Қыркүйек айында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары түңлігін түреді. Төрт тарапты дүбірге бөлейтін айтулы додада ұлттық спорт түрлері ұлықталады. Бүкіл әлем көз тігетін аламанда балуандарымыз қазақ күресінен бауырын жаза белдесетіні сөзсіз. Қазақ күресінен әлем чемпионатының, әлем кубогінің, Азия құрлығының додасын ұтқан атан жілік, апайтөс балуандар үшін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алтын медалін олжалау – айрықша мәртебе. «Qazaq kuresi» ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновпен сұхбатымыз көшпелілер ойындарына әзірлік барысы, төл күресіміздің келешегі төңірегінде өрбіді.
– Төрткүл дүние назарын аударып отырған Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына әзірлік қалай? Балуандарымыз төл өнерімізден жерге қаратпайды деп ел сенім артып отыр.
– Әлемнің жүзден аса мемлекетінен спортшылар келеді деп жоспарланған ауқымды аламанға әзірлік жүйелі түрде, өз ағысымен атқарылып келеді. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысқан спортшылар арасында балуандарымыз қазақ күресінен тәуір нәтиже көрсетті. Алты салмақ дәрежесінде белдесіп, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленді. Бізге жүктелген міндет – осы биігімізден төмендемеу.
Көшпелілер ойындарында күрес түрлерінен сынға түсетін балуандардың белдесуі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Қазақ күресінен бөлек түріктің ашыртмалы аба гүреші, өзбектің курашы, Оңтүстік Кореяның ссирымы және қырғыздың алыш ұлттық өнері де осы кешенде ұлықталады. Төл күресімізден ұлттық құрама жасақталып, бапкерлер балуандардың бабын келтіріп әзірлікті бастап кетті. Қоңыр күзге дейін 8 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Оның ішінде Грузия мен Түркияға да барып дайындықты пысықтайды.
Биыл қаңтар айында Әзербайжанның Баку қаласында өткен Еуропа чемпионатында осы құрлықта да төл күресіміздің насихаты жоғары екені байқалды. Біріккен күрес әлеміне (UWW) қарайтын Ұлттық күрес түрлері ұйымының басшысы, Түркия азаматы Родика Мария Яхышты Еуропа чемпионатын тамашалауға арнайы шақырттық. Қазақ күресін дамытудың стратегиялық бағытын айқындау мақсатында Мария Яхышпен дидарластық. Қазақ күресі жазғы Азия ойындары одан кейін жазғы Олимпиада бағдарламасына енуі үшін қандай қадам жасап, қарекет еткен дұрыс деген мәселені көлденең тарттық. Біріккен күрес әлемі қазақ күресін ұсынуға ықыласты, бірақ шешімді Азия олимпиадалық комитет пен Халықаралық олимпиада комитеті шығарады. Яғни солардың ықыласы қашан ауады, сол кезде қазақ күресінің де күні туады деген уәжді айтты. Бұл жерде тағы мынадай кілтипан бар. Бұған дейін қазақ күресінен әлем кубогі, дүниежүзі чемпионаты, Азия, Еуропа құрлығының біріншіліктері негізінен ересектер арасында өтіп жүр. Кешенді ойындар бағдарламасына енетін спорттан дүниежүзілік додалар жүлгесін үзбей дәстүрлі түрде жыл сайын тек ересектер үшін ғана емес, жасөспірімдер, жастар арасында да ұйымдастырылуы керек. Сонда ғана бұл спорт түрінің келешегі кемел екеніне жоғарыда айтқан халықаралық комитеттің көзі анық жетуге тиіс.
– Ішкі біріншіліктің бәсекесіне қатысушы балуандардың көптігі қазақ күресіне қызығушы жастардың қатары артып келе жатқанын аңғартқандай. 2010 жылдан бері тұрақты өткізілетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирі сеңді қозғап, қалтарыста қалған ұлттық спортымызға серпіліс әкелгені де рас.
– Сөзіңіздің жаны бар, жылдан-жылға қазақ күресімен шұғылданушы адамдардың қатары артуына дүниежүзі чемпионаты, әлем кубогі, Азия чемпионаты, «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» сынды байрақты додалардың өтуі серпін берді. Статистикалық деректі сөйлетсек, бүгінде елімізде 150 мыңға жуық адамды қазақ күресіне баулитын 3 897 үйірме бар. Оның ішінде 2 735 үйірме ауылдық жерлерде ашылып, жастардың төл спортымен шұғылдануына мүмкіндік тудырып отыр. Шалғайдағы елді мекендерде қазақ күресін үйреніп, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүргендердің қатары 70 мыңнан асады. Былтыр бес жас ерекшелігі бойынша өткен Қазақстан чемпионатына іріктеу додасына 5 мыңнан аса балуан қатысты.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
– 2017 жылы Түрікменстанның астанасы Ашғабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресі енді деп қуандық. Үш салмақта балуандарымыз барып күресті. Ендігі меже жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы талай рет айтылып, жазылып та келеді. Қандай қам-қарекет жасалып жатыр?
