Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы еліміздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері Мемлекеттік елтаңбаның бейнесіне қатысты көтерілген ұсынысқа Президент пікір білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырғанын еске салды. Жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажеттігіне де назар аударды.
«Біздің Герб сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе», деп қосты Е.Қошанов.
Палата төрағасы Президент депутаттардың бастамасымен әзірленген лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Есірткі өндіру мен тарату, вандализм және басқа да мәселелердің шешімі заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді.
Ерлан Қошановтың айтуынша, археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы да жетілдіру қажет.
«Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдау өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек», деп қорытындылады сөзін Е.Қошанов.