• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2024

Салтанат Нүкенованың өмірінің соңғы күні қалай өтті?

998 рет
көрсетілді

Әйелін қатыгездікпен өлтірген Қуандық Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушы Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні болған жайттарды баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қ.Бишімбаевтың айтуынша әйелінің өліміне дейін екеуінің арасында жақсы қарым-қатынас болған. Жақсы көңіл-күйде екеуі Салтанаттың құрбысымен бірге концертке де барған.

«Мен ешқашан Салтанатты қасақана өлтіремін деп ойламағам. Біз бір-бірімізді жақсы көрдік. Сол күні біз ұйқыдан жақсы көңіл-күймен ояндық. Салтанаттың құрбысы Дима Биланның концертіне шақырды. Салтанат менің де олармен бірге барғанымды қалады. Менің ол концертке барғым келген жоқ. Бірақ Салтанаттың көңілін қалдырғым келмеді. Солай бірге баратын болып шештік. Салтанат концертке киіп баратын дұрыс киімім жоқ деп бұлдана бастады. Оның заттарының көп бөлігі Павлодарда қалған еді. Содан оған киім алуға дүкенге бардық. Ол бірнеше киім алды. Кейінірек құрбысымен кездесуге кетті, ал мен өз жұмыстарыммен кеттім», деді Қ.Бишімбаев.

Бұдан соң Салтанат құрбысы Аидамен мейрамханада жолыққан. Олар Қуандыққа шампан ала келуін сұраған. Қуандық шампан алып келемін деп концертке кешігіп келген. Ал бұл Салтанатқа ұнамаған. Кейінірек концерт залына келгенде Қуандық таныс құрбысын көріп амандасқанда Салтанат қызғанышын білдірген.

«Мен концертте ұзақ отыра алмадым, Салтанатқа қайтқым келетінін айттым. Бұл әрекетім де Салтанатқа ұнамады. Концерттен шығып, гардероб жанында ұрыс шығара бастады. Құрбысының алдында ұятқа қалдырдың деп ренжіді. Бұрынғы реніштерін қайта айтып, ұрыс ушығып кетті. Екеуіміз жаяу мейрамханаға бардық. Ол жақта да кекілжің ұзаққа созылды», деді айыпталушы.