• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2024

Қитұрқы қайырымдылық

208 рет
көрсетілді

Осы күні өзгенің қайғысын өз пайдасына айналдырған алаяқтар мен сауаптан сыбаға дәметіп, жомарт жандардың арқасында қалтасын қалыңда­тып жатқандардың саны артты. Жетім мен жесірдің көз жасын сүртіп, кембағалдардың қажеттілігіне қарайласу – қайырлы іс.

Краудфандинг құрығы

Алайда қайырымдылықты қар­жы көзіне айналдырып, ауруға шалдық­қан адамдардың есебінен халықтан ақша тауып жүрген алаяқтар көп. Мәселен, аңғал халықтың арқасында астына су жаңа көлік, қаланың қақ ортасынан пәтер сатып алған астаналық келіншектің қулығына құрық бойламаған көрінеді. Ол өзінің ресми түрде ешбір жерде тіркелмеген «ауру» баласының еміне ақша жинаған. 360 мың пайдаланушы 4 жылда алаяқтың есепшотына 1,7 миллиард теңге қаржы аударған. Ең қызығы, алаяқ келіншектің өзі де, күйеуі де еш жерде жұмыс істемеген және кәсіпкер ретінде тіркелмеген.

«Краунфандингтің екі түрлі мо­де­лін қарастыруға болады. Қазір түрлі жобаларды қолдау мақсатында құрылған Астана қаласындағы Ха­лық­аралық қаржы орталығы бар. Сол жерде арнайы құрылған платформалар арқылы ақша жиналады. Олардың жұмысы заң аясында реттеледі. Ал коммерциялық емес, садақа, емге жинаудың арты алаяқ­тыққа ұласып кетті. Мысалы, жаңа айтып кеткен астаналық келіншек 4 жылда 1,7 млрд теңге қаражат жинаған. Баланың еміне қажет ақша 50 миллион теңге болған. Бірақ емге бар болғаны 6,4 млн теңгесін жұмсаған. Есесіне әлгі әйел Instagram парақшасын дамы­тып, күнделікті жарнамаға 150 мың теңге жұмсаса, желі жұмысын дамытуға 303 млн қаражат шығындаған. Жиналған қаражаттың 127 млн теңгесі қолма-қол банктен алынса, тауарлар мен қызметтер үшін 101, 5 млн теңге жаратады. Бұдан басқа Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер, өзіне жаңа «Тойо­та», күйеуіне «Лексус» көлігін сатып алған. Өзі 2014 жылдан бастап, күйеуі 2021 жылдан бері ресми еш жерде жұмыс істемеген. Аттарында кәсіпкерлік жоқ», дейді агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Шындығы сол, қазір әлеуметтік желі­де әншісі мен әртісі, жазылушысы көп блогерлер де қайырымдылық үшін халықтан қаражат жинауды әдетке айналдырды. Кейбір алаяқтар жағдайы жоқ отбасылар мен сырқат адамдарды жағалап, жағдайын жасап алған соң, қарасын көрсетпей кетеді.

Қайырымдылық қорына алданған­дардың бірі – Қуаныш Оспанов. Осыдан біраз жыл бұрын Қуаныштың туабітті сырқаты бар баласын сылтау­ратып «Шетелдік дәрігерге қаралу үшін ақша жинап берейік» деп іздеп келген адам өзін жаңадан құрылған қайырымдылық қорының мүшесі ретінде таныстырады. Баласының амандығы үшін «қайырымды» жанға ұлының фотосы мен есепшот нөмірін берген әке артынан жер сипап қалады. Әкесінің берген мәліметін желіде көрсетіп, жұрттан жылу жинап алған соң, алаяқтар ізім-ғайым жоғалған. Ал алматылық жалғызбасты әже Зияда Қалниязова шарасыздығын өз мақсаттарына пайдаланған талай «жомарт» жандар көлеңкесін көрсетпей кеткенін айтады. Олардың ойлағаны әжейдің жағдайы емес, қара бастарының қамы ғана.

Осыдан екі жыл бұрын жиырма екі жастағы Ақмола облысының тұрғыны ауру баласы барын айтып, әлеуметтік желіде көмек сұрайды. Абырой болғанда Щучинск тұрғыны өзі туралы жалған мәліметтер бергені дер кезінде анықталған. Көпке көз жасын көлдеткен әйелдің қулығы әшкереленіп, ешқандай баласы жоқтығы белгілі болады.

