• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2024

Дипломат кітабы

145 рет
көрсетілді

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада дипломат, ғалым Мұрсал-Нәби Тұяқбаевтың «Қазақстан-Франция мәдени дипломатия айшықтары» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға ғалымдар мен ақын-жазушылар, шет­елдердің дипломатиялық топтарының өкілдері қатысты. Мәдени жиынды қаламгер Әкім Ысқақ жүргізді.

Ең әуелі Ә.Ысқақ құттықтау сөзінен ке­йін, автордың тұлғалық болмысы мен еңбек жолына тоқталып, кітаптың мазмұны төңі­регінде ойын ортаға салды. «Мұнда қос мемлекеттің саяси-мәдени ұстанымдары, басқару жүйесі тақырыбында кешенді зерттеу жүргізілген. Сонымен қатар сол уақытта Франция билігінде болған Николя Саркози, оны ауыстырған Франсуа Олландтың ел бас­қарудағы ерекшеліктері туралы кеңінен баяндайды. Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты қатынастың даму барысына маман ретінде баға береді. М.Тұяқбаевтың бұл еңбегі – жас дипломатқа таптырмас тәжірибе талқысы», деді ол.

Төтенше және өкілетті елші, профессор Әділ Ахметов «жаратқанның елшісі» деген мағынаны білдіретін автордың есім-сойы оның расында да дипломаттық болмысын айшықтап тұрғанын айтып, жылы лебізін білдірді.

Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көп­шілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин мәдени дипломатияның саясаттағы маңызды рөлі мен оның мақсат-мұратына тоқталды. «Мен Мұрсал-Нәби мырзаның үнді халқының әдеби-мәдени қабатына терең үңіліп, ондағы қазақ халқы туралы дерек­тер­ді аршып алып, ортаға салған еңбегін қат­ты бағалаймын. Соның бірі үнді халық жырларында кездесетін жылдамдықты, өткір­лікті бейнелейтін «қазақтың жебесіндей» тұрақты тіркесі. Бұл дегеніңіз – өзге елдің мәдение­тін зерделей отырып, өз еліңнің рухания­тына олжа салу», деді ол.

Сонымен қатар іс-шараға арнайы қонақ­тар Үндістанның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Нагендра Прасада, Индоне­зия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман, Фран­ция елшілігінің мәдениет атташесі Клара Мей­сен қатысты. Олар М.Тұяқбаевқа әріптестік ілтипатын білді­ріп, мемлекетаралық ынты­мақтастық­тың нығаюына тілектестігін жеткізді. Өз кезегінде Үндістан елшісі Н.Пра­сада болашақта Қазақстан және оның мәде­ниеті хақында еңбек жазу ойында бар екенін жеткізді.

Жиынның қорытынды бөлімінде кітап­тың тұсауы кесіліп, автор жиналғандарға алғыс айтты.