«Көркем әдебиет еш уақытта өлмейді. Ол өлсе, өмір өледі» деген сөзді ғұмырлық мұратына айналдырған жазушы, драматург, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған Сәбит Досанов өмірден өтті. Өзі жиі айтатын өлмейтін өмірді шығармашылығының алтын арқауына айналдырған қаламгердің ғұмыры – осы ғибратымен құнды, осы өнегесімен мәңгілік.
Әдебиет сыншылары, жалпы оқырман қауым тарапынан жазушының «Қыран қалғымайды» атты повестер жинағы, «Тау жолы», «Екінші өмір» атты романдары асқан шабытпен жазылған бағалы еңбек ретінде жылы қабылданса, өмірдің өзекті мәселелерін көтерген «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» атты шығармалары да суреткерді көркем сөздің шебері ретінде танытты. Қаламгердің «Жиырмасынша ғасыр», «Ұйық», «Тұйық» романдары әдеби қауым тарапынан түрлі деңгейде лайықты бағасын алды. Ал республикалық және облыстық театрлар сахнасында қойылған «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» спектакльдері қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған құнды қойылым ретінде көрермен жүрегінен орын алды. Осы орайда «Сәбит Досановтың романы өте қызық, өткір, талантты. Өткір болып, дарынсыз болса – бұл үгіт. Егер талантты, әдеби әлеуеті мықты болса, бұл – әдебиет!» деп жазушының қалам қуатын дөп басқан Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Олег Шестинскийдің берген бағасы – шын баға.
Қаламгер атқарушы билікпен, іскер азаматтармен тығыз байланыс орнатып, оларды шығармашылық әлеміне тартып жүретін. Бір айта кетерлігі, жазушы Мәскеу мен ТМД қаламгерлерімен де қоян-қолтық қарым-қатынаста болды.
Жазушы Сәбит Досановтың сомдаған көркем бейнелері, іскерлігі қазіргі әдебиеттің талғам таразысында байыпталып, жұртшылықпен бірге жасай береді деп санаймыз.