Мұндай мысалдарды тізбелей берсек, қайырымдылықтың айналасында түрлі қитұрқылықтың барын байқаймыз. Себебі қолданыстағы заңда қайырымдылық жасаушыларға есеп беру міндеттелмейді. Пайыз алып, пайда көріп жатқандар да, ай­ла­сын асырып, табыстың кілтін тап­қандарға да жауапкершілік көздел­меген. Сондықтан кез келген адамның қайырымдылық жасауына кедергі жоқ. Ал сауапты іске деп қор ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайда­ланғандардан есеп алудың бірыңғай үлгісі көрсетілмегендіктен, аңқау елдің арамза молдалары мұқтаж жан­дардың материалдық және қар­жы­лық жағдайын қажетіне пайдаланып, сауапты істен үлесін алып, енді біреулері жиналған ақшамен жағ­дайын жасап жатыр.

Десе де, «қайырымдылық істесең, қайырымын өзің аласың» дейтін жаны жомарт адамдар да көбейіп келеді. Бүгінде ел басына күн туа қалса да, Үкіметтен бұрын үйдегі затын тасып, көмекке мұқтаж адам­дардың қамына қабырғасы қайы­сатын адамдар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатады. Жетім мен жесір­дің жағдайына қарай­ласып, қайырым­дылыққа деп қалта­сындағы соңғы тиы­нын беруге асығатын адал жүректі адамдардың барын айтпай кетуге болмас. Бірақ осындай жомарт жандардың жинап берген жылуының барлығы бірдей мұқтаждарға жетпейді.

Жақында ғана Қаржылық мониторинг агенттігінің кеңейтілген отырысында осындай 660 мыңнан аса адам жалған көмек сұраушы краудфандингке 6 млрд теңге көлемінде ақша аударғаны белгілі болды. Агенттік басшысы Дмитрий Малаховтың айтуын­ша, күмәнді мақсаттарға ақ­ша жинауға 138 банктік карта тар­тыл­ған. Ал 660 мыңнан аса адамнан жиналған қаржы сомасы 6 млрд тең­гені құраған. Соның 33%-ында (2 млрд теңге) алаяқтық белгісі бар. Анықталғандай, олар көптен жинағанды өздерінің бас пайдасына жаратқан. Мәселен, ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шы­ғын­дарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтер­лерді жалға алуға жұмсапты. Агент­тік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, әлеу­меттік желілерде ұжымдық қара­жат жинау және оларды одан әрі мақсатсыз пайдаланудың қаупі жоға­­ры. Сондықтан желіде жұрттың жүре­гін елжірететін фотосуреттерді салып, «ем» және «жағдайы төмен адам­дарға көмек көрсету» үшін қайы­рым­дылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзе­ге асырып жатыр.

 

Табысын жасырып әлек

Кейінгі бес жылда краунфандинг ұғымы біздің қоғамға да таныс бола бастады. Бұл термин – өркениетті елдерде әлдеқашан енгізіліп, «енші­сін» алған жүйелі жұмыс. Мәселен, Еуропа мемлекеттерінде, қайырлы істі дәстүрге айналдырған Түркия секілді елдерде жылу немесе қайы­­рым­дылық қоры ретінде дамып, тиім­ділігін көрсетіп жатыр. Жағдайы төмен адамдарға деп беретін қара­жатын халық ресми тіркелген қайы­рымдылық қорлардың ортақ плат­формасындағы көрсетілетін есеп­шотқа аударады. Платформада халық­тың әр тиыны есептеліп, қандай мақ­сат­та жұмсалатыны ашық көрсетіледі.

Біздегі жағдайға келсек, краун­фандингтің өзінен көлеңкелі бизнес жасайтын кәсіпкерлер де кездеседі. Заңның әлсіз тұсын тиімді пайдаланатын алаяқтар көптің көмек ретінде ұсынғанын табыстың көзіне айналдырып жатса, бірі әлгі айтқандай, сауаптан түскен ақшадан сыбағасын алып жатыр. Үшіншілері тіпті кәсіптен түскен қаржыны салықтан құтқару үшін қайырымдылық қорын құрып, бұл болмаса, қордың басшыларымен ауыз жаласып, табысын қорғап әлек.

