• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Наурыз, 2024

Өзбекстанмен байланыс нығая түседі

167 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бек­тенов жұмыс сапарымен Өзбек­стан Респуб­ликасына барды.

Ташкентте Өзбекстан Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Үкіметінің басшысын қабылдады. Кездесу барысында қазақ-өзбек қарым-қатынастары жоғары деңгейдегі сенім мен өзара түсіністікке негізделген стра­те­гиялық әріптестіктің жарқын үлгі­сі екені атап өтілді. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы екіжақты тауар айналымы 4,5 млрд долларды құрады. Екі ел үкі­меттері тауар айналымын одан әрі арттыру үшін инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ари­пов­пен жүргізілген үкіметтік дең­гейдегі келіссөздер сауда-эконо­микалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік көлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту бойынша қабылданып жатқан шараларға арналды.

«Екі елдің президенттері қазақ-өзбек ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығару міндетін қой­ды. Тауар айналымын арттыру үшін зор әлеует бар екенін көріп отыр­мыз, сондай-ақ екіжақты және көп­жақты форматтардағы өзара іс-қимыл­дың жоғары нәтижелеріне жету үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмылдырамыз», деді О.Бектенов.

Өз тарапынан Абдулла Арипов екі мемлекет басшылары дең­гейін­дегі сенімді және дос­тық қа­тынастар стратегиялық әріптес­тік пен одақтастықты нығайтудың маңызды факторы екенін айтты.

«Екі елдің көшбасшылары Қазақ­стан мен Өзбекстан арасын­дағы көпжоспарлы қатынастарды одан әрі кеңейту бо­йынша нақты міндеттерді айқындады. Осы міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға да­йын екенімді білдіремін», деді А.Арипов.

Тараптар өнеркәсіптік кооперация саласындағы елеулі прогресті атап өтті және оны әрі қарай дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік кооперация аясында 13,3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2,6 млрд доллар болатын 60 жоба іске асырылып жатыр. Қосымша 43 жобаның перспективасы да жоғары болып отыр. Екіжақты сауда әлеуетін одан әрі кеңейтуде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына маңызды рөл беріледі. Сонымен қатар екі ел арасында ауыл шаруашылығы саласында толық өзара түсіністік жолға қойылған.

Келіссөздер барысында Қазақ­стан Үкіметінің басшысы өңірдегі транзиттік көлік әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ су пайдалану саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Оған қоса Олжас Бектенов қазақстандық тараптың Өзбекстанға 255 позиция бойынша 500 млн доллар сомасына экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысында Олжас Бектенов пен Аб­дул­ла Арипов Қазақстан мен Өзбек­стан үкіметтерінің екіжақ­ты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бо­йын­ша арадағы ынтымақтастықты кезең-кезеңмен дамытуға бар күш-жігерді салуға дайын екенін растады.

Жұмыс сапары барысында Қазақ­стан Премьер-министріне Ке­ден­дік ресімдеу орталығының элект­рон­дық декларациялауға кө­шу арқылы әкімші­лендіруді жетіл­діру саласындағы тәжірибесі көрсетілді.

Сондай-ақ Олжас Бектенов Texnopark-қа барып, өнеркәсіптік, электрондық, құрылыс өнімдерін, өнеркәсіптік және коммуналдық энергетика жабдықтарын, оның ішінде лифтілер мен эскалаторларды жоғары технологиялық өндіру үдерісімен танысты.