Тұтас елді ұйыстырған Ұлыстың ұлы күнін елордадағы Достық үйі де ерекше атап өтті. Өзге этнос өкілдері ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ас беріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, думанды той ұйымдастырды.
Қазақы нақыштағы ұлттық киім, бозкілемде белдескен балуандар, алтыбақан тепкен жастар мен мерекенің әрін аша түсті. Елдегі 100-ден аса этнос өкілі осылайша «Қош келдің, әз Наурыз!» деп Достық үйі маңын қазақ аулына айналдырды. Жиылған жұрттың қарасы қалың, бірі көрісіп, бірі дәмнен ауыз тиіп, арқа-жарқа болды. Мерекені ұлықтағандар арасында жетпісті еңсерген әжей Сафура Ғабидоллақызы да бар.
«Наурыз – жыл басы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады. Бүгінде қазақ қоғамында айтулы мереке барша отандасымызға ортақ азаматтық мейрам сипатын алып келеді. Ата салтында Наурыз мейрамы болмаған өзге этнос өкілдері де мерекені тойлап жүр. Демек елдегі ынтымақ пен бірлік бекем деген сөз. Көз көрген дүниені бала санасында мәңгі сақтайды. Міне, осыны жастайынан ұғынсын деп, үйдегі екі немеремді ерте келдім», деді қала тұрғыны.
Асыр салып асық атқан балалардың күлкісі, үлкендердің жүзіндегі мейірім мейрамның маңызын ғана емес, елдегі өзге этнос өкілдерінің мәдени байланысының тереңдігін аңғартты. Көп ұзамай ұлық той мерекелік концертке жалғасты. Дүйім жұртқа Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жүрекжарды тілегін білдірді.
«Тәуелсіздік жылдарынан күні бүгінге дейін Наурыз мейрамының мән-маңызы артып келеді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Наурызнаманың онкүндігі бекітілді. Амал күнінен басталған мейрам еліміздің әр өңірінде жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр. Бұл – бірлік пен ынтымақ, жаңғыру мен жаңару, үміт пен ұмтылыстың мерекесі. Ұлыс оң, ақ мол болсын!» деді ол.
Мереке қарсаңында қайырымдылық жасап, үлес қосқан Ассамблея мүшелері марапатталды. Іс-шараға елшілер, Астана қаласы әкімдігінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, қонақтары қатысты.
«Бауырлас халық үшін мереке береке-бірліктен бастау алады. Өзбек халқының Наурыз мерекесін қарсы алу салты қазақ дәстүріне ұқсас. Олар да бұл күндері бір-біріне қонаққа барып, сан түрлі ұлттық тағам жасап, күрес, бәйге, асық ату сияқты ұлттық ойындарымызға қатысып, тамашалайды. Тамыры сабақтас мерекеде адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімді болып, жүректерін мейірімділікке толтыруға тырысады», деді Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев.