• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2024

Тілендиевтің тұяғы

2767 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бiрлес­тiгiнде күйші, композитор, «Халық қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтің ұлы Алмас-әлкей Тілендиевпен кездесу кеші өтті.

Іс-шараға университет ректоры Ерлан Сыдықов, профессор Серік Негимов, университет кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев бастаған ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер қатысты. Кешті жүргізген – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай.

«Кенжекең жүргізетін «Кәу­сар» мәдени-танымдық бір­­лестігі құрылған он үш жылдан бері біз елге белгілі ақын-жазушыларды, ғалымдар мен өнер қайрат­кер­лерімен кеш өткізіп келеміз. Ал бүгінгі күннің жөні ерекше. Қазір қалың көпшілікке ұлы тұлғаның беймәлім ұрпағын таныстырмақшымыз», деді Е.Сыдықов алғысөзінде.

Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін әуелі аз-кем тарихтан баян етейік. Осы уақытқа дейін ел алдына шықпаған кейіпкеріміз – әмеңгерлік салтпен композитордың жеңгесінен туған бала. Нұрғисаның туған ағасы Қаймолда 1941 жылы майданға аттанып, қайта оралмайды. Жақындарына «хабарсыз кетті...» деген қаралы хат келеді. Кейін соғыстан аман оралған Нұрғиса жеңгесі Фатима екеуі үлкендердің батасымен бас құрайды. Фатима көп ұзамай дүниеге ұл әкеледі. Баланың атын Алмас деп күйшінің өзі қойса керек. Тағдырдың жазғаны болар, бұл неке ұзаққа созылмайды.

Алмас Нұрғисаұлының айтуынша, әкесінің дарыны өз бойына да дарыған секілді. «Мамандығым энергетик болса да, музыка – менің айнымас жансерігім. Соның арқасында домбыра, аккордеон, трамбон аспаптарын емін-еркін меңгеріп алдым. Жасымда көркемөнерпаздар қойған концерттерге қатысып, ержеткен соң осы жолды таңдағым келді. Бір өкініштісі, бұл арманыма анам Фатима қарсы болды», дейді ол.

Фатима ана жайлы естелігін әрмен қарай келіні Галина Дайырбекқызы айтты: «Өзім келін болып түскен Баянауылда енемізбен бірге қырық жылдан аса бірге тұрдық. Обалы не керек, мені еркелетіп қызындай көрді. Біз үшінші баламызды дүниеге әкелгенде ауылға Нұрғиса Тілен­диев оркестрімен концерт қоя келді. Концертте композитор бізді нұсқап: «Мынау – менің балам, мынау – келінім мен немерелерім», деп таныстырды. Мен аң-таңмын. Кейінірек Фатима анамыздан «Неге бұл кісі бізді балам дейді?» деп сұрап едім, анамыз сұрағымды жаратпаған күйде «айтпай көрсін осыдан...» деп қысқа қайырды».

Композитордың ұлы мен келіні айтқан әңгіменің тағы бірі жазушы, журналист Серік Әбдірайымовтың «Қаһарман Нұрғиса» атты кітабы туралы болды. Бұл кітап олардың қолына кездейсоқ түскен көрінеді. Бақса, жинақта Н.Тілендиевтің «Халық қаһарманы» марапатын алған соң, композитордың атына келген жедел хаттар басылған екен. Құттықтау хаттарын парақтап отырып балалары төмендегі мына бір мәтінді көзі шалады. Онда: «Ата, сіздің «Халық қаһарманы» атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, амандық тілейміз. Ізгі ілтипатпен, Тілендиев жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан» депті.

«Бұны оқыған екеуміз аң-таң болып, көзіміз шарасынан шықты. Біздің тарапымыздан мұндай құттықтау болған емес. Кейін ойладық. Мұны атамыз ұрпақтарым кітап тауып, оқып, Нұрғисаның соңында бір тұяқ қалғанын ел біле жүрсін деп өзі жаздыруы мүмкін. Мәсе­ленің мән-жайын кітапты құрас­тырушыдан сұрамақшы болып іздестіргенімізде, ол кісі марқұм болып кеткен екен. Не дегенмен, кітапқа есіміміздің кіріктірілгені тарих мұрасына басылған мөр деп ұғынамын», деп еске алды А.Нұрғисаұлы.

Кеш соңында университет өнерпаздарының орындауында Нұрғиса Тілендиевтің әндері шырқалды.