– Біз қазақ күресін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізсек, ұлттық спортымыздың ұлық өнер екенін дәлелдей алар едік. Сол мақсатқа жету үшін білек түрініп еңбек етіп келеміз. «Qazaq кuresi» ассоциациясына жүктелген жауапкершіліктің де ауыр салмағы осы бағытта.
Қазақ күресін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу бойынша жеке спорттық ұйым саналатын Халықаралық және Азия олимпиадалық комитеттері әр спорт түрінің дамуына кешенді зерттеу жүргізіп, спорт түрінің өркендеу жолына және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарына өзіндік бағасын береді. Қазақ күресінен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен спорттық керек-жарақпен қамту да маңызды. Біріккен күрес әлемі тарапынан Мароккода орналасқан UWW-дің күрес орталығында халықаралық командалардың, жаттықтырушылардың және төрешілердің қатысуымен қазақ күресінен оқу-әдістемелік жаттығу жиындарын өткізу ұсынылды.
Қазақ күресі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасында бар. Балуандарымыз бұл ойындарға үшінші рет қатысқалы отыр. Бұдан бөлек, биыл Саха Республикасында «Азия балалары» атты халықаралық спорттық ойындар болады. Сондай-ақ 2025 жылы Әзербайжанда «ТМД елдерінің ІІІ ойындары» жарысы жалауын желбіретеді. Қазіргі уақытта қазақ күресін осы кешенді ойындардың бағдарламасын қосу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.
Төл күресімізді әлемдік аренада насихаттап, бағын жандыру оңай емес екені белгілі. 1938 жылы Қазақ КСР ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында қазақ күресінен дода ұйымдастырылды. Содан бері дәстүрлі түрде еліміздің әр өңірінде түрлі деңгейдегі турнирлер өткізіліп жүр. 1991 жылдан бастап Қазақстан чемпионаты тұрақты ұйымдастырылады. 2016 жылы ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра тізіміне қазақ күресін де қосты. Ұлттық күресімізден 10 рет Әлем чемпионаты өткізілді. Азия біріншілігі 12 мәрте ұйымдастырылды. Әлем кубогі мен Еуропа чемпионаты 6 рет өтті. Бұл жұмыстың барлығы да тәуелсіздіктің еншісінде атқарылған қадау-қадау шаруа саналады. Әлемдік додалар тек елімізде ғана емес, әр құрлықта өткізілді.
Бүгінгі таңда төл күресімізді өркендету жолында халықаралық аренадағы жұмыстарды жүйелі жүргізу – «Qazaq kuresi» қауымдастығының басты міндеті. Қауымдастықтың мақсаты – қазақ күресін ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу үшін тиісті қадамдар жасау және кешенді шараларды ұйымдастыру. Қазіргі уақытта еліміздің барлық облысы мен республикалық маңызға ие қалаларда «Qazaq kuresi» қауымдастығының тікелей жетекшілігімен жұмыс істейтін өңірлік федерациялар құрылды. Бұған қоса халықаралық аренадағы беделіміздің де жоғары екенін мақтанышпен айта аламыз: әлемнің 40-тан аса елінде қазақ күресінің федерациялары ашылып, жұмыс жанданып келеді. Федерациялардың ашылуы бар да, оны жетекке алу да оңай емес. Мысалы, әлем чемпионаты, Еуропа, Азия біріншіліктері, әлем кубогі сынды сайыстарға шет мемлекеттен келетін команда мүшелерінің жол шығыны, жатын орны, спорттық жарақпен қамтамасыз ету – біздің міндетімізде. Егер төл күресіміз кешенді ойындар бағдарламасына енсе, кез келген ел дамытуға өздігінен құмбыл болатын еді. Сол межеге жету жолында көп жұмыс атқару керек.
Жуырда Түркияның Анталья қаласында этноспорт конфедерациясының жиыны өтті. 60-қа тарта ұлттық спорт түрлері федерацияларының өкілдері қатысқан ауқымда іс-шарада қазақ күресінен атқарылған жұмыстарды тізбелеп айтқанда таң-тамаша болды. Басқа елдер этноспорттан әлем чемпионатын қалай ұйымдастырамыз деп бас қатырып жүр, ал біз төл күресімізден дүниежүзілік доданы 10 рет ұйымдастырдық. Расында, таңғалатын көрсеткіш.
– Қазақтың оң жамбасына келетін төл күресінің бұқаралық сипат алуына мүмкіндік бар ма?
