Астанада «Tarikh talks» жобасы аясында журналист, режиссер және продюсер Майя Бекбаева мен тарихшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен кездесу өтті. Президенттік орталықта ұйымдастырылған жүздесуде тарихи зерттеулер жайында дәріс оқылып, «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмі көрсетілді.
Іс-шараға тарихшылар, жоғары оқу орындары тарих факультеттерінің профессорлық-оқытушылық құрамы, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, сарапшылар, қызығушылық танытқан белсенділер қатысты. Жиында Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат бұл бастама тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға, өзара пікір алмасуға мүмкіндік беретін орта екенін атап өтті.
– Қазір тарих ғылымының жетістіктерін ғылыми айналымға енгізу өзекті. Өйткені медиа кеңістіктің жаһандануы жағдайында еліміздің тарихи-мәдени мұрасы негізінде тарихи сананы қалыптастыру және ұлттық бірегейлікті нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды құралы болып есептеледі. Бұл үдеріске, көрермен мен оқырманның назарын тарих ғылымына аударуда журналистердің орны бөлек, – деді Б.Темірболат.
Спикер сөзінің жаны бар. Қай кезеңде де ұлттық сананы рухани жаңғырту, түлету мәселесінде журналистердің еңбегі ерек. Іс-шарада көпшілікке көрсетілген «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмі – соның айғағы. Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арнайы түсірілген фильмде қазақ даласында дүниеге келіп, жат елде сұлтан дәрежесіне дейін көтерілген тарихтағы көрнекті билеушінің тағдыры баяндалған.
– Кейінгі жылдары қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артты. Өйткені ұлттық идея да, ұлттық идеология да тарих арқылы жасалады. Тарихсыз дінге де, ділге де қажет құндылықтарды жүйелі түрде игеру мүмкін емес. Интернет желісіндегі өткінші әсері мол, сананы бұрмалайтын ақпараттардан тарихи зерде, тарихи білім және ұлттық сана арқылы ғана ұрпақты қорғай аламыз. Санасы биік адам адаспайды. Ал ұлттық сана тарихи танымнан туындайтыны айғақ. Бұл ретте Бейбарыс сұлтан секілді ірі тарихи тұлғаларды дәріптеу, насихаттау, ұлтты ұйыстыру, мемлекет мүддесін іргелендіру жолындағы идеологиялық жұмыстарға серпін беретіні сөзсіз. Деректі фильмнің ұзақтығы – 45 минут. Мұнда тарихи құжаттар, ғалымдардың пікірі, сахналық қойылымдар көрсетіледі. Жобаны түсіруге жарты жылдан астам уақыт кетті. Мәліметтерді жинақтап, сценарий жазудың өзіне бірнеше ай жұмсадық. Оған қоса Мысырға іссапармен барып, көрнекті жерлерін түсіру үшін рұқсат алдық, – деді журналист, режиссер және продюсер Майя Бекбаева.
Сондай-ақ іс-шарада отандық ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жиналғандарды өзінің «Үздіксіз қазақ мемлекеттілігі: XV-XIX ғасырлардағы көне еуропалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбегімен таныстырды. Оның айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарынан қалыс қалып көрмеген. Олардың арасында АҚШ, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттерде басылған карталар бар. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландтық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.
– XVI ғасырдың ортасында дүние жүзінің саяси картасында жас, егеменді, саяси белсенді және жоғары ынталы қазақ мемлекетінің пайда болуы, оның осы кезеңдердегі одан әрі дамуы Ұлы географиялық ашылулар дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келді. Сол кездегі еуропалықтар мен америкалықтар үшін бұл карталар Еуразия жерлерін танып-білуге, олармен дипломатиялық, сауда-экономикалық және басқа да байланыстар орнатуға бағыт-бағдар беруге және қол жеткізуге арналған навигациялық көмекші болды. Жалпы, XVIII ғасырдан бастап (1715 жылдан бастап) Қазақ мемлекеті туралы материалдар Англия, Франция, Аустрия, Италия, Нидерланд, ал XIX ғасырдан бастап АҚШ-та география пәнінің мектеп бағдарламасына енгізілген. Қазіргі таңда жиған-терген қарталардың саны 3,5 мыңнан аса, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Бүгінде кітаптың көшірмелері республикадағы облыстық және жоғары оқу орындарының кітапханаларына берілген. Жиын соңында қатысушылар «Tarikh talks» жобасы қонақтарына сауалдарын қойып, естелік суретке түсті.