Жас кәсіпкер Әсем Тұрарованың күнделікті әдеті – таңертең ерте тұрып, қорасындағы 3 сиырын сауу. Алған сүтті бір күн айран қылып ұйытып, бір күн сүттей аулындағы дүкенге өткізеді. Осы кәсібімен жан бағып, бала-шағасын асырап отыр. Ол тұратын ауыл – Шымкент қаласының ең шеткі аймағындағы Көкбұлақ елді мекені. Шаһарға қарасты болса да, бұл жердің халқы әлі күнге дейін төрт түлік мал бағып, егін салады. Өйткені әр отбасының есік алдында үйіргелік жері, шағын бау-бақшасы бар. Халық малын ауыл маңындағы қоғамдық жайылымға өргізеді.
Әсемнің құдай қосқан қосағы осыдан бір жарым жыл бұрын денсаулығы кенеттен сыр беріп, көз жұмыпты. Артында қалған үш ұл, екі қызын жеткізу енді ананың иығына артылды. Үлкен қызы 5-сыныпта оқиды. Бүгінде тірлікке жарап қалған қыз анасының нағыз қолғанаты болған. Сүт кенжесі, ұлы екі жасқа енді толды. Қайғылы жағдайдан кейін ата-енесімен қайтадан бірге тұра бастаған. Күйеуі жеке «КамАЗ» көлігімен карьерден құм, шағал тас сатып отбасын баққан. Әсемнің негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда өзінің мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Күйеуі өзім бағамын, бала-шағаны қарап үйде отыр деген соң, ерінің айтқанын тыңдап ешқайда шықпаған. Бір күні Әсем жолдасына қолқа салады. «Үйде босқа отырғанша, бір кәсіппен айналысайын. Қазір мемлекет жас кәсіпкерлерге жақсы көмектесіп жатыр. Сол жәрдемді біз де алайық, Үкіметтің берген мүмкіндігін пайдаланып қалайық», дейді. Бұл ұсыныс еріне ұнап, әйелінің идеясын қолдай түседі. Екеуі ойлана келе атакәсіп – мал шаруашылығын таңдайды.
Бизнес-жоспар құрып, мал қора салып, 2022 жылдың қараша айында қалалық әкімдік ұйымдастырған гранттық конкурста жеңімпаз атанады. Шотқа 1 млн теңгеден астам қаражат түскен бойда күйеуі мал базардан 3 сиыр сатып әкеледі. Артылған ақшаға престелген шөп алған. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап Әсем сиыр сауып, кәсіпкерлік саласына алғашқы қадамын жасайды. Міне, содан бері Зеңгі баба төлі бұл отбасының табыс көзіне айналды.
Әсемнің майлы сүті мен айранына ауыл жұрты әбден үйреніп, оның рақатын дүкеншілер де көріп отыр. Сиырлары төлдеп, екі жыл ішінде ірі қара саны тоғызға жетті. Ұрғашымен бірге арасында еркек бұзаулар да бар. Оны Әсем алдағы уақытта бордақылап сатқысы келетінін айтты. Тек айран, сүт емес, жаздай құрт жасап та сатады. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, қолға тиген грант қаражатын мақсатына сай жұмсап жатқанын арнайы комиссия жылына 3–4 мәрте келіп тексеріп кетеді екен. Грантпен бастаған кәсібі бойынша келіншектің өзі де былтыр 4 рет есеп берген. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлік төлқұжатының негізінде тапқан табысына қарай мемлекетке салық төлеп тұрады.
«Алғашқыда іштей жүрексіну болғаны рас. Бастаған кәсібіміз болмай қалса не істейміз деп қорқа беретінмін. Істің көзін тапқан соң, қорқынышым сейілді. Түсінгенім, кәсіпкерлік саласында тәуекел мен батылдық керек екен. Қазір жемшөп қымбат. Сол үшін көп адам бұл кәсіпке бара бермейді. Сиыр сауып пайда тауып кеткенім, мүмкін, бала-шағаның несібесіне қарай болған шығар. Оның үстіне мал бағу төзімділік пен еңбекқорлықты да қажет етеді. Өзім ауылдық жердің қызы болғандықтан кішкентайымыздан малға қарап өстік. Сондықтан атакәсіпті жалғастыру мен үшін аса қиындық туғызбады. Әрине, айран-сүт сатып шекеміз шылқып кетпесе де, үстінен қалған пайда бала-шағаның тамағына жетіп, онша-мұнша шығындарды жауып отыр. Күйеуімнің ризашылығымен бастаған кәсібімді тастамай, әрі қарай дамытып, бизнесімді кеңейте түссем деп армандаймын», дейді Әсем.
Жуырда қаладағы «Көрме орталығында» грант қаражатына бір кәсіпті қолға алған азаматтардың өнімдерін насихаттау, таныстыру үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Сол іс-шараға Әсем де қатысты. Үлкен павильонға қаз-қатар жайғасқан шағын кәсіпкерлер өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Солардың ішінде кәсіпкер келіншектің тәтті айран-сүті мен құртын «Дони» компаниясының басшысы ерекше ұнатып, өзінің балмұздақ шығаратын зауытына қалаған мөлшерде шикізат алып тұру үшін Әсеммен арнайы меморандумға отырды. Осылайша, қайсар кәсіпкер кәсібіңе адал болсаң, еңбекқорлық танытсаң, түбінде әйтеуір мақсатыңа жетесің деген қағиданы көпшілікке тағы бір мәрте дәлелдеді.
ШЫМКЕНТ