• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2024

Қуаныш қоржыны

150 рет
көрсетілді

«Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы наурыз мерекесіне орай балалар үйіне, көпбалалы және ерекше баласы бар отбасыларға ұлттық дәм мен тағамдарға толы «тарту» табыстап, еңбек адамдары мен ұлт зиялыларына «сыбаға» таратты.

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мере­кеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерек­шелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық біре­гей­лі­гімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деп баса айт­қан еді. Осы орайда жоба бастамашысы «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қа­лым­байұлы да ұлыс күнін ең әуелі балалар күтетін мерекеге айналдыруды мақсат етіп отырғанын айтады.

Мейрамның басты кейіп­керлері ретінде ұйымдас­ты­рушылар Қыдыр атаның қасына немересі Бақ-баланы қосуды жөн санаған. Ай­туынша, бұл – қазақтың «бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген батасынан алынып отырған ой. Расында, Қыдыр атаның немересімен жүруі – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық тәрбиесін көрсететін көркем рәміз іспетті.

Ұйымдастырушылар Наурызды мере­ке­леуді Алматы облыстық №1 балалар үйі­нен бастады. Әр тәрбиеленушіге киіз үй пі­ші­нінде тігілген балаларға арналған «Тар­­ту» қор­жы­ны табысталды. Қоржында Қазақ­­стан­ның әр өңірінен жеткен ұлттық дәм­­дер салынған. Олардың саны – жетеу. Сон­­дай-ақ Алтайдың балы, Алматының алма­сы секілді еліміздің брендтері мен бала­ларға арналған кітап та қоржынға салын­ған.

Наурызда жастар үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсетіп, бата­сын алған. Ұлттық жобаны ұйым­дас­тырушылар да Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов сынды ұлт зиялыларына, қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ еңбек адамдарына да сәлем бере барды. Оларға «сыбаға» қоржыны тарту етіліп, иық­тарына шапан жабылды. Қоржында жеті дәмнен бөлек, дәстүрге сай еттің сүбелі бөліктері қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған.

Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмі» ұлт­тық жобасын алдағы жылдары 14 нау­рыз­дан бастап айдың соңына дейін тұтас рес­пуб­лика көлемінде өткізуді жос­парлап отыр.