Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықпен қатар тәуелсіздік жолында жанын пида еткен ұлт тұлғаларының қалтқысыз қызметін сіңіріп, өмірі мен шығармашылығын тереңдей танып, білуіне ықпал ету – бүгіннің басты міндеті. Өз заманының зар-мұңын қалам ұшымен суреттеп, қоғамның дамуына,жаңаруына, ұлт әдебиетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан халқымыздың үш бәйтерегінің бірі Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толуына орай Қарадала төсіндегі Рахат орта мектебінде «Елім деп жырлаған үш бәйтерек – ұлт мақтанышының ұлттық мүддесі» тақырыбында семинар-практикум өтті.
Айтулы іс-шараға теріскейден, яғни Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірханқызы, Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Айжан Серікқызы, Майлиннің шөбересі және жазушы атындағы қоғамдық қор директоры Салтанат Абүйірқызы қатысты.
Әдебиет классигінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен әдеби-сазды бағдарлама ата-анасынан ерте айырылып, әжесі Бойдастың қамқорлығында қалған Бейімбеттің балалық шағы мен одан әрі озбыр саясаттың құрбаны болып, темірторға түскен аяусыз тағдыры бейнеленген шағын қойылыммен басталды. Азаттықты аңсаған қаламгердің қаламынан өрілген «Мұқтаждық», «Мал», «Қарынға» атты әлеуметтік тақырыпты арқау еткен өлеңдерін жан-тәнімен жатқа оқыған балдырғандардың өнері көзге жас, көңілге мұң ұялатты. Мазмұнды іс-шараның ашылуына мектеп оқушыларымен бірге, ұстаздардың, тіпті мектеп директоры Бауыржан Оспанұлының да сахна төрінде ұжыммен қатар «Алаш ұранын» шырқап, өнер көрсетуі айрықша таңданысымызды тудырды.
Биылғы оқу жылында «Б.Майлин» жобасы аясында мектеп мұғалімі Гүлзира Төкенова мен 5-сынып оқушысы Еркежан Байғон Бейімбет аталарының туған жеріне барып, өмір жолымен танысып қайтқан сапарларынан бейнебаян көрсетіліп, әсерлерімен бөлісті.
Б.Майлинге арналған әдеби-сазды семинардың ашылу салтанатында сөз бастаған Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрәкім Есжан, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жәнет Керімқұлов, ардагер-ұстаз Ноғайбек Дәуренбеков жас өскіннің өткен тарихты танып, азаттық жолында өмірі қиылған арыстарымыздың еңбектерін біліп өсуінде мұндай мазмұны терең тағылымдық істердің берері мол екенін айтып, ұжым ұстаздары мен оқушыларына зор алғыстарын білдірді.
«Майлиннің қаламынан туған шығармаларды жақсы білесіздер, ол сонымен қатар «Амангелді» фильміне сценарий жазды, халық батыры А. Имановтың рөлін Елубай Өмірзақов ойнады. Ол да Биағаңмен бір ауылда туған. Биыл актердің туғанына 125 жыл толып отыр. «Ауыл гүлденсе, біз де гүлденеміз» деп Биағаң айтып кеткендей, шынында да бірлігі мен тірлігі ұштасқан Рахат ауылында шын таланттар тұрып жатқанының куәсі болудамыз. Оған – оқушылардың бүгінгі іс-шараға өте тыңғылықты дайындықпен келгендері дәлел», деген Светлана Темірханқызы жаңадан ашылатын сынып кабинетіне «Үш бәйтерек» атты майлы бояумен салынған картинаны және жазушының бірқатар шығармасы мен өмірін арқау еткен құнды дүниелерді тарту етті.
«Енді біз Рахат ауылын Биағаңның тағы бір мекені деп санаймыз. Сондықтан мектепке айтулы тұлғаның есімі берілсе, құп болар еді», деп сөз сабақтаған асылдың сынығы, жазушы мұрасын жаңғыртып жүрген Майлиннің шөбересі, «Майлин» қоғамдық қорының директоры Салтанат Абүйірқызы естеліктерін ортаға салды. Ол – Бейімбеттің үлкен қызы, өзінің әжесі Рәзияның аузынан «менің әкем тірі» деген сөз түспейтінін атап айтты. Әкесінің жазықсыз жапа шегіп, репрессия құрбаны болғанына бала жүрегі сенбей, қартайғанша әкесін аңсаумен өткенін көзі көріп, құлағы естігенін айтып, толқыды.