– «Әскер барысы» жыл сайын өткізіліп келеді. Қазақ күресі – бабаларымыздың жауынгерлік өнерге баулитын өрісінің бір саласы ғой жалпы. Садақ ату, теңге ілу, аударыспақ секілді жастардың рухын жанитын өнер. Кейінгі кездері өнер саласындағы шығармашылық орта қатысатын «Өнер барысы» өткізіліп жүр. Мұның барлығы да төл күресіміз жалпыхалықтық сипат алуына серпін береді. Былтыр ҰҚК қызметкерлері арасында қазақ күресінен турнир өтті. Медицина мамандары, білім саласындағы педагогтер арасында қазақ күресінен турнир өткізуге ықыласты жандар бар. Осылай әр салада сайыстар ұйымдастырылса, бұқаралық спорт түрі деп танылуына орай тумай ма? Деректерді безбендесек, қазақ күресіне қызығушы жастардың қатары олимпиадалық спорт түрлеріне қатысқысы келетін замандастарынан әлдеқайда көп. Осы бағытымыздан таймасақ, қазақ күресімен ел болып шұғылданатын күнге де жетеміз деп ойлаймын.
Қазақ күресінің өрісі кеңейіп келе жатқаны қуантады. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен binom мектептерінің желісімен меморандум жасастық. Одан сырт елорданың 40-қа жуық мектебінде қазақ күресінен үйірме ашылып, балаларды төл өнерімізге теліп жүрміз. Үйірме ашу ауқымды шаруа болса, қазақ күресіне баулитын бапкер үшін оқу-әдістемелік құрал әзірлеу, басқа да қажеттілікті өтеу одан да маңызды. Астанада ашылған Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының мамандарымен тізе қосып осы оқу-әдістемелік оқулықты әзірлеуді қолға алдық. Қазақ күресімен шұғылдану ең алдымен қарсыластың қолданған әдісінен оңтайлы құлауды үйренуден басталады. Оқу-әдістемелік құралда мұның барлығы да қамтылып таңға таңба басқандай жазылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Атқарар шаруа әлі көп
– Қазақ күресі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасында бар. 2017 жылы Түрікменстанда өткен жабық кешендегі жазғы Азия ойындарының бағдарламасына да енді. Ендігі меже – жазғы Азия ойындары. Өзбекстан өзінің ұлттық күресін 2017 жылы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына қосты. 2018 жылы Индонезияда, былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында өзбектің курашынан ерлер мен әйелдер 14 салмақ дәрежесінде белдесуге түсті. Қарап отырып қызығасың әрі қызғанасың. Біздің төл өнерімізді де сондай биіктен көргіміз келетіні анық. Осы күнге дейін төл күресімізді өркендету жолында қыруар жұмыс жүзеге асты. Әлемдік додалар ұйымдастырылып келеді. Әлі атқарар шаруа қаншама. Қазақ күресінен әлем чемпионатын, «Әлем барысын», Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жеттім. Ендігі арманым –ұлттық спортымыз жазғы Азия ойындарының бағдарламасына қосылса, жастарымыз барын салып белдессе деген тілек.
Бейбіт Ыстыбаев,
«Қазақстан барысының» үш дүркін жеңімпазы, қазақ күресінен әлем чемпионы
Қалтарыста қалған ұлттық спортымыз еді
Біз қазақ күресінен үйірме ашқан 1976 жылы не күрес залы, кілем, тіпті балуан балалардың киетін спорттық күртешесі де болған жоқ. Жоқты жона жүріп, емен есіктің арғы жағындағы ақ жағалылардың көңілі самбоға құлаған шақта біз ұлттық өнеріміз қазақ күресінің қазығын қағып, Отырар ауданының Қоғам ауылында үйірме аштық. Қаншама қазақ баласы ұлттық спортпен шұғылданды. Бекзада өнер саналатын қазақ күресін үйрене жүріп, самбо, дзюдо күресінен де айтулы додаларда олжа салды. Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпиондары шықты. Балаларды жаттығуға жинау үшін есігінің алдында күтіп, ата-анасынан қиылып сұрап, ертіп алушы едік. Қазір төл күресімізге ерекше қамқорлық жасалып, түрлі дүбірлі додалар өткізіліп жатыр. Қазақ күресінен әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі, «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» сынды айтулы додаларды өткізу ертеректе арман болды. Сол арман ақиқатқа айналды. Ұлттық спортымызды әлемнің төрінен көреміз десек, мемлекет болып мерейін асыруға күш салған абзал. Алпыс жыл бұрын (1964 жылы) өздерінде жазғы Олимпиада аламанын өткізіп, дзюдо күресін кешенді ойындар бағдарламасына енгізген Жапония бізге үлгі болуы керек. Төл күресін әлемнің әр қиырында өрістету үшін диуананың күйін кеше жүріп, дзюдоны насихаттады. Нәтижесі қандай, бүгінде алты құрлықтың 198 елінде дзюдо спорты өз дәргейінде дәріптеліп, қарқынды дамып келеді.
Қазақ күресінен бұған дейін бірнеше мәрте әлем чемпионатын өткізу, құрлықтық додаларды ұйымдастыру ісін жандандыру қажет. Қарсыласы тізерлесе, белдесу тоқтатылатын бекзада күресіміздің эстетикалық құндылығын көп ел сезініп, ықыласпен үйренуіне күш қосуымыз керек. Сонда ғана ұлттық өнерімізді кешенді ойындар бағдарламасынан көреміз.
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ,
Отырар ауданының құрметті азаматы, зейнеткер
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»