• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2024

Көрік берген көш-керуен

168 рет
көрсетілді

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мейрамын Қонаев қаласының тұрғындары орта­лық алаңда дүркіретіп тойлады. Облыс орталығында аталып өткен іс-шара, Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтас елді қамтитын жалпы халықтық мейрам ретінде өткізілді.

Думанды мерекенің басты ерекшелігі – Көш-керуен. Көш – дала төсінде емін-еркін өскен көшпелі елдің ажырамас дәс­түрі мен тіршілігінің көркем көрі­нісі. Әлімсақтан бастап кең даламызды еркін жайлаған қазақ жұртының ең салтанатты шеруінің бірі – көшіп-қону. Кө­шіп-қонудың төрт кезеңі бол­ған. Ата-бабаларымыз қыс­таудан көктеуге, одан жай­лау­ға, жайлаудан күзеуге және қайтадан қыстауға көшіп отырған.

Мерекелік көш-керуенінің шартты атауы – «Ынтымақ» болды. Ондағы мақсат – облыс халқының тұтастығын мен ауызбіршілігін көрсету. Бүкіл аудандарды қамтитын көшке 2000 адам қатысты. Бір аудан – бір көш. Әр ауданның тарихи, мәдени, географиялық ерекшеліктері ескеріле отырып, әрқайсысына белгілі бір тақырып берілген.

Алаңға алғашқы болып шық­қан «Ақындар мен батырлар» атты көшбасында атқа қон­ған Қарасай, Наурызбай батырлар мен сөз сүлейі Сүйінбай мен Жамбылдың сахналық бейнесі сомдалып, 50 атты әскер мен батырлар, жүк артылған түйелер және арбалар жүріп өтті.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін паш еткен екінші шеруді «Салтанат» көші бастады. Оған жүк артылған түйелер мен қасиетті қара шаңырақ, әсем безендірілген сандықтар, арба сынды тұрмыстық бұйымдар салтанат сыйлады.

Арба үстінде буы бұрқырап тайқазан инсталляциясы, 10 атты адам, билер мен батырлар төбе көрсеткен «Тайқазан» көшінде «ұлыс күні қазан толы болса, ақ мол болады» деген тілеу тіленді.

Ал «Алтын адам» табылған аймақта «Алтын» көшінің сап түзеуі орынды. Онда сақ кезеңі, алтын адам, сақ патшасы Томирис және 50-ден астам атты сақ әскеріне қала тұрғындары қошеметпен қол соқты.

Халқымыздың рухын асқақ­тататын «Жеті қазына» көшінде құмай тазы, қыран құс, төбеттер мен қару-жарақтың сан алуан түрі салтанат құрып, саятшылық өнерден хабардар етті.

Келесі кезектегі «Келіншек» көшінде күймелер мен ұза­тылған қыздың жасауын артқан түйелер шықты. Күміс көмей сал-серілер әуелете ән шырқап, халықтық дәстүр дәріптелді.

Жетінші, «Ырысты» көшінде төбесі ашық антиквариатты көлік үстінде Д.Қонаев бейнесі айшықталып, Балқаш ауданында өсетін ақмаржан күріш пен басқа да дәнді дақылдар көрініс тапты.

Аспантау елінен келген «Хан­тәңірі мақтаныштары» атты көш-керуен Шоған абыз бастаған және ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, бүгінгі таңдағы мәдениет сала­сының үздіктері мен биыл 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердібек Соқ­пақбаевтың шығармасы арқау бол­ған «Менің атым Қожа» филь­мі­нен көріністерді көпшілік назарына ұсынды.

Осылайша, табиғаты көркем, елі бай Алматы облысындағы диханшылық, жеміс-жидек, дала­лық цирк өнерінің атрибуттары сән берген «Достық» көші әз-Наурыз мейрамына арналған салтанатты көш-керуенді қоры­тындылады.

Қонаев қаласының көркін кіргізген көш-керуен жол бойы біріне бірі қосылып, то­лы­ғып отырды. Орталыққа ке­ліп жеткен көш-керуенді өңір жұрт­шылығымен бірге Алма­ты­ об­лы­сының әкімі Марат Сұл­тан­­ғазиев және облыстың зия­лы қауым өкілдері мен құрметті ақсақалдары зор қошеметпен қарсы алды. Осы тұста келген көшке дәм ұсынылып, көрісу дәстүрі мерекенің мән-мазмұнын одан әрі арттыра түсті.

«Наурыз – халқымыз ақ ниет, кең пейілмен асыға күтетін тағлымы мол, маңызы зор ұлық мереке. Тарихы тереңге бойлаған әз-Наурыз елдің еңсесін көтеріп, берекесі мен ынтымағын арттырады. Ол халқымыздың қонақжай болмысын айшықтай түседі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі салтанат құрады. Осы күндері өкпе мен реніш ұмытылып, табиғатпен бірге адамның ішкі жан дүниесі де қайта түлейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жыл басталғанда «Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Мұндай қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», деуі Наурызды мерекелеуге жоғары талаптар қойды. Шынымен де, Наурыз тойы – ұлтына, дініне қарамастан жұртты ауызбіршілікке шақы­ратын жалпыұлттық мереке, нағыз бұқаралық мейрам. Ол халқымызды ортақ мүддеге жұмылдырады, елдік рухымызды асырады», – деген өңір басшысы барды бағалап, тату тірлікпен Отанды одан әрі өркендету басты міндет екенін атай келе, барша қауымды қасиетті Рамазан айы­цмен және әз-Наурыз мерекесі­мен құттықтады. Ұлыстың ұлы күнінде өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттап, ізгі тілегін білдірді.

Мейірім мен ынтымақ ұйыс­қан мерекелік іс-шара соңы 200-ге жуық адам атсалыс­қан «Жаңа күн» атты көрініске ұласты. Онда жылуы мол жаңа күнді қарсы алу, шуақты көк­темнің келуі, табиғаттыңоянуы, Қыдыр атаның бата беруі сияқты дәстүрлер қамтылды. Театрландырылған пролог-қо­йы­лымда белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова мен «Раббат» этно тобы, сондай-ақ 70-ке жуық биші би билеп, халықтық мерекенің мазмұны айшықталды. Бұдан әрі концерттік бағдарлама «Дос Мұқасан» ансамблі бастаған қазақ эстрада жұлдыздарының ән-шашуына жалғасты.

 

Алматы облысы