«Биылғы оқу жылында аудандық білім бөлімі «Ұлттық мүдденің ұлы мұраты» жобасы аясында бірқатар іс-шара жоспарын бекітті. Атап айтсам, ауданымыздағы 11 орта мектепте Алаш зиялыларының және Қырғызсай орта мектебінде биыл 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық сабақтар өткізіліп отыр. Бұл – ардақтыларымыздың аты бір күнмен ғана шектелмей, күнделікті жаңғырып тұру мақсатында жасалған жұмыстар тізбегі. Осы жартыжылдықта ізденіс үстінде жүрген ұстаздар ғана емес, оқушылар мен ата-аналар да тұлғаларды тереңнен танып, мол мағлұматқа қаныққаны ақиқат», деген аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманәлиева қиырдан ат терлетіп жеткен жазушының жерлестеріне айрықша алғысын білдірді.
Жыл басынан бері Қостанай өңірімен тығыз байланыс орнағанын айтқан бөлім басшысы, ақпан айында Шонжы ауылындағы №1 мектеп-лицейіне Ыбырай Алтынсарин атындағы музейдің көшпелі көрмесі мен бір топ делегация келгенін атап өтті. Алдағы уақытта бірқатар мектепке ұлт зиялыларының есімін беру туралы ұсыныстар барын да тілге тиек етті.
Алақандай ғана ауылдағы шағын мектептің іргесі қаланып, пайдалануға берілгелі 10 жылға жуықтапты. Бүгінде білім шаңырағында 92 оқушы білім алады. Жоба шеңберінде өткен семинар жұмысына барлық сынып оқушылары мен ұстаздар белсене қатысты.
Сол күні мектепте Б.Майлин атындағы сынып кабинетінің алқызыл лентасы қиылып, таныстырылымы өтті. Онда көрнекті қаламгердің шығармалары мен отбасылық суреттері сыр шертіп тұр. Кабинеттің ашылуында 5-сынып оқушылары Еркежан Байғон мен Балнұр Әуелбек Б.Майлиннің «Өтірікке бәйге» поэмасынан үзінді, ал Әшімхан Бақдәулет Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңін мүдірместен жатқа оқып, көптің қошеметіне бөленді.
Бұдан кейінгі тәрбие сағаттарында Майлин шығармашылығы жан-жақты талқыланды. Сабаққа қатысушы қонақтар назарына суреткердің «Күлпаш» әңгімесінен көрініс келтірсе, енді бірінде жазушы шығармашылығына шолу жасалды. 45 минуттық ашық сабақтағы оқушылардың озық ойы мен оқып-тоқып алған білімдеріне, тапқырлығына қарап, келешек бейімбеттанушылардың негізі қаланып жатқандай сезіндік. Оның бастауында ұлағатты ұстаздар еңбегі тұрғаны ақиқат.
Айта кетерлігі, біз ат басын бұрған Рахат ауылында жүз шақты түтін бар. Мұндағы халық интернетсіз күн кешіп отыр. Соған қарамастан ұстаздар мен оқушылардың ізденіске толы еңбектеріне ризашылығымыз шексіз.
Он жыл бұрын теміржол бекеті ашылып, жаңа мектеп пен медициналық пункт, тұрғын үйлер салынып, ажары кірген ауылдың келешегінен мол үміт күтіп, қаладан қайта көшіп келіп қоныстанған ауыл жастары осы күні бір-бірімен байланысатын ұялы телефон операторларының жоқтығын айтып, жазудан шаршаған. «Бұл мәселе жыл сайын көтеріліп, жауыр болды» деген тұрғындардың уәжіне құлақ асып, күрмеуін тарқатар жан табылса, қане?
Алматы облысы