Данышпан Абай талаптыға кез болғанда ғана атаның сөзі ынталы жүрекке жететінін, дегенмен көп жағдайда «ойлағаны айт пен той» айтушы мен тыңдаушының «көбі надан», «ұйқылы-ояу бойкүйез» келетінін, сөйтіп, «қайран сөздің қор» болатынын айтып кеткен-ді. Абай атамыз «жақсысы мен жаманы бірдей» (Қадыр) қара бұқараның психологиясына (орысша «психология толпы»; өкілдері Карл Юнг, Гюстав Лебон, Зигмунд Фрейд), Аймауытұлынша айтсақ «жан жүйесіне» терең бойлағандықтан, Отыз алтыншы сөзінде «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейді.
Осы орайда ақтөбелік ғалымдардың «Абайдың туындылары ел билеу мәселесінде халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір бола алады» деген көзімізге түскен тұжырымы толықтырып, ширатуды әрі нақты ұсыныстар қалыбына салуды қажет ететіндей.
Абай – реалист, қазіргі тілмен айтсақ, реалполитик бағытын (немісше realpolitik) жақтаушы. Ұлы ойшылдың бірқатар шығармаларында қылаң беретін бұл идея атақты неміс философы Фридрих Ницшенің ұлтшыл социализм жалауын көтерген «Also sprach Zarathustra» («Заратустра осылай деген еді») атты еңбегіне өзек болған. Бүгінде қоңсы қонған елдегі бұқара санасын әп-сәтте жаулап алған қарымташылық идеясын өткізу үшін қолға алынған «мылтықсыз майданның» өзегі – ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ғаламтордың арқасында бұл қарекетті жақтайтындар тіпті мұхиттың арғы жағында да жетіп артылады екен.
Енді «аяңдап өзімізге келсек», билік тарапынан болсын, азаматтық бірлестіктер тарапынан болсын қоғамдық санаға көңіл аударып, ел райын бағу сынды мемлекеттік басқару тетіктеріне көптен назар аударылмағандықтан, тот баса бастағанын байқаймыз. Қазіргі таңда шоу-бизнес жарнамасы бел алып тұр. Сондай-ақ ескі Қазақстанның ат құйрығын шорт кесіп, қош айтысатын сарқыншақтарының бірі – қазынаға қолды молынан сұғу психологиясы әлі күнге жадыдан өшкен жоқ. Бұл ретте желкілдеп өскен құрақтай жас буын бағзы Қазақстанның «ел шауып, жұртты талаған» «батыр бағландарына» әлі күнге дейін еліктейтінін, «тендер тарландарын» өнеге тұтатынын ескерсек, ақпараттық-насихаттық, идеологиялық-тәрбиелік жұмыстың, қасаң тілмен айтсақ қоғамдық-әлеуметтік маркетингтің, идеялар маркетингінің қаншалық маңызды екендігіне көз жеткіземіз.
Енді осы идеялар маркетингіне келейік. Экономикада промоушен (ағылшынша promotion – өткізу, ілгерілету, жылжыту) деген ұғым бар. Кез келген ой-пікірдің таралуы, бұйым мен тауардың қолдан-қолға өтуі үшін оны жақсылап жарнамалау керек. Бұл тілге тиек етіліп отырған жоғарыдағы мақалға тікелей қатысты. Айталық, «ата атымен өтетін сөз» қоғамдық-әлеуметтік маркетинг аясынан табылатындықтан әрі көпшілікке ұсынылатын идея болғандықтан қаймана жұрттың «жақсысысының да, жаманының да» көңілінен шыға білуі шарт. Биылғы жылдың осындай сөзіне, яғни идеясына Жошы ұлысының 800 жылдығын жатқызуға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осынау айтулы датаға құрмет көрсету еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деп атап өтті.
Ал бұдан бес жылдай бұрын, 2019 жылы Ұлытауда болғанда «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Ал ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын» деген еді.
Сөйтіп, Мемлекет басшысының бастамасымен «ата-бабалардың аманаты» іспетті осынау аса маңызды тарихи датаның «промоушені» классикалық маркетинг талаптарына сай басталып кетті. Бұл мысалды стратегиялық жоспарлаудың үлгісі ретінде оқулықтарға енгізуге де болады. Идея-ұсыныс сөйтіп, ел санасына ақпарат арналары арқылы біртіндеп сіңіріле бастады. Мұнымен қатар мектеп бағдарламасында Жошы ұлысы туралы айтылып, кесенесінің көрінісі берілгені, осы мағлұматтың ұстаз алдын көрген қаймана қазақтың жадында сақталғаны ақпараттық-насихаттық жұмысты жеңілдете түскендей. Сөйтіп, «Атаны да аласартпаудың, матаны да тоздырмаудың» (Олжас ағамызша айтсақ) тәсілі табылған сияқты.
