Елді мекен ішіндегі қар еріп жатқанымен, үй-жайларға аса үлкен қауіп төндіре қоймайды. Сәуір туып, түн жылығанда ғана тау басындағы қардың көбесі сөгіледі. Негізгі қауіп сол кезде болуы мүмкін. Жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары болуы ықтимал қарғын судың алдын алуға дайын. Көше-көшеге жайылған азды-көпті қарғын суды бұруға да атсалысып жүр.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері Шығыс Қазақстанның аудандарында алдын алу іс-шаралары жұмыстарын күшейтті. Жалпы ұзындығы 365,8 км 427 арық, 133,4 км 71 су каналы, автомобиль жолдарында 3 552 және теміржол жолдарында 90 су өткізу құрылысы, сондай-ақ 447 көпірдің асты қардан тазартылды. Көлемі 365 мың текше метрден аса қар шығарылды.
Десе де, Тарбағатай ауданында еріген қар суы жол үстіне шығып кетіп, көліктердің қатынауына қиындық туғызып жатыр. Дәлірек айтсақ, Қалбатау – Майқапшағай республикалық тасжолының 1 113-шақырымында қарғын су жолға жайылған. Ені 300 м-ді басса, тереңдігі 5-10 см. «Қазавтожол» қызметкерлерінің айтуынша, бұл учаскеде бір ғана су өткізгіш құбыр бар. Қазіргі уақытта жолды жауып, суды бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 10 шақты жұмысшы, 8 бірлік арнайы техника қауіптің бетін қайтарып жүр.
Көбінесе өзен арналарында мұз кептеліп, су көтеріліп кетіп, маңайындағы ауылдарға жайылады. Сол үшін де өңірдегі өзендерде 201 796 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Мұзы талқандалып, арнасы ашылған өзендердің суы көктемде көтерілгенімен, кеңірдегінен шығып, тасымауға тиіс. Ал Күршім ауданының Топтерек аулына жете берістегі көпірді тосыннан келген тасқын су бұзып кетіп, ауыл тұрғындарымен жол байланысы үзіліп қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл көпірді екі жылда бір су шайып кететін көрінеді. Аудан басшылығы бұл мәселені шешу үшін жаңа әрі берік көпір салу керектігін айтты.
«Мұндай үш көпір бар. Күн күрт жылып, қарғын су бір көпірді бүлдіріп кетті. Су ағызып кеткен көпір 2020 жылы жөнделген. Енді ауыл адамдарын қайықпен тасымалдаймыз. Кейін су азайған соң, айналма жол жасаймыз. Қалай дегенмен көпірлерді жаңартуымыз керек», дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев.
ШҚО ТЖД қызметкерлері халықты су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында 149 елді мекенде 270-тен аса рейд жүргізді. Нәтижесінде, 20 мыңнан аса халыққа түсіндіру жұмысы жүргізілді. Алда-жалда қарғын су үй-жайларға жайылып кетсе, тұрғындарды эвакуациялау жоспары да пысықталған. Мамандардың айтуынша, жалпы сыйымдылығы 17 мың адамнан асатын 153 азаматты уақытша орналастыру пункттері белгіленіп қойды.
Қауіп бар-ау деген аудандарға қосымша күштер де жұмылдырылды. Мәселен, су тасқынына қарсы жұмыстарға Семей қаласынан арнайы келген ТЖМ №68303 әскери бөлімінің қызметкерлері қарғын судың алдын алу үшін Алтай ауданында жұмыстар жүргізіп жүр. Ұсақ өзендерді айтпағанда, Алтай ауданын тіліп ағып жатқан Бұқтырма, Тұрғысын өзендері бар. Оның үстіне қар қалың түскен өңір. Сол үшін де қосымша күш салынып отыр. Алтай ауданы ғана емес, өзен-көлдер бойындағы аудандардың барлығында жұмыс күшейтілген.
Шығыс Қазақстан облысы