Премьер-министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Қостанай, Ақмола облыстарына барды.
Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апаратын жолдардың жағдайын зерделеп, халыққа көмек көрсететін еріктілер орталығына барды. Орталықтың ұйымдастырушысы Айбек Танабаев ауданға гуманитарлық көмектің әлі де келіп жатқанын айтты. Мұнда 3 күн ішінде 20 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық құралдар жеткізілді.
Жангелді ауданында Қанат Бозымбаев Көлқамыс ауылындағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен кездесті.
Ауданды әуеден бақылау барысында «Арқалық – Екідін» аудандық маңызы бар жолдағы апатты көпірге тексеру жүргізіліп, қала әкімі Екідін кентіндегі су тасқынынан қалыптасқан жағдай туралы баяндады.
Әрі қарай Қанат Бозымбаев политехникалық колледждің жатақхана ғимаратындағы құтқару пунктіне орналастырылған Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарымен кездесті.
Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.
Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол (1 көпір, 6 жол жамылғысы) бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.
Қарғын суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден астам қарғын су сорылып, 16 мыңнан астам қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді. Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 бірлік техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылған.
Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуге тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді», деп қорытындылады Штаб басшысының орынбасары.
Сонымен қатар вице-премьер Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Ақмола облысының су басу қаупі бар аймақтарын аралап көрді.
Премьер-министрдің орынбасары, Төтенше жағдайлар министрі және Ақмола облысының әкімі елорда маңындағы аудандардағы Нұра, Есіл өзендері бассейндеріндегі су ағынын тексерді. Су тасқынының екінші кезеңінің басталуына байланысты облыстағы жағдай тұрақты түрде күрделі деп бағаланып отыр.
Нұра, Есіл, Жабай және Колутон тәулік бойы өзендерінің су деңгейін бақылау үшін бекеттер құрылды. Мұз кептелістері қалыптасқан кезде оларды жою үшін жару жұмыстары жүргізіледі. Өңірге Астана қаласы әкімдігі мен елордалық ұйымдардың арнайы техникасы жіберіліп, ТЖМ және Азаматтық қорғаныс академиясының күштері қайта орналастырылды.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені Жібек Жолы ауылында белсенді түрде іске асырылып келеді. Елді мекенді қорғау үшін инертті материалы бар қапшықтар дайындалып, 2 300 метр қорғаныс үйіндісін нығайту және күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сапар Целиноград ауданы Р.Қошқарбаев ауылында орналасқан Нұра өзенінің гидропосттарын аралаумен жалғасты. Вице-премьерге еріген қарғын су қозғалысының жағдайы туралы баяндалды. Гидропостарда тәулік бойы бақылау жүргізіледі. 3 сәуірдегі жағдай бойынша өзендегі су деңгейінің төмендеуі байқалады.
Қосшы қаласының Тайтөбе ауылында ұзындығы 2 400 метр топырақ үйіндісі қорғанысын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Целиноград ауданындағы Қараөткел, Қаражар, Талапкер ауылдарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар тексерілді.
Штаб басшысының орынбасары облыс әкімі мен ТЖД басшысына елорда маңындағы өңірлерде су тасқынынан өту мәселесін жеке бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ қауіп-қатерді жоюға бағытталған бірқатар тапсырма берілді.
Ақмола облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 1 500-ге жуық адам мен 350 бірлік техника жұмылдырылды.