Мемлекет басшысы басылымға берген сұхбатында «жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалардың, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруының» себептеріне тоқталып, алда тұрған міндеттерді саралап өтті. Мәселен, ескі Қазақстан тұсында жалпы жамиғатқа арналып, ортаға тасталған ұрандар мен үндеулерден кенде болған жоқпыз. «Жемқорлыққа жол жабық!», болмаса «Өндірісті өрге сүйрейік!» сынды жалынды жолдауларға жұртшылық әуелде елең еткенімен, сөз бен істің басы бірікпеген соң көңілдері пәс тартып, суи бастайтын. Ал ендігі бастамалардың жөні бөлек. Президент бұдан бір жыл бұрын Түркістанда болған Ұлттық құрылтайда «Жаңару жолындағы еліміздің құндылықтарын орнықтыру үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз» деп атап өтті. Бұл үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. «Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер».
Бұл ретте Мемлекет басшысы «ақпарат саясатының тиімділігін арттыру» қажеттігіне тоқталған еді. Ғылыми және педагогикалық, практикалық шығармашылық қызметім ақпараттық менеджмент пен маркетингке қатысты болғандықтан пікір білдіре кеткенді жөн санап отырмын. Меніңше, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастардың және экономикалық бағдарламалардың мән-маңызын жұртшылыққа жеткізу үшін ақпараттық саясат бойынша тендерлер өткізіп, тоқсандық болмаса жылдық медиа жоспар жасап, сақалды сипап отыруға болмайды. Аудиторияны зерттеп, танымдық-насихаттық жұмысты, экономикалық реформаларға көрсетілетін ақпараттық қолдауды халықтың кәсіптік, ұлттық сипаты мен жас ерекшелігіне, білім-білігіне орайластыра жүргізген жөн. Орталық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына және министрліктер мен әкімдіктердің, басқа да мекемелердің баспасөз қызметтеріне жөн көрсетіп, жоба сілтеу барысында Президенттің баспасөз қызметі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі осы үдеден шығып келе жатқанына күмән жоқ.
Шетелдердегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық байланыстар бір жағынан сыртқы саяси қарым-қатынастар аясынан табылатындықтан, Алматы қаласындағы «Қазақстан дипломаттары бірлестігі» аймақтық қоғамдық қауымдастығының мүшесі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына өзектес ойларымды да мүмкіндікті пайдаланып, ортаға салғым келеді. Жошы ұлысының құрылғанын мемлекеттік деңгейде атап өту ұстанымы тарихымыздың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қазіргі таңдағы әлемдік геосаяси және өркениеттік өрісте иеленер орнымызға жаңаша көзқарас қалыптастыруды талап ететіні ақиқат. Ұлық ұлыстан бастау алатын төл мемлекеттігіміздің керегесі Шығыс Еуропа өңірінде де керілгенін ғалымдарымыздың соңғы зерттеулері дәлелдеп отыр. Бұл тұжырым қазіргі Польша Республикасы, бұрынғы Речь Посполитаяға да тікелей қатысты. Ұлыс әскерлерінің алдыңғы шептерінде майдандасқан қазіргі қазақ ру-тайпаларының жауынгер сарбаздарының ат тұяғы жетіп, орныққан жерлерінде, атап айтқанда Польшада тұрақтап қалғандары, Жағалтай деп аталатын хандық құрғандары поляк-литван тарихынан мәлім. Бүгінде поляк үйсіндерінің, жалайырлары мен арғындарының, наймандары мен қоңыраттарының ұрпақтары әдебиет пен ғылымның, спорттың, саясат пен әскери істің әлемге әйгілі, танымал тұлғалары саналады. Сондай-ақ Польша архивтерінде Жошы ұлысының Еуропа мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынасына қатысты түрен түспеген, өз зерттеушісін тосып отырған құжаттары жеткілікті. Ал Мажарстандағы қыпшақтардың өткен ғасырдың басына дейін тілді ұмытпағанын саяхатшы Әліби Жангелдиннің жазғаны бар (кейбір жерлерде, мәселен Румынияда, әлі де сақталған). Торғай өңіріндегі мадиярлар мен мажар қыпшақтары арасында бүгінде берік байланыс орнаған.
Президентіміздің алға қойып отырған міндеті өткенге және бүгінгі болмысқа өзгеше, тың көзқараспен қарауды талап етеді, Еуропадағы және басқа өңірлердегі түбі бір туыстарымыздың қоныс аудару және орнығу тарихын ой елегінен өткізуге үндейді, түбегейлі этносаяси, этногенетикалық тұрғыдағы ізденістерге мұрындық болу қажеттігін атап көрсетеді. Осы орайда аталған мәселе жыл сайын өткізіліп келе жатқан Еуропа қазақтарының биылғы құрылтайының күн тәртібіне енгізіліп, отырыстары тілге тиек етілген тақырыпқа арналып жатса, құба-құп болар еді.
Жетпісбай Бекболатұлы,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор