TikTok желісінде #Наурыз2024 онлайн-фестивалі басталды. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға арналған хэштег арқылы отандастарымыз еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше мерекелік сәттермен бөлісе алады. Ең үздік бейнематериалдардың авторларына бағалы сыйлықтар беріледі.
Бастама Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Мақсат – TikTok әлеуметтік желісін қолданушылары арасында төл мәдениетімізді насихаттау, сондай-ақ азаматтарды дүйім жұртпен шығармашылығымен бөлісуге шабыттандыру.
«#Наурыз2024 жобасының еліміздің мәдениетін жаһандық тұрғыда ілгерілетуде маңызы өте зор. Яғни TikTok-тың миллиондаған қолданушысы қазақ халқының ғажайып мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерімен таныса алады. Біз осы жоба көмегімен отандастарымыздың сүйікті мейрамдарын мерекелік көңіл күйде жақындарымен ғана емес, бұрынғыдан ауқымды, платформаның бүкіл аудиториясымен бөлісетіндері үшін қуаныштымыз», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Өткен жылы Наурыз мерекесіне орай қолданушылар 16 мыңдай бейнежазба жариялапты. Арасында сүйікті тағамдарының мәзірлерімен бөлісіп, елдің шалғайдағы елді мекендерінен арнайы репортаждар жүргізіп, ұлттық киімдердің көркемдігін паш етіп, тарихы мен әдет-ғұрыптар туралы әңгімелеп, думандатқан. Биыл да ұйымдастырушылар виртуалды әлемдегі үрдісті жалғастырып, бейнебаяндар мен фотоконтент жасауға шақырып отыр.
«TikTok – қысқа бейнебаяндар жасауға арналған жетекші қосымша. Мақсатымыз – адамдарды шығармашылыққа шабыттандыру. Қазірдің өзінде TikTok-та #Кazakhstan хэштегі бойынша 2,3 миллионнан астам бейнеролик жасалған. Платформа қолданушыларды түрлі тақырып бойынша контент түсіруге, яғни тағамдар әзірлеуден бастап ұлттық сән үлгілеріне дейін, аңыздар мен дәстүрлерден музыка мен биге дейін үндейді. Қоғамдастықтың белсенді қатысуы мен отандастарымыздың керемет шығармашылық рухының арқасында платформада дәстүр мен заманауи әуендерді жарасымды түрде үйлестіретін бірегей музыкалық тренд пайда болса, тіптен жақсы. Мысалы, халық әні «Қамажайдың» ремиксіне орындалған би», деді TikTok-тың Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы операциялық бөлімінің басшысы Екатерина Блинец.
Сондай-ақ фестивальға платформаның танымал креаторлары да қосылмақшы. Мәселен, республикадағы қалалардың мәдениеті мен тарихы туралы танымдық форматтағы контент авторы Митя Байназаров Наурыз шежіресі туралы негізгі бейнеролик дайындаса, ал елге @dombrart аккаунтымен танылған домбырашы Белес төл әндеріміздің шығу тарихын баяндайды.
Жобаға жауаптылардың сөзінше, #Наурыз2024 бастамасының кіл үздік бейнеороликтері мен жеңімпаздары 22 сәуірде жарияланады деп жоспарланған.