Қысқы мезгілінің басынан бері жалпы қар көлемі 162 470 текше метрді құраған 75 қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілген. Шығыс Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы органдар су тасқынының алдын алу шараларын өткізу бойынша жұмысты күшейтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұзындығы 365,8 км 427 арық, ұзындығы 133,4 км 71 канал, автомобиль жолдарында 3552 және теміржол жолдарында 90 су өткізу құрылыстары, сондай-ақ 447 көпір тазартылып, 365 мың текше метрден астам қар шығарылған. Облыс өзендерінде 201 796 шаршы метр аумақта барлығы 15 мұзды жару жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті атқарушы органдар жалпы сыйымдылығы 17 мың адамнан асатын 153 уақытша орналастыру пункттерін белгіледі.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға Семей қаласынан көмекке келген ҚР ТЖМ № 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жұмылдырылды. Олар Алтай ауданында алдын алу шаралары бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.