Қазақ қоғамының бүгінгі күрмеулі мәселесінің бірі – оқу. Анығырақ айтқанда, оқырманның қазақ көркем шығармаларын оқуы. Бұл мәселенің айтылып жүргеніне көп жыл болды, һәм айтыла беретін секілді. Расында, қазіргі оқырман кімдерді оқып жүр? Қандай жанрдағы кітаптар көп оқылады? Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – жазушы Есболат Айдабосын. Дәстүрлі сұрақ: не оқып жүрсіз?
– Соңғы оқыған үш кітап туралы айтайын. Біріншісі – Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» деген романы. Жақында ғана жарық көрді. Алғашқы болып оқыған жүз адамның бірі шығармыз. Сөзде селкеу жоқ, идеясы берік, сюжеті мығым, өзіне тән тілі, көркемдігі, аурасы бар шығарма. Әуелгі кезде Д.Оруэллдің «1984» романындағы көңіл-күй сезіледі. Оқиға басқа, кейіпкер бөлек, екеуіндегі кеңістіктің бірі деректі, бірі дерексіз... Сонда да бір ортақ мінез бар. Айтпақшы, бұл романда географиялық кеңістік абстрактілі. Теңіз бар, қала бар, арал бар, мемлекет бар. Бірақ олардың аты жоқ. Сол секілді халық бар да, ұлт жоқ. Адам бар, әрине (Әттең, адамдарды да атсыз кейіптегенде деп қалдық). Дегенмен кез келген ұлт өзіне жақындатып алып, оқи береді. Ол даусыз. Бәлкім, ағылшын оқыса өзін көрер, қытай мен қырғыз да «мына қазақ бізді жазған ба?» дер. Біз де роман бойынан қазақы мәселелерді, қазақ қоғамының дертін байқадық. Бас кейіпкер мен автордың ұқсастау қырларын да көзіміз шалып қалды. Карлдың аузымен біраз дүние айтылады. Діни сенім, түрлі стереотип, әлеуметтік мәселе, саясат, экономика... Кейбір мәселелер кейіпкер аузына сыймайтындай көрініп қалатыны бар. «Осының бәрін айту неге қажет болды? Романның көркемдігіне көркемдік, салмағына салмақ қосты ма?» деген сұрақтар туындады. Жүзінші бетке дейін рахаттанып оқыдым. Арықарайғы диалогтерді әлі де шымырлау керек секілді. Анда-санда сұрақ қойып отырған маймақ полиция мен Карлдың диалогі диалогтен гөрі монологке жақындап кеткендей көрінді. Дегенмен жас автордың талабына қуандым. Болашақ романистің бірі боларына сенім ұлғайды.
Екіншісі – Жүсіпбек Қорғасбектің «Құстың тілін білетін сары бала мен қара өгіз» деген хикаяты. Бұл шығарма туралы әлеуметтік желіде жақсы пікірлер айтылып, «Адырна» сайты жүргізген сауалнамасында «Жылдың үздік хикаяты» болып танылыпты. Әсілі әр шығарманың сюжеті, тақырыбы, кейіпкері болатыны секілді әр шығарманың лексиконы да болады. Бұрынғы би-шешендердің аузына бүгінгі терминдерді салмаймыз ғой, сол секілді бүгінгілерді бұрынғылардай сөйлетіп қоюға да болмайды. Бұл енді жазушының шеберлігіне байланысты дүние. Жүсіпбек Қорғасбектің бұл хикаятының да өзіндік сөзі бар, стилі бар шығарма екен. Хикаят реализмнен гөрі мистикаға жақын. Атауына қарап, әңгіме сары бала мен қара өгіз туралы деген ой туындауы мүмкін, бірақ оқыған кезде басты рөлдерге олар емес, басқа екі адам шығып кетеді: күлімкөз төртпақ кісі мен отшельник. Бірі жер қорыған қазақ, екіншісі дінін күзеткен келімсек. Екеуі де өледі. «Бірі шаншылып, екіншісі мүйізге шаншылып өлді» дейді автор. Бірінің өліміне ауданның бүкіл атқамінері келіп, аяғынан тік тұрады, екіншісіне учаскелік инспектор мен туыстары ғана келеді. Осы жерге автор елеусіздеу қылып өзгеге құрақ ұшар, өзімізге немкетті қарайтын мінезімізді сынамалап көрсетеді. Жақында автордың «Атамұра» баспасынан шыққан «Жансебіл» атты жинағы «Құстың тілін білетін сары бала мен қара өгіз» хикаятымен басталыпты.
Үшінші – Ғалымбек Елубайдың «Жүз жетінші көктем» жинағы. Жазушы қысқа, нұсқа жазудың шебері екен. Әзірге 7-8 әңгімесін ғана оқып үлгердім, риза болдым, бір жағынан өкіндім. Өкінгенім – таланттың тірлігінде дұрыс бағаланбай қалғаны. Басқа-басқа, замандасы менің өзім ол туралы естімеген екенмін. Бірде-бір жерден әңгімесін оқымаппын, бірде бір байқаудан жүлде алғанын көрмеппін немесе жас қаламгерлердің тізімін жасап, талантын бағалап жататын ағалардың тізімінен көрмеппін. Тек өлгеннен соң естіп, біліп жатырмын. Шерағаң айтатын бір кем дүниеміз міне – осы.
– Оқырмандық ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет.