері, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Ондағы «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасы авторларының бірі бүгінгі көрме иесі Дәулетбек Тойшыбаев», деді басқарма басшысы.
Шағын кілемдер бетіне түскен Сақ сұлуы, Сығанақ аруы, Бегім ана, Қыз Жібек, Дина күйші, жалпы 12 кілем-картинадағы бейненің бәрі Сыр қыздарының арнайы түскен фотоларынан көшірілген. «Жалпы, осы жұмысым арқылы мен қазақтың белгілі аналарының галереясын заманауи әдіспен жасағым келді. Жұрт қызығушылығы мен сұранысқа қарағанда талабым теріс болмаған сияқты», дейді реалист суретші.
Жергілікті Қорқыт ата университетін бітірген ол осы уақытқа дейін бірқатар байқаудың бас жүлдесін иеленіп, жұмыстары республикалық, халықаралық көрмелерге қойылған. Заманауи суретші стринг-арт әдісі арқылы қала сәулетін креативті муралдарымен байытып жүрген өнер иесі.
Қызылорда