«Алаяқ.нет» жобасының жетек­шісі, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков: «Қор жұмысын жетілдіріп, жауап­кершілікті арттырмаса, жарлының арқасында жанын бағатын «жомарт» адамдардың санын азайту қиын», дейді. Заңгердің айтуынша, елде желідегі жекеленген «жомарт» жандардың өзі түгілі, қордың өзіне мемлекеттік аудит жүргізілмейді. Қорға түскен қаражат салықпен алынбайды, ешқандай аудит жүргізілмейді. Жауапкершілік болмаған соң, қайы­­рым­дылықты кәсіптің көзіне айнал­­ды­рып жатқандар көбейді. Бұл ғана емес, әлеуметтік желіде «қинал­ған­ның қарызын жабамыз» деп ұранда­тып, ақша жинайтындар бар. Айтылғанда әдемі естілгенімен, бұл – экономикалық жағынан мүмкін емес дүние.

«Бізге де адамдардан әртүрлі ш­а­ғым­ келіп түседі. «Мың теңге жіберіп, үй ұтып ал» деген секілді дүниенің барлығы – жұртты алдап, ақша табудың бір түрі. «Сәтті жұлдыз» деген лоторея билеті бар. Соның өзі күмән тудырады. Тиісті органдар «қайырымдылыққа жұмсаған қа­ражаттың есебін беру керек» деп жатыр. Бірақ жеке блогердің же­ке шотына жиналған қаржы аудары­мының өзі мыңдап саналады. Оның барлығының есебін беру, дәлел кел­ті­ру қиын. Оның үстіне жеке шот болғандықтан, ондағы қаражатты жеке бағытта қолдануға тосқауыл жоқ. Сондықтан қайырымдылықпен айналысамын дейтіннің барлығы ресми түрде қор ашқаны дұрыс. Бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Әділет министрлігіне тіркеліп, екінші деңгейлі банктен есепшот ашуы керек. Сосын жиналған қаражаттан пайыздық үлесін алатын блогерлерге құзырлы органдар ештеңе дей алмайды. Мәселен, бізде қайырымдылық жасап жүрген қорлар да жиналған қаражаттың 30 пайызын өздері алады. Ресми түрде тіркелген қорлар бұл ақ­шаны әкімшілік шығындарға, қызмет­керлердің айлығына төлейді. Ал жеке адамдар пайыздық үлестің есебін беруге міндетті емес», дейді заңгер.

Мәдениет және ақпарат министрлі­гінің мәліметінше, елімізде ресми түрде тіркелген мыңнан астам қайы­рымдылық ұйымы бар. Жағдайы төмен отбасылар мен жәрдемге мұқтаж жандарға қолұшын созатын қорларға мемлекет те барынша қолдау білдіріп келеді. Айталық, жиналған қаражат туралы толық есеп бергендерге аудит жүргізілмейді. Сондай-ақ қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар және меценаттарға салық жеңілдіктері жүреді. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Өкінішке қарай, қайырымдылық үшін берілетін жеңілдіктің өзінен пайда көретін қалталы адамдар да жоқ емес. Мысалы, қайырымдылыққа бөлінген қаражатынан салық ұсталмайтынын білетін кейбір компания 3 млрд теңге тапса, оның бір миллиардын сауапты іске аударады делік. Демек бұл қаражаттан салық ұсталынбайды. Сол үшін кәсіпкерлердің арасында қайырымдылықты сылтауратып жеке қорларын ашып немесе басқалармен келісіп қаражатты аударады да, аудит жоқ екенін пайдаланып, артынша жинаған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алады.

Тиісті мемлекеттік мекемелер ақша жинайтын адамдарды тіркеуден өткізудің жаңа механизмін дайындап жатыр. Құжат қолданысқа еніп, тиімділігін көрсеткенше әлі талай уақыт бар. Сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсамайтын, пайыздан пайда көруді ғана ойлайтындарды опық жегізу үшін қайтпек керек? Бұл үшін қайырымды жандардың сауатын ашу маңызды. Сондықтан желіде кездескен кез келген жарнамаға сеніп, блогерлердің қалтасын қампай­тып, алаяқтарға алданбау үшін қайырым­дылық қорын жеті рет тексеру артық етпейді. Ал «жомарт» деп санаған жекелеген адамдардың ісі күдік тудырса, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласу қажет. Сонда ғана мұқтаж жандарға қолұшын созар қайырымдылық та сауатты жүргізіліп, сауапты ісіңізге мұқтаж жандардың алғысын аларымыз хақ.