Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің өкілдері Денсаулық сақтау министрлерінің жетінші кеңесінде бас қосты. Астанада өткен кездесуге Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарының басшылары келді. Күн тәртібіне сәйкес, саладағы өзекті мәселелердің шешімі қаралып, тараптар ынтымақтастықты нығайтатын екіжақты келісімге қол қойды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер достық қарым-қатынасты нығайтуға, сан-саланы дамыту арқылы халықтың өмір сапасына әсер ететін бастамаларды бірлесіп іске асырып келеді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында тәжірибе алмасып, тұрғындардың өмірін ұзартуға септесетін ортақ мақсат-мұратқа талпынысы қуантады. Мұны форумда Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нұран Ниязалиев, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге атап өтті.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының жылдан-жылға дамып келе жатқанын байқаймыз. Ұйым мүшелері көпжақты келісімдер арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға күш салып жатыр. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар. ШЫҰ-ның стратегиялық жоспарларының әлеуеті жоғары. Соның ішінде сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, медицина саласын цифрландыру, медициналық туризмді дамыту, фармацевтикадағы байланысты ілгерілету, дәстүрлі медицинамен қатар төтенше жағдайларға қатысты шешімдерді кеңейтуге көңіл бөледі.
Ізінше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді тізбектеп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге табыс тіледі.
– Осы сәтте Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі, халықаралық тәжірибелер жайында хабарлағым келіп тұр. Бізде ауыл-аймақтарды сапалы медициналық көмекпен қамту үшін қашықтан қызмет көрсету, көшпелі медициналық кешендер мен медициналық пойыздар іске қосылған. Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау мақсатында Ұлттық жоба бекітілген. Екі жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысан ашылады. Осыған қоса дәрі-дәрмектің қолжетімдігін арттыру мақсатында ішкі нарықта отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу көзделген. Бүгінгі кездесуге жиылған әріптестердің осы бағыттағы мол тәжірибесін ескере отырып, медициналық өнімдер мен құралдарды Қазақстан аумағында өндіру бойынша келісімдерге дайын екенімізді жеткізгім келеді, – деді А.Әлназарова.
Сонымен қатар Президенттің ғылым және инновациялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария коронавирус пандемиясы тұсында қабылданған жедел шешімдерді еске салып, ғылымдағы жетістіктерге, биологиялық қауіпсіздік бағытындағы ортақ мәселелерге тоқталды. Сөзін түйіндей келе ШЫҰ-ға мүше елдерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысын қолдауға шақырды. Аталған агенттік құрылса, халықаралық келісімдерді нығайта отырып, биофармацевтиканы дамытуға ықпал етеді.
Кеңесте Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Андрей Плутницкий, Тәжікстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Амир Амирзода, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Асилбек Худаяров, өзге де тұлғалар саладағы жаңашылдықтар, халықаралық тәжірибе жөнінде баяндады.
Осы күні ШЫҰ-ға мүше елдердің делегация басшыларымен екіжақты кездесу өтті. Мысалы, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры, доктор Ханс Клюгемен кездесу барысында кадр даярлау, МСАК-тің жаңа стандарттарын енгізу, дәрілік заттарды таңбалаумен қатар Арал бассейні аумағында халықтың денсаулығын зерттеу үшін техникалық және консультациялық қолдау көрсету жайы келісілді. Ал Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Асилбек Худаяровпен кездесуде денсаулық сақтау саласындағы әріптестік ынтымақтастықты жандандыру, медициналық білім және ғылым ұйымдарының арасында жұмыс тобын құру жоспары ұсынылды. Сондай-ақ тараптар медициналық кадрларды даярлау стандарттарын біріздендіру, бірлескен ғылыми жобалар жүргізу, заманауи технологияларды, ерте скринингтерді қолдану, импортты алмастыру бойынша тәжірибе алмасу туралы келісімге келген.