Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін түнде Қазақстан құрамасының Грекияға қарсы футбол матчын тікелей эфир арқылы тамашалайды. Бұл жөнінде ҚР Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Президент шын жүректен біздің жігіттерді қолдайды және жеңіс үшін қолдан келген барлық мүмкіндігін жасайтынына сенеді», деп атап өтті Берік Уәли.
Футболдан Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Қазақстан және Грекия кездесуі 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35-те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін бақ сынайды.