• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2024

Су басқан өңірлерге көмекке аттанды

192 рет
көрсетілді

Қапыда қарғын судың астында қалған ағайынның жағдайына қызылордалықтар да алаңдаулы. Апат хабары естілгеннен-ақ Қызылорда облысы ТЖД күш-құралдары авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қосалқы күш ретінде Қостанай облысына жіберілді.

Облыстық ТЖД төтен­ше жағдайларды жою басқар­масының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Досымов бастаған 31 адамдық құтқару жасағы, 6 техника, 10 мотопомпа, 2 қайық 27 наурызда Қостанай облысындағы Амангелді ауданына жетіп, жұмысты бастап кетті. Әуелгіде олар Амангелді ауылындағы Абай, Палуан, Боданов кө­шеле­ріндегі еріген қар суын тартты.

«Келесі күні біздің жігіттер Амангелді ауылынан 9 шақы­рым жердегі Шынтас фазендасынан 5 адамды құтқарып, оларды қауіпсіз жерге шығар­ды. 10 мың текше метр су тарт­ты. Тәуліктік кезекшілік ұйым­дастырылды», дейді облыс­тық ТЖД «ӨСж­АҚЖҚ» РММ бастығының орын­басары Бауыр­­жан Оспанов.

Қызылордалық құтқару­шы­лар бүгінге дейін мотопом­палар көмегімен 22 398 текше метр су тартып, 25 адамды құтқарып қалыпты. Жайылған сумен алысып жүріп, «Дәулет» шаруа қожалығының жүзден аса малын қауіпсіз аймаққа шығарды. Деңгейі күрт көте­рілген Жал­­дама өзенінің жағасын нығай­тыпты. Электр жүйесінің мамандарына су тасқынынан зақым­дал­ған баға­наларын қа­лып­қа келт­іруге көмек берген.

Айтып келмейтін апат ке­зін­­де кәсіби біліктілік таныт­қан құтқарушыларға қоста­найлықтар алғыс айтып жатыр. Ал 1 сәуірде облыстық төтенше жағдайлар департаменті құт­қару жасағының 35 адамы мен 3 техникасы, 10 мотопомпасы, 2 қайық Атыраудағы ағайынға көмекке аттанды.

 

Қызылорда