• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Тұлға 03 Сәуір, 2024

Абзал азамат еді

192 рет
көрсетілді

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіні іскер басшы ретінде бұрын да білетінмін. 1995 жылдан бас­тап өте жақын араласып, бір-бірімізге сыйлас, қимас адамдар болып кеттік.

Талай рет үйінде қонақ болып, Мәнсия келіннің қолынан дәм татып, осынау кең жазира даламызды қайтсек төрт түлік малға толтырамыз, жүдеген ауылды қайтсек көтереміз, жылы орнын суытып қала безіп кеткен халықты қайтіп ор­­нына қондыра аламыз ба екен деп бірге толғанып, бірге қай­­ғырушы едік. Мұндайда Өме­кеңнің әр сөзінен үлкен көрегендіктің, түбі жоқ терең білімнің, ақыл-парасаттың, елге деген шын жанашырлықтың лебі есіп тұратын еді. Еңбек жолын мал шаруашылығы саласында бастағандықтан ба, дәл өзім сияқты әйтеуір ауылға шын жаны ауыратын. Мені Өмекеңді көруге, болмаса бір сәт қоңырау шалып амандығын білуге асықтырып тұратын – оның осы қасиеті еді. Ойлап отырсам, туған інімдей болып кеткен Өмірбекпен бірге өткізген аз уақыттың өзі ұзақ бір ғұмырға татитын қымбат шақтар екен ғой.

Аяулы азаматымыз, отбасымызбен аралас-құралас сыйласып жүрген ардақты досымыз ортамыздан кетіп жатыр деген суық хабарды естіп, байыз тауып отыра алмадым. Анау аспанның астында, мынау жердің үстінде енді Өмірбек досымның жоқ екенін сезініп, көмейіме өксік тірелді. Өзегімді өрт қарыды. Бақұл бол, аяулы азамат, абзал дос! Жаның жәннат нұрына бөленсін! Алла орныңды жұмақ бағынан етіп, рухыңды иман нұрына бөлесін! Алдың пейіш, артың кеніш болсын!

Өмірбек Байгелді елге сіңір­ген еңбегі ерен, тау тұлғалы, үлкен жүректі, кесек мінезді, аса білімді нар қазақтың бірі еді. Мәнсия келінге, Өмекеңнің әулетіне, ұрпағына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқап, артының қайырын берсін. Көрнекті қайраткердің, абзал азаматтың жатқан жері жайлы, иманы көркем болсын!

 

Кәкімжан КАРБОЗОВ,

Қостанай облысының Құрметті азаматы Ауылшаруашылық саласының құрметті ардагері