Өткен жылдың соңында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты (директоры З.Қабылдинов) смағұлтануға үлес болып қосылатын үш жинақ шығарды. Олар: «Государственная, общественная и научно-педагогическая деятельность Смагула Садвокасова. Сборник документов», «Государственная, общественная и научно-педагогическая деятельность Смагула Садвокасова (на основе новых архивных и письменных источников)», «ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. Бұл жұмыстар Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен (АР 09261139 жобасы) әзірленді. Тақырыптың жүйеленіп, зерттеліп, жариялануында тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Отан тарихы» журналының бас редакторы, профессор Гүлнар Мұқанованың еңбегі зор. Сондай-ақ осы елеулі ғылыми жұмысқа атсалысқан ғалымдар: З.Қабылдинов, Д.Қамзабекұлы, З.Байжұманова, Ш.Бұлғауов, Д.Қасымова, С.Жұматай, С.Сүлеймен.
Жинақтарға енген материалдар архив материалдары Қазақстанның және шетелдің (Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы) мұрағаттарынан, ұлттық кітапханаларының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі қорынан алынды. Ұсынылған құжаттардан мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, әдебиеттанушы, жазушы, мәдениеттанушы Смағұл Садуақасұлының (1900-1933) қалыптасу, даму кезеңдері көрініс тапқан. Сондай-ақ осы қайраткердің ХХ ғасырдың 20-жылдардағы түрлі саяси, мәдени, әлеуметтік-экономикалық ізденіс пен текетірестегі ұстанымы, ой-пікірі жеткізілген. Алаш зиялыларының білік-тілік деңгейі мен большевизм тұсындағы алуан тағдыры С.Садуақасұлына қатысты деректер негізінде байыпталған.
Еңбектің алғысөзінде тарихшы Гүлнар Мұқанова: «Ауыр кезеңнің құжаттарына қарап, адам жаны қанқұйлы репрессия мен түрлі нақақ айыптаулардың құрыш машинасы алдында қандай нәзік, шетін болса, Отан, ел, адамшылыққа деген сенім, махаббат сынды киелі ұғымдардың алдында асқақ екенін байқадық», деп жазады.
«ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында С.Садуақасұлының өмірі мен қызметіндегі ақтаңдақтар жаңа әдіснама аясында зерттеліп, оның әріптестері мен замандастарының көпқырлы мұрасы да қарастырылған. Бұл жинақ жалғыз бір тұлғаға ғана арналмаған, ел тарихының күрделі кезеңін, тұлғалардың саяси портретін қамтыған.
Смағұлға арналған жинақтардың тағы бір ерекшелігін айта кеткен орынды. Ғалым Г.Мұқанова С.Садуақасұлының бұрын белгісіз болып келген бірнеше еңбегін ғылыми айналымға енгізіп отыр. Мысалы, «Марттың 18-і Париж комуны», «Өзгеріс һәм оқығандар», 1923 жыл календарындағы «Коммунистік партия манифесі», 1925 жылы «Учительская газета» басылымына шыққан сұхбаты, т.б.
Архив құжаттары ішінде С.Садуақасұлы қайтқаннан кейін отбасына «дербес зейнетақы» тағайындауды сұраған Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақовтың хаты, қайраткердің саясаттан шеттетілген кезеңінің бұйрық-шешімдері, осы тұлға қатысқан жиындардың стенограммасы, іргелі мақаларына байланысты түрлі көзқарас (жазбалар), 1930-1932 жылдары ОГПУ-НКВД сұрақ-жауаптарында Смағұлға байланысты деректер ғалымдар мен мамандарды селт еткізбей қоймайды.
Осы ғылыми жобаға қатысқан жас ғалым Самат Жұматай: «Ресей архивтері қорындағы материалдың көшірмесін арнайы рұқсатпен немесе қайраткер туысқандарының келісімімен ғана аласыз. Көрудің де өзі сондай. Осындай сәтте қолұшын берген Әлихан Бөкейханның шөбересі, заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы подполковник Петр Евгеньевич Бөкейхановқа алғысымыз шексіз. Өздеріңізге мәлім, Смағұл – Әлекеңнің күйеу баласы. Петр ағамыздың Мәскеуде тұрғанына қуанып кеттік. Міне, осындай тосын оқиға болды», деп еске алады. Ол осы және басқа да қызықты сәттер туралы таяуда Астана қаласындағы С.Садуақасұлы атындағы №78 мектеп-гиманзияда өткен кездесуде айтты.
Смағұлтануға қатысты жаңа зерттеулер, тың құжаттар ғалымдар мен білім жүйесі мамандары арасынан өз оқырманын табады деп есептейміз.
Сабыр ШӘРІП,
PhD