Қазақ – дәстүрлі таным-түсінікпен ұрпақ тәрбиелеген, туыстық байланысты ерекше қадірлеп, алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан халық. «Мал қонысын іздейді, Ер туысын іздейді» деген мақалдың да мәні осыны меңзейді. Ал қазіргі балалар туыстарын біле ме екен? Осы мақсатта оқушылар арасында сауалнама жүргізген едік.
Шыны керек, ағайынның атын білгенімен, туыстық атауын білмейтін оқушылардың қатары көп. Туысқанды таныс деп ойлайды. «Араласпасаң, ағайын жат» деген осы ғой.
Сауалнама барысында оқушылардан қарапайым туыстық атаулардың мағынасын сұрадық. Мәселен, «Бөле деген кім?», «Бауырмалдылық туралы қандай шығармаларды, қандай мақал-мәтелдерді білесің?» деген сыңайдағы жеңіл сұрақтар. Сөйтсек, сауалымыз жеңіл емес екен. Оқушылар тоқсан сайын тапсыратын БЖБ, ТЖБ-ларында тап бұлай қиналмаған шығар. Емтиханның жауабын өзі айтып берген мұғалімдей, біз де оқушыларға туысқанға қатысты атаулардың мағынасын барынша түсіндіріп бергендей болдық.
«Ерте өшкен үмітімді қайта жақтыңдар» дегендей, салт-дәстүрден ажырамаған оқушылар да баршылық екен. Олардың жауаптарын естіп риза болдық. Ендеше, назарларыңызға солардың жауабын ұсынамыз:
Бейсен Мағжан,
«Зерделі» халықаралық
мектебінің 9-а сынып оқушысы:
– Апалы-сіңлі қыздардың балалары бір-біріне бөле болып келеді. Сөз барысында «мынау менің анамның сіңлісінің баласы» деп таныстырудың еш қажеті жоқ. Бөле деген атаудың өзі оның туыстық жақындығын айқын аңғартып тұр. Халқымызда бөлелердің татулығы жайында көп айтылады.
Санжар Мырзахметов,
«Зерделі» халықаралық
мектебінің 9-а сынып оқушысы:
– Біз осыған дейін ата-ананы құрметтеу, ағайын-туысты сыйлау туралы көптеген шығарманы оқыдық. Мысалы, Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» әңгімесінде қазіргі әжелермен бұрынғы әжелерді салыстырып, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген мақалдың мәнін ұқтырады. Ал Марат Қабанбайдың «Бауыр» атты әңгімесінде жетімдер тағдырына қайырымдылықпен қарауға тәрбиелейді, бауырға деген қамқорлықты оятады. Сонымен қатар біз 8-сыныпта Дулат Исабековтің «Әпке» драмасымен таныстық. Онда ата-анасынан жастай айырылған Қамажай өз өмірін бауырларына арнайды. Ал маған осы тақырыпта ерекше әсер еткен шығарма – Төлен Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесі. Шығармада Ерғабыл қарияның жалғыз ұлы Сапабекке көңлі толмайды. Өйткені баласы әйгілі геолог болса да, ата-анасының үйіне жылына бір рет қана соғады. Ал әкесіне ұлының қара шаңырақты құрметтеп, ата салтты ұстанғаны, ата-ананы сыйлап, қамқорлық танытқаны қажет.
Саидирман Айдарұлы,
«Qadam School» мектебінің
4-сынып оқушысы:
– Туыстық атауларға байланысты халқымызда бірнеше мақал-мәтел бар. Мәселен, «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар», «Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп», «Апама жездем сай», «Ай көрмесең туысың жат, Жыл көрмесең досың жат». Бұл мақалдарды көбіне үйде әжем айтып отырады әрі мағынасын да ашып, түсіндіріп береді. Сол үшін ойымда осы мақалдар жатталып қалған.
Хош. Сонымен туыстық атауларды білетін оқушылардың қатары бірсыпыра екен. Білмейтіндер де жетерлік. Бірақ қалай болғанда да бұған балаларды кінәлай алмаймыз. Өйткені «Алма, ағашынан алысқа түспейді». Сондықтан құрметті ата-ана, ағайын-туғанмен тойда ғана кездесіп, жақын жандармен желіде ғана емес, күнделікті, шынайы өмірде де араласып, хал-жайын біліп тұрғаныңыз абзал. Балаларға туған-туыстың, жақын-жуықтың сұраса келгенде кім болып келетінін айтып отырған дұрыс.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті